Фото: instagram/bulbul_murat4
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен «Бөртэ Чоно» марапаттау салтанатында 2024 жылдың үздік спортшылары анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Моңғолия ұлттық ақпарат агенттігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жыл қорытындысы бойынша, Моңғолияның 3х3 баскетбол құрамасы ең үздік деп танылған. Бұл команданың ішінде қазақ қызы, жартылай қорғаушы Бұлбұл Мұрат та бар.
Бұлбұл Мұратқызы – спорт саласында Моңғолия қазақ қыздары арасында әлемдік деңгейде танылған алғашқы ару. Ол Моңғолияның Налайх қаласының тумасы. Қазіргі таңда «Хасын Хүлэгүүд» (Қасқырлар командасы – авт.) клубымен Моңғолияның ішкі біріншілігінде ойнап, екі рет чемпион атанған.
Бұлбұл 2018 жылы Джакартада өткен Азия чемпионатында қола медальға қол жеткізіп, 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарда күміс медальды жеңіп алған. Қазақ қызы жылдың үздігі атанған соң «Бірінші бол» сайтының тілшісіне өз әсерімен бөлісті.
«Жылдың үздігі марапатын алғаныма өте қуаныштымын. Баскетбол – бірлікті талап ететін ойын. Мен жеті жасымнан бастап бұл спортпен айналыстым. 3х3 командасында 2024 жылдың мамыр айынан бастап ойнап келемін. Болашақта Қазақстанға қыдырып баруды ойлап жүрмін. Бірақ түбегейлі көшіп бару ойымда жоқ. Қазіргі таңда Ұлан-Баторда анаммен және қызыммен бірге тұрамын», – деді ол.
Айта кетейік, Моңғолияның 3х3 баскетбол құрамасы 2024 жылы Азия чемпионатында қола медаль, FIBA 3×3 Women’s Series Ұлан-Батор турнирінде 1-орын, FIBA 3×3 Women’s Series Chengdu турнирінде үздік бестіктен көрінген, ал FIBA 3×3 Women’s Series Wuhan турнирінде үздік үштікті түйіндеген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!