Сағидулла Сыздықов, марафоншы:
Half Ironmanтриатлон сайысының әлемде беделі биік. 3 спорттың қосындысынан тұратын жарысқа – 44 жыл болса, елімізге келгеніне – 4 жыл. Айтулы бәсеке биыл елорда төрінде өтті. Оған әлемнің 60 елінен 2000 мыңнан аса атлет бақ сынап, тәуекелге бел буған. Жоғары дайындық пен физикалық күшті талап ететін күрделі марафонға жерлесеміз Сағидулла Сыздықов та қатысып, мықтылардың қатарына енді.
Сағидулла сайыстың талаптарын толығымен орындап, үзіліссіз 3 кезеңді артта қалдырған.
– Мәреге жеткен кезде өзімді үлкен шыңды бағындырғандай сезіндім. Себебі Half Ironman триатлон сайысына қатысып, соңына дейін шыдамдылық таныту екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десек артық айтқаным емес. Бұл сайысқа үзіліссіз 1 жыл дайындалдым. Жалпы триатлонмен айналысқаныма 6 жылға жуықтапты. Қоғамда мұндай қиын сайыстарға тек кәсіби спортшылар ғана қатысады деген стереотип қалыптасқан. Бұл – өте қате пікір. Өзім қарапайым офисте менеджер қызметін атқарамын. Сондықтан барлығының мүмкіндігі бір деп есептеймін. Егер кез келген адам биік мақсаттарды қойып, дайындық жүргізсе 1,9 км жүзіп, 21 км жүгіріп, 90 км велосипед айдауды бағындыра алады.
Қаншама шақырымды 8 сағатта орындап шығу кәсіпқой қатысушылар үшін қиындық тудырмапты.
– Нұр-Сұлтанда өткен марафонда ресейлік қатысушылар жоғары дайындықпен келгенін байқатты. Мысалы, Алекс Григорьев Ironman Kazakhstan 2022 сайысының жеңімпазы атанды. Ол үш кезеңде де мықты екенін байқатып, 8 сағат 13 минутта мәре сызығын кесті. 20 минуттан кейін Алекстың отандасы Антон Березняк келді. Ал үшінші болып қазақстандық марафоншы Алексей Вшивцев жетті. Оған тиесілі уақыт – 8 сағат 51 минут. Әдеттігідей рекорд жаңармады. Жалпы марафон рекорды неміс атлеті Ян Фроденоға тиесілі.Ол барлық кезеңді 7 сағат 41 минутта тәмамдаған. Өзім қалың топпен бірге мәреге жеттім. Мен үшін орын маңызды емес. Өйткені мұндай марафонның өзі адамға үлкен күш, жоғары талпыныс сыйлайды.
Half Ironman марафонына танымал тұлғалар да қызығушылық танытыпты.
– Марафонға 60 елден 2 мыңнан аса атлет қатысты. Арасынан қоғамға танымал тұлғаларды да кезіктіріп қалдым. Мысалы “Орда” тобының әншісі Дастан Оразбеков, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сапиев, кәсіби триатлоншы Екатерина Шатнаяны байқадым. Ал Қызылордадан белсенді жас Асқар Құрмашты кезіктірдім.
Марафонда қатысушыларды жігерлендіру үшін BI Group әлем чемпионатына 45 жолдаманы ойнатыпты.
– BI Group компаниясы – Ironman Kazakhstan марафонын бас ұйымдастырушысы. Әлемдік деңгейде өтетін болғандықтан мұндай бәсі биік компанияның араласқаны құптарлық іс. Марафон өте жоғары деңгейде өтті. Маған ұнағаны, компанияның үздік 45 атлетке Гаваидағы Калуа-Конеде өтетін әлем біріншілігіне жолдама сыйлағаны.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!