KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 166-ракеткасы Михаил Кукушкин Индиан-Уэллс (АҚШ) мастерс турнирінде іріктеу жарысының финалына шықты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының жартылай финалында дүниежүзілік рейтингіде 602-орында тұрған 19 жастағы франциялық Тео Папамаламиспен ойнады.
Бірінші партияда Кукушкин 6:4 есебімен басым түсті.
Екіншісінде тай-брейкте франциялық спортшы есе қайырды — 7:6 (7:4).
Үшінші, шешуші сетте М.Кукушкин жеңісті жұлып алды — 7:5.
Үш сағат 28 минутқа созылған тартысты матчта Кукушкин 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Папамаламис 2 эйс, 3 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Михаил Кукушкин іріктеу сайысының финалында рейтингіде 394-сатыдағы италиялық Джулио Зеппиериді жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Жүлде қоры 19,3 млн АҚШ долларына бағаланған Индиан-Уэллс турнирі 5-16 наурыз аралығында өтеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!