Токио олимпиадасынының қола жүлдегері Софья Берульцева және Мөлдір Жаңбырбай Мәскеуде өткен Karate 1 Premier League жарысында алтын медаль алды.
Софья бірнеше жылдың ішінде +68 келінің лидеріне айналып үлгерді. Ол финалда ресейлік Вера Ковалеваны жеңді. Берульцева осымен төртінші рет Karate 1 Premier League жарыстарында алтын медаль иеленіп отыр. Ол осыған дейін Шанхай мен Мадрид (2019 жыл) және Стамбул (2021) премьер-лигасында жеңіске жеткен. Софья қарашада Дубайда өтетін әлем чемпионатына фаворит ретінде барады.
Мөлдір Жаңбырбай 50 келіде финалда австриялық Веттина Планкты жеңіп, Мәскеудегі жарыстың чемпионы атанды. Мөлдір биыл Лиссабон (Португалия) премьер-лигасында күміс медаль иеленген.
Ерлер арасында 60 келіде финалда қазақстандық Қайсар Алпысбай ресейлік Евгений Плахутиннен басым түсіп, Мәскеудегі премьер-лиганың алтынын алды. Алпысбай 2020 жылы Сантьяго (Чили) премьер-лигасында жеңімпаз атанған.
Ал Сабина Захарова (әйелдер арасында 55 келі) финалда ресейлік Анна Чернышевадан жеңіліп, екінші орын алды.
Karate 1 Premier League – WKF (Әлемдік каратэ федерациясы) ұйымдастыратын деңгейі жағынан әлем чемпионатынан кейінгі екінші жарыс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!