5 жыл күткен Токиодағы төртжылдық аламан да аяқталды. Ел спортшылары бұрын соңды болмаған нәтиже көрсетті. Қазақстандық саңлақтар тұңғыш рет Олимпиадада алтынсыз һәм күміссіз қалды. 97 спортшының тек 8-і қоланы қанағат тұтып, командалық есепте 83-орыннан бір-ақ көріндік. Ел намысын қорғаған спортшылардың  сүреңсіз өнеріне көпшіктің көңілі күпті. Жалпы әлемдік аренадағы көрсеткіш жыл өткен сайын төмендей түсуде. Қаржылық жағдайы қомақты қазақ спортының аутсайдерге айналғанына не себеп? Тақырыпты тарқатып көрсек.

Дерек пен дәйек

1996 жылдан бері Олимпиада ойындарына қатысып келе жатқан ел құрамасының көрсеткіштеріне тоқталсақ.

1996 жыл. Атланта Олимпиадасы – 98 спортшы, 3 алтын, 4 күміс, 4 қола. 197 ел арасынан 24 орынға тұрақтады.

2000 жыл. Сидней Олимпиадасы – 126 спортшы, 3 алтын және 4 күміс алғандықтан, еліміз 199 мемлекет арасынан 22 орынға көтерілді.

2004 жыл. Афина Олимпиадасы – 117 спортшы, 1 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлдемен 201 елдің арасында 40 орынға ие болды.

2008 жыл. Бейжің Олимпиадасы – 132 спортшы, 2 алтын, 5 күміс, 6 қола  – 203 ел арасында 29-орынға табан тіреді. (Илья Ильинның алтынын қосқанда).

2012 жыл. Лондон Олимпиадасы – 114 спортшы, 7 «алтын» жеңіп алып, бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсеткен еді. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті тағы да допинг дауымен 4 спортшымызды медалінен айырды. 7 чемпионның үшеуі ғана өз көрсеткіштерін сақтап қалды. Сондай-ақ 1 күміс, 4 қола жүлдемен  12 орынға ие болған еді.

2016 жыл. Рио Олимпиадасы – 107 спортшы,  18 медаль (3 алтын, 5 күміс, 10 қола) 22 орын.

2020 жыл. Токио Олимпиадасы – 97 спортшы, 8 қола жүлде, 83 орын.

Жазғы Олимпиада ойындары аяқталысымен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан құрамасының бәсі биік бәсекедегі нәтижесіне баға беріп,  бүкпесіз ойын жеткізді.

– Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 97 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл – ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі. Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет. Алайда 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-ші орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек.

Спорт саласында біраз жылдар еңбек еткен Асылжан Жаманқұл ел спортының дамуы үшін жаңа реформалардың қажет екенін алға тартады.

– Олимпиададағы көрсеткіштен кейін Ел Президентінің пікірін күткеніміз рас. Қысқа да нұсқа баға берілді. Яғни баға қанағаттанарлықсыз. Яғни 2 деген баға қойылды. Жүлде алғаны бар, алмағаны бар спортшыларда кінә жоқ. Бірен-саран болмаса барлығы дерлік өздерінің бүгінгі шама шарқымен сайысты. Үлкен мәселе осы спортшыларды дайындауда. Спорт саласындағы заңдар, актілер қазіргі заман талабына сай келе бермейді. Көп актілер сол 2000 жылдары Дәулет Тұрлыханов басқарған кезден өзгеріссіз келеді. Бұрындары құқықтық нормативтерге байланысты пікірлерімізді министрге не агенттіктің төрағасына тікелей кездескенде айтуға мүмкіндік көп болатын. Сол кездегі басшылық “қандай мәселе бар, мына жағдайға қалай қарайсыңдар” деп пікір алмасатын. Қазір байқаймын, ондай мүмкіндіктер өте азайған. Иә, Токиодағы нәтиже спортқа деген көзқарасты өзгертуге алып келуі керек. Талантты спортшы мен жаттықтырушылар елде жеткілікті. Нәтиже беру үшін  қазіргі уақыт талабына сай келетін жағдай яғни заң нормативтері болу керек. Спортпен бірге заманауи спорт медицинасы қатар жүруі қажет. Жалпы спорттың дамуына кедергі келтіретін шектеулерге мониторинг жүргізіліп, оларды мүмкіндігінше азайту қажет. Бүгінде кедергілер жеткілікті. Жергілікті спорт федерациялары мен жеке спорт клубтары және жекелеген жаттықтырушылардың жұмыс істеу заңдылығын жетілдіріп, жеңілдетуі тиіс. Бұл шаруалар, яғни реформалар, Президентіміз атап өткендей, шұғыл әрі сапалы жасалуы қажет. Соңғы уақытта спорт саласы сапа емес, сан қуып кетті. Аулалардағы балалар ойын алаңын ешқандай стандарттарға сай келмейтін спорт нысаны деп статистикаға кіргізді. Бір жылда стандартқа сай емес отыз-қырық  ойын алаңдары салынса, соның бәрі спорт нысаны болып есепке енді. Мысалы, Қызылордаға ауа райына байланысты жабық спорт нысандарын салған тиімдірек. Жазда күн ыстықта  ойын алаңдарында ойнай алмайды. Қыста да солай. Жаз мезгілінде кешке күн батарда азғантай мүмкіндік бар. Қалған уақытта олардың бәрі бос. Мемлекеттік бағдарлама жасалып, әр аймақтың ерекшелігін есепке алып, спортты дамытуға жұмыс істейтін кәсіпкерлерді, жеке жаттықтырушылар мен клубтарды жеңілдетілген пайызбен не пайызсыз несиелер қаралуы қажет. Спорт ғимаратын салуға, спорттық инвинтар шығаруға әлгі несиелер пайдасын тиігізеді. Спорт саласын мемлекет бюджетінен қаржыландыруға болмайды. Спорт пен дене шынықтыру индустриясын дамыту жолында іс-шаралар қолға алынуға тиіс. Көптеген дамыған мемлекеттерде спорт саласын мемлекеттің қаржыландыруы өте минималды. Барлығы дерлік жеке клубтарда, қоғамдық ұйым спорт федерацияларында дайындалады. Мемлекет осы саланың дамуын құқықтық актілермен реттейді. Біздегідей арнайы спорт министрліктері, басқармалар, бөлімдер жоқ. Бізде кеңес кезінен сақталған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жүйесі бар. Осы мектептерге ерекше көңіл бөлінуі қажет. Үлкен спорттың, кәсіби спорттың негізгі фундаменті осы мектептер мен клубтарда. Президентіміз айтқандай, спорт саласы аса маңызды сала. Оны біресе ашып, біресе жауып, қысқартып, аласапыран қылса, реформа болмайды. Реформа жан-жақты кешенді түрде  жаттықтырушы мен маманның көзқарасымен санаса отырып жасалу керек. Тағы бір мәселе, қазіргі таңда аудандарда спортқа жауапты бөлімдерде бір-екі маман ғана жұмыс істейді. Әлгі екеуі  елу алпыс мың халыққа қалай қызмет көрсетеді. Енді сол мамандарды қысқартады деген ақпарат бар. Қысқарған соң бірнеше бөлімді қосады. Ал министрліктердегі штат саны сақталады. Тікелей спортшылармен тығыз жұмыс істейтін спорт маманы қысқарады да, қағазбастылықпен арпалысатын министрліктерде қызметкер саны артады. Мүлде келіспейтін жайт.

Белгілі файтер Қуат Найман да Олимпиада туралы Instagram парақшасы арқылы өз ойын ортаға салды. 

– Токио Олимпиадасы біздің мемлекетте спорттың төмен екенін көрсетті. Бұл масқара! Неге? Ешкім жұмыс істегісі келмейді. Барлығы қағаз жүзінде тез дайын болып, есеп беріп құтылсам деп қана ойлайды. Легионерлерді әкеледі, жергілікті спортшыларға төмен қарайды. Ескі жүйенің барлығын құрту керек. Кадрлық өзгерістер қажет. Жастарға мүмкіндік беру керек. Спорт министрлігін туризм мен мәдениеттен жеке бөліп алу керек. Қаржылық жағдайдың барлығын бақылауға алған дұрыс. Біз бүтін ел ретінде бүкіл әлемнің алдында масқара болдық. Көршілер бетімізге қарап ашық күледі. Бұған біздің ұлт ретінде дәрменсіз қарап отырудан басқа амалымыз жоқ.  Қай кезде жеке бастың пайдасы үшін емес, елдің игілігі үшін жұмыс істейді екенбіз, – деп жазды Қуат Найман Instagram парақшасында

Белгілі спорт сарапшысы Сейіл Қожатай елімізде Олимпиада ойындарына дайындық жүргізетін  спорт нысандары, тіпті кейбір спорт түрлеріне көңіл бөлінбейтінін жеткізді.

– Жалпы еліміз ең алдымен медальды көп сарапқа салатын спорт түрлеріне көңіл бөлмейді. Мысалы, Олимпиада ойындарында медаль көрсеткіші ең көп спорт түрі – жүзу. Бір спортшының өзі бір Олимпиададан 7 дүркін чемпион атануға болады. Бұл сөзіме Олимпиаданың 23 дүркін жеңімпазы Майкл Фелпс немесе Токиода 7 медаль еншілеген австралиялық Эмма Маккеон дәлел. Өңірлерді шолып шықсақ, жүзу спортына дайындық жүргізетін бассейндер жоқтың қасы. Бізде ең алдымен инфраструктураны қолға алып, стандартқа сәйкес спорттық нысандарды салу керек. Кешегі Олимпиадада өнер көрсеткен Баландинның жүлдесіз қалғанына біз ренжімеуіміз керек. Стандартқа сәйкес бассейні жоқ елден Олимпиадаға барудың өзі жетістік. Оның үстіне ол Рио Олимпиадасында алтын жүлдені қоржынға салды. Сонымен қатар көркем гимнастикаға да бокс секілді көңіл бөлу керек. Бұл спорт түрінде де жүлделер көп. 100-ге жуық спортшы қатысып, 7-8 медаль еншілегеннен гөрі бір спортшының 5-6 жүлдеге қол жеткізуін ойлаған ләзім.

Ал спорт комментаторы, журналист Есей Жеңісұлы бұл көрсеткіш өз деңгейіміз, оған бола қымсынудың қажеті жоқ екенін айтты.

– Бұл Олимпиада нәтижесі соншалықты сорлы ма? Менің ойымша, жаман емес. 8 медаль деген Қазақстанның бұған дейінгі нәтижесінен саны жағынан төмен емес. Ал сапасы жағынан, әрине, алтынымыз, күмісіміз жоқ. Сол үшін жер соғуға, аһ ұруға болады. Бірақ Токио Олимпиадасы біздің қазіргі спорттағы жағдайды түгел саралап берді. Бокстан басқа елдің өрендері жақсы өскенін көрдік. Ал біздің кері шегінгенімізді байқадық. Күрестен сол бір орында тапырақтап тұрғанымызды ұғындырды. Ешқандай прогресс жоқ. Жаңадан қосылған каратэ біздің абыройымызды аздап көтерді. Екі қола алдық. Егер каратэ келесі Олимпиада бағдарламасынан сызылып қалатын болса, біздің көзірлеріміз кемиді деген сөз. Ауыр атлетика дәстүрді сақтай алды. Бірақ төрешілердің бармақ бастылығы да болды. Сосын спортшыларымыздың негізгі қарсыластарынан бәрібір шеберлігі кем екені байқалып тұрды. Ауыр атлетикадан екі қола өте жақсы нәтиже.

Екі балуанымыз қола үшін күресіп, есесін қарсыласына жіберіп алды. Бұл бізде қалыптасып қалған, дәстүрге айналған десе де болады. 2012 жылғы Олимпидада бірқатар спортшыларымыз жеңілген болатын. Әйелдер күресінен үш спортшымыз барды. Үшеуі де алғашқы қарсыластарын жеңе алмады. Бұл – өте нашар нәтиже. Бұл спортта да кері кету бар деген сөз. “Сәкен Бибосыновтың жолын шалды деп жатқандар көп. Бірақ спорт шолушысы ретінде мен мынаны айтамын: бірінші раундта нокдаун алып қалған жігіт үшінші раундта бас көтермей соғуы керек еді. Ал біздің жігіт қарсыласын күтіп жүріп қалды. Төрешілер де ақымақ емес, соның бәрін көріп отыр. Сәкен қарсыласынан бір емес, екі балл жоғары болуы керек еді. Сондықтан бұл жерде төреші шешімімен келісемін. Қорыта келе, жұртты қараламас бұрын осы деңгей өзімізге лайық екенін мойындауымыз керек. Екіншіден, жұртты күндемеу керек. Қырғыз, түркімен, өзбек озып кетті деп, өзге ұлтпен салыстырудың қажеті шамалы. Өйткені осы уақытқа дейін олар біздің артымызда қалып келді. Өзбектің бізден озғаны екі-ақ Олимпиада. Оған дейінгі бес Олимпиадада біз оздық. Демек, олардың да оза шабатын кезі туды. Ал неге біз оны күндеуге тиіспіз. Күндейтіндей ол бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын халық емес, көршілес, туысқан халық. Сондықтан қуана білуіміз керек. Спортымыз бітті, сорладық, бір спортшыға бәленбай ақша бөлгенде, неге содан нәтиже болмады деген өтірік, кәсіби емес сөз деп есептеймін. Өйткені Олимпиадаға барған әрбір ел өз спортшысына белгілі бір дәрежеде ақша жұмсайды. Бірақ сол спортшының бәрі сол ақшаны ақтап жатқан жоқ. Сондықтан біз жұртты қызғануды қойып, балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше назар аударып, алдағы үш жылда кем-кетікті түзетуге тырысу керек. Бізге ешкім 8 қоланы қолымызға ұстатқан жоқ, үлкен еңбекпен келді. Меніңше, қымсынудың қажеті жоқ, осы нәтижеден қорытынды шығаруымыз керек.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!