фото: x.com/amerkel52

Италияның «Милан» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Александр Меркель жаңа клубы «Жеңіс» ФК-ның оқу-жаттығу жиынына келді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі AmanVIBE.kz-ке сілтеме жасап.

Дереккөздің мәліметінше, спортшы команда құрамында алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерген. Егер Меркель «Жеңістің» ойыншысы атанса, алдағы Қазақстан Премьер-лигасының маусымы ол үшін дебют маусым болмақ.

Александр Меркель туралы не белгілі?

Бұған дейін Меркель Қазақстан құрамасында ойнаған. Оның дебюті 2015 жылға тұспа-тұс келді – сол кезде ол Исландияға қарсы жолдастық матчте өнер көрсетті. Төрт жылдан кейін жартылай қорғаушыны құрамаға қайта шақырып, Еуро-2020 іріктеуіндегі Шотландия және Ресейге қарсы кездесулерге қосты. Алайда 2019 жылдың наурызынан бері құжат мәселесіне байланысты ойыншыға қайта шақырту түспеген.

Ойыншының ірі жетістігі – 2011 жылы «Милан» сапында А сериясының чемпионы атануы. Сол маусымда футболшы 13 матч өткізіп, 1 гол соғып, 1 нәтижелі пас берген.

Сондай-ақ, Меркель Нидерланд, Германия, Англия, Италия, Швейцария, Австрия, Сауд Арабиясы, Иран және Түркия клубтарында ойнаған. Александрдың соңғы клубы – БАӘ-нің «Легентус» командасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!