Еліміздегі грек-рим күресінен алғашқы алтынды қанжығасына байлаған тұңғыш қазақ балуаны Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына – 75 жыл. Ел намысын асқақтатқан күш иесі – Жамбыл облысының тумасы. Ол Байзақ ауданына қарасты Тегістік ауылында, берекелі де тәрбиесі терең отбасында өмірге келген. Әулетінде көптен күткен ұл болып, әке-шешесінің махаббатына, әжесінің мейіріміне бөленіп өседі. Бала күннен-ақ үлкенге құрмет, кішіге ізет танытып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп ер жетеді.

Спортшы өзінің «ҚазАқпарат» сайтына берген сұқбатында балуан болуды, Олимпиада жүлдегері атануды мүлдем ойламағанын айтады. Ол 1968 жылы Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. Барлығы сол институт қабырғасында басталады. Оқып жүріп күрес үйірмесіне жазылып, сол жерде өз салмағында республика чемпионы атанды. Міне, дәл осы жерден күрескер спорттағы даңқты мансабын бастады. Күрес жолында румыниялық балуан Константин Александрумен қарсыласып, 1980 жылы 22 шілдеде Олимпиада медалін жеңіп алды.

«Күрес басталар алдында мінберге көз салдым. Маған ол жерде он мың қазақ отырғандай көрінді. Сол сәтте халықтың қолдауын сезініп, бойыма қуат құйылғандай шабыт алдым» – деп Мәскеу төрінде болған Олимпиада ойынындағы ішкі толғанысын жеткізеді.

Бұл жеңіс – тұтас қазақ жұртының аңсап күткен жеңісі. Қазақ балуандарының ортасынан бірінші болып Олимпиада кілеміне шығып тұр. Қанша уақыт алтынды аңсаған бүтін бір елдің аманатын арқалау оңай ма?! Дәл осы сұраққа Жақсылық Үшкемпіров «Бүгін не жеңем, не осы боз кілемде өлем!» – деп іштей ант бергенін кейін сұқбаттарында баяндайды.

Еңбек сіңірген спортшының құрметіне Сәуле Досжан «Біртуар» атты кітап жазды. «Жақсылық» атты кинофильм де көрерменге жол тартты. Жақсылық Үшкемпіровтің досы, әрі серігі, ақылшысы бола білген Шәміл Серіковті де тілге тиек етсек, ол – балуанның жеткен жетістіктеріне өз үлесін қоса білген жан. Қазақстаннан шыққан екінші грек-рим күресінен әлем және олимпиада чемпионы.

Жақсылық атамыз өз серігі жайлы былай дейді: «Қарсыластан жеңіліп келе жатқанымда тренерімнің де даусын естуге мүмкіндік болмады. Сол сәтте Шәмілдің даусын естідім. «Түйе құсап шайқа, түйе құсап шайқа» деген қазақша сөзден Шәмілдің даусын жазбай таныдым. Сонша айқайдың ішінен қазақтың дауысы құлағыма анық жетті. Шәміл хас талант қой, күресті сыртынан бақылап тұрып ең керек сәтте, ең керек кеңесті берді. Егер сол сөзі болмағанда, бәлкім менің Олимпиада чемпионы болмай қалуым да әбден мүмкін еді».

Жақсылық Үшкемпіровтің ғұмыры – жеңіс пен еңбекке, отаншылдық пен адамдыққа толы өнеге. Ел ауызға салып айтарлықтай қарапайымдылығы бүгінгі жастарға үлкен үлгі. Тек Олимпиада чемпионы емес, ұлт рухын көтерген дара тұлға. Мұндай азаматтар уақыт өткен сайын аңызға айналып, халық жадында мәңгі сақталары хақ.

Назым ЖӘНІБЕК,
№268 мектеп-лицейінің оқушысы
Жетекшісі: Базаркүл БАДАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!