Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші, әлемнің 103-ракеткасы Михаил Кукушкин Алматыда алғаш рет өтіп жатқан ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады, деп хабарлайды KAZINFORM.

Іріктеу додасының 2-ракеткасы болып тіркелген М.Кукушкин дүниежүзілік рейтингіде 237-орында тұрған өзбекстандық Хумаюн Сұлтановтың мысын басты.

Қазақстандық теннисші 1 сағат 24 минутқа созылған матчта 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кукушкин 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Х.Сұлтанов 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді.

М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 195-ракеткасы, ресейлік Алибек Качмазовпен таласады. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.

Қазақстанның жас жұлдызы, 16 жастағы Әмір Омарханов әлемнің 170-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эвансқа жол берді – 4:6, 2:6. 

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 193-ракеткасы Денис Евсеев рейтингіде 208-сатыдағы ливандық Бенжамин Хассаннан айласын асыра алмады – 2:6, 4:6. 

Дүйсенбі күні негізгі жарыс ойындары да басталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!