Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатын қорытындылады, – деп хабарлайды KAZINFORM.

– Биыл құрлықтық дода аса тартысты өтті деуге негіз бар. Оған барлығы 21 мемелкеттің өкілдері келді. Ерлер арасында 115 былғары қолғап шебері жүлдені сарапқа салды. Шәкірттерім 8 медальмен жалпыкомандалық есепте көш басына шықты. Олардың арасынан Сабыржан Аққалықовты үздік деп бағалар едім. Ол шаршы алаңда өзін жақсы қырынан көрсетті. Әрине, қателіктерге жол берілді. Ендігі кезекте сол бағытта бәрін саралаймыз. Алдағы Азия ойындары жақындап келеді. Ендігі кезекте соған дайындаламыз. Онда боксшылар барлығы 6 салмақта сынға түседі. Федерация басшылығы және бапкерлер штабымен ақылдаса отырып, нақы құрамды анықтаймыз, – деді Нұржан Насанов.

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өткен құрлықтық додада еліміздің ерлер құрамасы 4 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль алды. Атап айтар болсақ, Азия чемпионатында Оразбек Асылқұлов (60 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) жеңіс тұғырына көтерілсе, Төрехан Сабырхан (70 келі) күміс, Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) үздік үштікті түйіндеді.

Ал еліміздің әйелдер құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен қорытындылап, жалпы есепте 2-орынға тұрақтады. Көш басында тұрған Үндістанның 4 алтын, 2 күміс, 4 қола медалі бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!