Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз халқына Жолдау жасады. Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде біз отбасымызбен бұл саяси жаңалықты үлкен ықыласпен тыңдап шықтық. Артынша талқылап та үлгірдік. Елімізде орын алғалы тұрған үлкен өзгерістер көңілімізден шықты.

Президентіміздің айтуы бойынша біз ескі құндылықтарымызды сақтай отырып, жаңа бастамаларға бет бұрамыз. Мақсатымыз ұлттық болмысымызды, қазақтың қазақ болып қалыптасуы жолында еңбегі ерең тұлғаларымызды құрметтей отырып, ата-бабамыз аңсаған, армандаған тәуелсіз, бейбіт ел болу.

Жолдауда қозғалған көп мәселенің ішінде халыққа ең жақын болғаны Қазақстанда облыс орталықтарын көбейтіп, әлеуетін көтеру, оларға қазақылықтың иісі аңқып тұратын атау беру мәселесі деп ойлаймын. Себебі, бұл бүгінгі күнге дейін халық аузында жүрген, көптің қалауы еді.

Сонымен бірге мемлекет басшысы қаңтар оқиғасынан кейін ел тұтастығы мен тұрақтылығының басты приоритет екендігі айқындалғанын және осы жайт қайталанбауы үшін барын салатынын, әрқашан да елмен бірге екендігін айтып, көңілімізге жылулық ұялатты. Біз де бұл жолда аянып қалмай, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында бар күш-жігерімізді қосамыз дегім келеді.

Мөлдір Жаңбырбай,

каратэ-додан Әлем чемпионы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!