Мағжан Шамшадин, дзюдодан халықаралық Grand Frix турнирінің жеңімпазы:

Сыр бойында жапон спортының шоқтығы биік. Бір емес бірнеше спортшымыз дзюдодан ел намысын Олимпиада ойындарында қорғады. Жамал Бозова, Жанар Жанұзынова, Нұргүл Тағаева, Әділхан Қозыбаевтың ізін жалғаған Мағжан Шамшадин Загребте Grand Frix халықаралық турнирінде бақ сынады. Бір қызығы, соңғы кездері татамидың халықаралық тұғыры өңір спортшыларына бұйырмай жүрді. Бұл жолы Мағжан Шамшадин қызылордалықтарды жарқын жеңісімен қуантты. Жарыс аяқтала салысымен батыр ұлмен байланыс орнатып, жедел сұхбат ұйымдастырдық.

Мағжан, жеңіс құтты болсын! Халықаралық жарыстардың биік тұғыры Сыр балуандарына бағынбай жүргеніне біршама уақыт болды. Үзіліп қалған чемпиондықты қайта жалғағаныңа қуаныштымыз. Загребтегі аламан қалай өтті?


– Рақмет. Биыл халықаралық жарыстарда бағым жанып жатыр. Жыл басында Израильде гранд сламда үздік үштіктен көрініп, қола жүлдені еншілеген едім. 60 келі салмақтағы бәсеке дзюдода өте жоғары. Әлемдік бәсекелерді есептемегеннің өзінде ішкі біріншіліктің өзінде топ жару оңай шаруа емес. Бәсекелестің жоғары болғанының арқасында ысылып, оң нәтиже көрсетудеміз. Хорватиядағы байрақты бәсекеге әлемнің кіл үздіктері бақ сынауда. Барлығы жүлдегер болсам деген ниетпен келді. Париж олимпиадасының жолдамасына ұпайлар берілетін болғандықтан барлығы барын салды. Қорыта айтқанда, аламан тартысты өтті.


– 60 келі салмақ дәрежесінде әлемде мықты балуандар жетерлік. Жарыс барысында қай спортшымен сынға түскен қиын болды?


– 60 келіде 50-ге жуық татами шебері бақ сынады. Барлығы болмаса да көбісінің әдіс-тәсілдерін білемін. Өйткені біршамасымен әлемдік жарыстарда жолымыз түйісті. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Мынау осал, мынау мықты дей алмаймын. Барлығының дәрежесі бір. Біреуінде бағым жанса, біреуінде сәттілік жолдас болды деуге келеді. Алғашқы айналымда Куба балуаны Форте Валдивзоны вазаримен ұттым. Екінші айналымда АҚШ балуанын ұтып, үшінші айналымда Испания өкілі Бернабеу Риканы тізе бүктіріп, ұтып ширек финалға шықтым. Ширек финалда түркімен балуаны Хакберді Жумаевты вазаримен ұтып, жартылай финалда француздық Мерлин Максимені қосымша уақыттың 1 минут 31 секундында вазари әдісіне түсірдім. Енді финал үшін айқас кез келген жағдайда тартысты өтеді. Финалда әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері, Кореяның тәжірибелі балуаны Ким Вон Жинді жеңіп, Загребте жеңімпаз қатарынан көріндім. Осы дәрежеге жетуіме септігін тигізген жаттықтырушым Қален ағайға ерекше алғысымды жеткізгім келеді.


Загребтегі жарыс барысында өнер көрсеткен ел дзюдошыларына қандай баға бересіз?


– Жарыс болған соң біреуі жеңеді, біреуі жеңіледі. Тұтастай құрамның жүлде алуы спортта сирек кездеседі. Елдос Сметов биылдан бастап жаңа салмақта белдесіп көріп, үздік 7 спортшының қатарынан көрінді. 100 келіде бақ сынаған Нұрлыхан Шархан да сол жетістікті қайталады. Сондықтан жақсы деген баға беремін.


Мағжанның алдағы жоспарын білсек…


– Биылға біраз жоспарларым бар. Әуелі елге оралып, аздап тынығып алуды құп санаймын. Өйткені Загребке аттанарда біршама күш-жігерімізді сарқып алдық. 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойынына жолдама алсам деген ниетім бар. Ол үшін халықаралық додаларда сәтті өнер көрсетіп, ұпай қорын молайтуға тиіспін.


Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Париж Олимпиадасына дайындаймыз деп қалды. Жалпы өзіңізде Олимпиадаға қатысу үміті қаншалықты басым?


– Олимпиаданы көріп, ел қоржынына жүлде салу басты арманым. Құдай қаласа, 2024 жылы Париж татамиіне қатысуға еңбек етемін. Бастысы, жарақаттан аман болсақ болғаны.

Әңгімелескен Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!