KAZINFORM — Таиланд астанасы Бангкок қаласында нысана көздеуден өтіп жатқан Азия кубогында ел қоржынына кезекті алтын медаль түсті.

Нақтырақ айтсақ, бүгін аталған додада Қазақстан әйелдер құрамасы винтовкамен 50 метрден жатып нысана көздеуде жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Аталған сында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Александра Ле және Арина Алтухова, Елизавета Безрукова ел намысын қорғаған болатын.

Отандастарымыз 1849.8 ұпаймен күміс жүлдегер Жапониядан 1,5 балл көп жинады. Ал үздік үштікке Оңтүстік Корея командасы қол жеткізді.

Осы жаттығудың жекелей сынында Арина Алтухова 618.2 ұпаймен 4-ші, Елизавета Безрукова 5-сатыдан көрінді. Ал Александра Ле 10-орынға табан тіреді. Енді ертең әйелдер 3 позицияда нысана көздеуден жүлдеге таласады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!