Елге қонақ келсе, «қайда апарамыз?» деген ой келеді. Қарап тұрсақ, қалада бой сергітер жер аз. Мезгіл талғамайтыны тек «Мұз айдыны» спорт кешені ғана. Қысы-жазы тұрғындарға қызмет көрсететін нысанда бір мезетте 50-ге жуық адам сырғанақ тебе алады. Ал, оның бағасы қалтаға қонымды ма, сервис сын көтере ме?
Бұл сауалдардың жауабын «Мұз айдыны» спорт кешені директорының спорт жөніндегі орынбасары Ерғали Шомышбаев тарқатты. Сала маманы мұзда сырғанаудың өзіндік ерекшелігін айтты. Мәселен, мамандар қалың қымтанбауға шақырады. Адам мұзда өзін еркін сезіну үшін ыңғайлы, жеңіл киім кигені дұрыс. Сіз бірінші рет келген болсаңыз, шетте жүрген абзал. Бұл – алғашқы сақтық шаралары. Сондай-ақ коньки кигенде оның бауын міндетті түрде мықтап байлау керек.
«Келушілердің көбі коньки тепкенде шалқайып жүреді. Бірақ қауіпсіздік үшін алға қарай еңкейген дұрыс. Оның үстіне денені бос ұстау керек. Маңыздысы – өзіңді еркін сезіну. «Құлап қаламын-ау» деген қорқынышты жеңген дұрыс. Коньки тебуге бірінші рет келіп тұрған адамның көбі ортаға шығып кетуге құмартады. Бірақ қалыптасқанша аренаның шетінде жүру керек. Біз халыққа қызмет көрсетуді бастағалы бері ауыр жарақат алып, аурханаға түскен жағдай кездескен емес. Қауіпсіздік басты орында. Коньки теуіп үйренудің белгілі бір уақыты жоқ. Десе де ол адамның ынтасына, қызығушылығына байланысты. Адам өзі қалаған нәрсені бірден меңгеріп кетеді ғой. Бізге коньки тебуге келгендердің арасында бауын дұрыс байламай тебе беретіндер бар. Өзімде сондай жағдай кездескен. Сұрасам, еңкейіп байлай алмадым дейді. Инструкторлар не үшін байлап бермейді деген сұрақ қояды. Өзіңіз ойлаңызшы, берілген бір сағат уақытта олар 50 адамның бауын байлап отырса, негізгі қызметі қайда қалады?», – дейді Ерғали Анетұлы.
Бағаға тоқталсақ, бір сағатқа үлкендерге өз конькиімен 800 теңге болса, конькисіз 1000 теңгемен кіруіне рұқсат. Балаларға конькиімен 600, конькисіз 800 теңге. Бір айлық абонементте 10 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұл былтырғы баға, десе де келер жылы да баға тұрақты болады.
– Бағаны өзгерте алмаймыз. Себебі бұл тұрғындардың қалтасына салмақ салады. Тұрақты клиенттерден де айырылып қалуымыз мүмкін. Келушілердің 80 пайызы – студенттер. 12 жасқа дейінгі баланың жалғыз өзін кіргізе алмаймыз. Олардың жарақат алмауына кепілдік жоқ. Сондықтан ата-анасымен немесе жақындарымен бірге кіруге міндетті.
Жаппай сырғанауға қатысты екі жаттықтырушы (инструктор) бар. Олар ауысым бойынша жұмыс істейді. Жақында жаңадан 50 коньки алынды. Жалпы 250-ге жуық коньки бар. Кешкі сағат 19-22 уақыт аралығында үш сеанс бөлінген. Ал сенбі күні түскі 2-ден бастап, демалыс күні түскі 11-ден бастап қызмет көрсетіледі, – дейді ол.
2013 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан «Мұз айдынындағы» жұмыс қарбалас. Мұнда мұз қатырудың өзі машақат. Оның температурасын бірқалыпты ұстау үшін бірнеше адам біраз уақыт сарпиды…
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!