Фото: azerbaycan24.com
Ағылшындық «Ливерпуль» футбол командасының шабуылшысы Мохамед Салах «Пари Сен-Жерменге» ауысса әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшы атануы мүмкін. Бұл туралы Azerbaycan 24 хабарлады.
El Nacional басылымының хабарлауынша, Насер Әл-Хелайфи мысырлықты Лига 1-дің жаңа жұлдызына айналдырғысы келеді.
ПСЖ президенті Салахқа келісімшартының бір бөлігі ретінде маусымына 40 миллион еуро ұсына алады, бұл оны әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшылардың қатарына қосады.
«Салахқа Сауд Арабиясы чемпионатынан да бірнеше ұсыныс түсті. Ондағы бірнеше клуб оған қомақты сома ұсынуға дайын. Алайда мысырлық шабуылшы Еуропада ойнағысы келеді», – деп хабарлады басылым.
Айта кетейік, 32 жастағы шабуылшы осы маусымда Ағылшын Премьер-лигасында 12 ойынға қатысып, 10 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген. Салахтың мерсисайдтық клубпен келісімшарты 2025 жылдың жазында аяқталады.
Бұған дейін 2034 жылғы әлем чемпионатының финалы Эр-Риядта өтетінін хабарлаған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!