Жапонияда өтетін Олимпада ойындарының басталар күні жақын. Шілденің 23-не Токио қаласында алауы жағалатын жаһандық жарыста елімізді спортшылары да бақ сынайды.

11 жолдаманы қоржынға салған балуандардың Олимп ойындарында олжа салатынына көпшілік сеніммен қарайды. Аталған жолдаманы тарқатып айтсақ, оның 5-еуі еркін күрес балуанының үлесінде. Бұл жерде басын ашып айта кететін жайт, жолдама балуанға емес, салмаққа беріледі. Осы салмақ бойынша Олимпиадаға кім барады оны лицензияға иелік еткен елдің өзі шешеді. 

Ендеше жоғарыдағы еркін күрес түрі бойынша 5 жолдама кімдерге бұйырады және олардан нендей нәтиже күтеміз? Аталған сұрақ төңірегінде сөз қозғасақ, қоржындағы бес жолдаманың бірі 57 кило салмақтың үлесінде. Оны әкелген – тегі тывалық, қазір Ақтөбенің намысын қорғап жүрген 1991 жылы туған Нұрислам Санаев. Нұрислам қазір толық бабында. Бұған дейінгі жетістігі: 2015 жылы әлем чемпионатында 5-інші орынға ие болып, Рио Олимпиадасына жолдама алғаны бар. Бірақ 1/8 финалда грузиялық балуан Владимир Хинчегашвилиден 4:3 есебімен ұтылды. Одан кейін жұбаныш белдесуінде үш дүркін әлем чемпионы әзербайжандық Хаджи Алиевтен 10:8 есебімен ұтылды. Алиев қола жүлдегер атанса, грузин балуаны Олимпиада чемпионы болды. Рио-2016 аяқталған соң Санаевтың жоғарыдағы екі белдесуін асықпай талдаған мамандар «қазақстандық балуан жеңілмепті» деген қорытынды шығарды. Өкінішті жағдай. Темірді қызған кезде соқпаған өзіміз кінәліміз. Салғырттығымыздың кесірінен баланың бағы байланды. Одан кейін 2018 жылы Мажарстанда өткен әлем чемпионатында осы салмақта Санаев күміс жүлдегер атанды. Финалда ресейлік балуан Заур Угуевтен ұтылды. Бұл да даулы белдесу ретінде тарихта қалды. Шын мәнінде Санаев жеңген еді.

Хош делік. 2019 жылы күрес түрлерінен Нұр-Сұлтан қаласында әлем чемпионаты өткені белгілі. Осы дүбірлі додада Санаев 57 кило салмақта белдесіп, қола жүлдемен қоса жолдаманы да жеңіп алды. Негізі Санаев Токио Олимпиадасынан медаль алатындай толық мүмкіндігі бар.

Бұл пікірді күрес мамандары да мақұлдап отыр. Жоқ дегенде қоланы қоржынға салуға қауқары жетеді.

Санаевтың басты қарсыласы 2018 және 2019 жылдары қатарынан екі дүркін әлем чемпионы атанған ресейлік Заур Угуев пен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері (2018 қола, 2019 күміс) түрік балуаны Сүлейман Атли. Санаев 2019 жылы елорда төрінде өткен әлем біріншілігінде осы түріктен жеңілген еді. Мұнан бөлек 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2020 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы үндістандық Рави Кумар да оңай қарсылас емес. Сол сияқты аталған салмақта жүлдеге ие болып жүрген – АҚШ, Иран, Моңғолия, Жапония балуандары да бар.

Келесі жолдама 65 кило салмақ дәрежесіне бұйырған екен. Оны ел қоржынына салған қызылордалық сақа балуан – Дәулет Ниязбеков. Бұл спортшының жасы да әудем жерге жетіп қалды. Отыздың үстінде. Бұған дейін қол жеткізген нәтижелеріне тоқталсақ, 2011 жылы Ыстанбұлда өткен әлем біріншілігінде 55 кило салмақта қола медальға ие болып, Лондон Олимпиадасына жолдама алған-тын. Оның сыртында 3 дүркін Азия чемпионы. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында 65 кило салмақ дәрежесінде белдесіп, күміс жүлдемен қоса Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Әзірге аталған салмақтағы жалғыз үміткер.

Қарсыластарына тоқталсақ, бұл салмақтың басты ф авориті – соңғы әлем чемпионы ресейлік Гаджмұрад Рашидов. Бұл жігіттің 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатының финалдық бәсекесінде Ниязбековті 11:0 есебімен ойсырата ұтқаны бар. Оның сыртында жапонның күшті балуаны Такуто Отогуро тұр. Ол – 2018 жылғы әлем чемпионы. Тағы бір мықты әзербайжан балуаны Хаджи Алиев. Ол – Олимпиаданың қола жүлдегері, 3 дүркін әлем және Еуропа чемпионы 57 килодан осы салмаққа (65 кило) ауысып келді. Сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегерлері мажарстандық Исмаил Мусукаев пен үндістандық Баджранг Пунияны естен шығаруға болмайды. Ашығын айтқанда, Ниязбековтің қарсыласы тым мықты.

Үшінші жолдама 74 кило салмаққа тиесілі. Бұл лицензияны 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем біріншілігінде қола жүлдеге ие болған шығысқазақстандық балуан Данияр Қайсанов. Даниярдың нәтижелеріне қарасақ, Азия ойындарының (2018, Джакарта) күміс жүлдегері, 2 дүркін (2019, 2020) Азия чемпионы. Бірақ бұл салмақта Қайсановтан басқа тағы бір үміткер бар. Ол жас балуан Нұрқожа Қайпанов. Нұрқожа 70 килода (олимпиадалық салмақ емес) әлем және Азия чемпионатының (2019), сонымен қатар дүниежүзілік әскерилер біріншілігінің күміс медаль иегері. 2019 жылдың соңында Қайпанов олимпиадалық салмақ – 74 килоға ауысып, Қайсановқа қарсылас атанып қоймай, биылғы ел біріншілігінде жеңіске жетті. Қайсанов жарақатына байланысты күрескен жоқ. Сондай-ақ жақында 74 кило салмақта Азия чемпионы атанып үлгерді. Қысқасы, алдағы күндері осы екі балуан Олимпиада жолдамасын сарапқа салары анық.

Қазіргі таңда аталған салмақ бойынша әлем мықтыларының көшін Ресей балуаны  Заурбек Сидаков бастап тұр. Оның екі дүркін әлем чемпионы (2019, 2020) деген атағы бар. Сондай-ақ дүние жүзі мойындаған АҚШ-тың атақты балуаны Лондон Олимпиадасының чемпионы, әлемнің 4 дүркін жеңімпазы Джордан Барроузды жуықта өз отандасы Кайл Дейк іріктеу кезінде жеңіп кетіп, жолдамадан айырды. К.Дейк бұған дейін 79 килода (олимпиадалық салмақ емес) өнер көрсетіп, екі дүркін әлем чемпионы (2018, 2019) атанған еді. Биылдан бастап салмағын 74-ке түсіріп, күресіп жүр. Бұлардан басқа, Италия атынан күресетін кубалық балуан Франк Чамизо да оңай қарсылас емес. Бұл жігіт 65 килода Рио Олимпиадасының қола жүлдегері және әлем чемпионы (2015, Лас-Вегас) атанса, 2017 жылы 70 килоға ауысып, тағы да әлем чемпионы болды. Қазір 74 килода өнер көрсетіп жүр. Осы салмақта екі дүркін Еуропа жеңімпазы атанып үлгерді.

Төртінші жолдама 97 кило салмақ дәрежесінде. Бұл лицензияны Ерғали Әлішер 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында 5 орын иеленіп қоржынға салды. Ерғалидың жетістігі – Азия біріншілігінің үш дүркін (2019, 2020, 2021) жүлдегері. Бұл салмақта атақты Абдулрашид Садулаев бар. Ол Рио Олимпиадасын 86 кило салмақ бойынша жеңіп алған. Әртүрлі салмақта төрт дүркін әлем чемпионы (Ташкент, 2014. Лас-Вегас, 2015, Будапешт, 2018. Нұр-Сұлтан, 2019) және Еуропаның 4 дүркін, Еуропа ойындарының 2 дүркін жеңімпазы. Яғни Олимп алтынынан басты үміткер. Бұдан басқа АҚШ балуаны Рио Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін (2015, 2017) жеңімпазы Кайл Снайдер, әзербайжандық Лондон олимпиадасының чемпионы, 2011 жылы Ыстанбұл қаласында өткен әлем біріншілігінің жеңімпазы Шариф Шарифов, Солтүстік Македония балуаны 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Магомедгаджи Нуров бар. Әлішер Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы өткен әлем чемпионатында қола үшін тайталаста осы Нуровтан жеңілді. Аталған салмақта жүлделі болу қиын. Бірақ бәрін кілемдегі белдесулер шешеді.

Соңғы 125 килоға берілген бесінші жолдаманы жуықта Алматы қаласында өткен Азия іріктеу турнирінде Юсуп Батырмырзаев қоржынға салды. 2020 жылғы Азия чемпионы. Сонымен қатар бұл салмақта Олег Болтин деген тағы бір балуанымыз бар. Ол жақында Алматыда өткен Азия чемпионатында топ жарды. Ендеше бұл жолдама үшін әлі де талас бар деген сөз. Аталған салмақ бойынша әлем мықтыларының басында түрік оғланы Таха Акгюль тұр. Таха Рио-2016-ның жеңімпазы және екі дүркін әлем чемпионы. Одан басқа Рио-2016-ның қола жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы грузин балуаны Гено Петриашвили бар. Әлем біріншіліктерінде жүлде алып жүрген Иран мен Ресей балуандары да осал емес. Анығын айтқанда, біздің жігіттер үшін бұл салмақтың бәсі тым жоғары болары анық.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!