Қызылордалық Мөлдір Жаңбырбай каратэ-до спортынан Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Осылайша облыстан дүбірлі додада бақ сынайтын жерлестеріміздің саны үшеу болды.
Мөлдір Франция астанасы Париж қаласында өткен лицензиялық турнирде 55 келіде күміс жүлдегер атанды. Ол аталған жарыста барлығы сегіз жекпе-жек өткізіп, оның жетеуінде қарсыластарын қапы қалдырды. Финалда болгариялық спортшыға есе жіберіп алды. Дегенде, Токио Олимпиадасына қатысуға жолдама еншіледі. Жарыс ережесі бойынша үздік үштікке іліккен спортшылар айтулы аламанның лицензиясына қол жеткізеді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын мұндай мәртебеге біздің облыстан боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен еркін күрестен Дәулет Ниязбеков ие болған еді.
Токио Олимпиадасы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өткізіледі. Оған жұмыр жердің 205 елінен 12,5 мың спортшы қатысады деп күтілуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!