Тоғызқұмалақ – логикалық ойын. Төзім мен ұшқыр ойды ұштастыратын ұлы ойынды кез келген адам әсте үйреніп кете қоймас. Алайда ойынның жілігін шағып, ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген жастар аз емес. Соның бірі – республикалық, облыстық байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген қызылордалық Ырыскелді Кенжебек.
Өзіңіз білетіндей, тоғызқұмалақ – шахмат, дойбы, нарды секілді ақыл-ойды талап ететін интеллектуалды ойын. Бұл ойынның нендей ерекшелігі бар?
– Тамыры терең тарих қойнауында жатқан ойын – ата-бабадан қалған асыл мұра. 4 ғасырға жуық уақыт бойы дәріптеліп келе жатқан құндылығы мол ойынның бүгінгі таңда жанкүйерлері аз емес. Тоғызқұмалақ ойыны математикамен тығыз байланысты. Оны ойнауымның басты ерекшелігі де осында. Адамның ойын жетілдіріп қана қоймай, тез шешім қабылдауға үйретеді. Жалпы тарихқа көз жүгіртсек, өте қызық жағдайда пайда болған. Бірі білсе, бірі білмес, алайда бұл ойын жазық далада пайда болды, шопандар қойдың кұмалағымен ойнап, тақтаның орнына жерді қазып ойлап тапқан. Философ, ақын Абай да тоғызқұмалақ шебері болған. Інісі Әрхам Ысқақовпен тоғызқұмалақ мектебінің іргетасын қалаған. Бұл ойынды дәріптеушілердің саны мұнымен тоқтап қалған жоқ. Жылдан жылға жаңғырып, заманға сай жаңашылданған тоғызқұмалақ ұрпақтардың дарынды, төзімді, зияткерлік қабілеттерінің мықты болуына сеп. Сол себепті мектеп қабырғасындағы әрбір бала бұл ойынды білсе, пайдасы зор.
– Тоғызқұмалақ ойынының ұлттық мәртебесі жоғары екенін білеміз. Дегенмен елден тыс аталған спорт түрінің дәрежесі көңіл қуантпайды. Тоғызқұмалақты әлемге әйгілі етіп, турнирлерді жиі өткізуге не кедергі? Бұл спорт түрінің қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?
– Ойын жаһандық деңгейде қанатын кең жайған. Республикалық та, халықаралық, тіпті әлемдік чемпионаттар өтуде. Бұл – қазақ халқының төл ойынын төрткүл дүниеге паш етуге айрықша мүмкіндік. Қазақстанда тоғызқұмалақпен айналысатындар саны 200 мыңнан астам, кәсіби түрде 10 мыңға жуық. Білім ошақтарында, сонымен қатар балаларды дамытуға арналған орталықтарда тоғызқұмалақ үйірмелері тоқтамай қызмет атқаруда. Жақында 14 облыс бақ сынаған чемпионатта облыс намысын қорғап, жүлделі II

орынды қанжығаладық. Дәл осындай додалар тартысты түрде дүниежүзілік деңгейде де өткізіліп, әлемдік спорт аренасында зияткерлік мұрамызды айшықтауда. Сөзіме қыркүйек айында Алматы қаласында өткен жастар арасындағы әлем кубогі, Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир, сондай-ақ тамыз айында Моңғолияның Ұланбатор жерінде өткен Азия чемпионаты дәлел.
– Соңғы жылдары тоғызқұмалақ ойынын мектеп пәндеріне енгізу қозғалып жүр…
– Бұл ойынды балалық шағымның нағыз бастау алған шағында, 5 жасымнан бері жаныма серік еткен едім. Ең алғаш рет жарысқа 7 жасымда қатыстым. Содан бері талай жыл өтсе де, әлі күнге дейін тоғызқұмалаққа деген сүйіспеншілігім кеміген емес. 12 жыл бойы ойынмен айналысқан соң қазір кәсіби түрде жетік меңгердім. Бұл ойынның ең күшті үлесі білім алуыма көп септігін тигізді. Жоғарыда атап өткендей, тоғызқұмалақ пен математика тығыз байланысты. Зияткерлік қабілеттерімді тоғызқұмалақ арқылы шыңдадым. Логикалық ойлау ерте жастан қалыптасып, болашақ мамандығымды таңдау барысында да өз рөлін ойнағанынын атап өткім келеді. Жалпы айтқым келетіні, мектеп оқып жүрген кезден бастап-ақ білім-ғылым, мәдениет және спорт бағытын меңгеріп, талмай еңбек ету қажет. Сол кезде шыңдарды бағындыруға болады.
Әр ойынның өз айла-тәсілі болатыны рас. Қарсыласты ұту үшін қандай ұяшықтан бастап жүрген дұрыс?
– Бәсекесіз сайыс болмайды. Әрине, әр ойынға қамданар алдында қарсыласымызды тыңғылықты зерттеп, айла-амалын білуге тырысамыз, сондай-ақ арнайы партия дайындап барамыз. Әрі қарай ойынның тағдыры тақта үстінде шешіледі. Дұрыс есептеп отырмасаң, бір түйір құмалақты қате жүру жеңістен алшақтатады. Менің әдісіме келсек, ойынды қазақтың қасиетті саны 7-ші отаудан бастаймын. Бұл отаудың атауы «қандықақпан», яғни ойын жүрісі өте көп. Кім мықты, кімнің ойы ұшқыр, кім мұқият – сол жеңіс тұғырынан көрінеді.
Сұхбатыңызға рахмет!


Әңгімелескен
Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!