Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Пара Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 41 медальмен командалық есепте 11-орынға тұрақтады. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып, 22 қазаннан 28 қазанға дейін жалғасқан байрақты бәсекеде 43 мемлекеттен 4 000-ға жуық спортшы 22 спорт түрінен бақ сынады.
Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметі хабарлағандай, жарысқа елімізден 131 спортшы барды. Олар дзюдо, жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, отырып ойнау волейболы, садақ ату, таэквондо, оқ ату, шахмат, бочча, каноэ, велоспорт және академиялық есу секілді 14 спорт түрінен бәйгеге түсті. Ел намысын қолдан бермеген спортшылар 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль олжалап, 3 Азия және 4 Азия пара ойындарының рекордын орнатты.
Атап айтар болсақ, Пара Азия ойындары алғаш рет 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында байрағын көтерді. Азия ойындарынан кейін ұйымдастырылатын параазиядаға Қазақстан ұлттық құрамасы сол жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен III Пара Азия ойындарында спортшыларымыз параазиада тарихында тұңғыш рет 33 медаль, 5 алтын, 15 күміс, 13 қола медаль жеңіп алды. Осы көрсеткіштің нәтижесінде құрама жалпыкомандалық есепте 13 орынды иеленген-ді. Қазірге дейін Қазақстан құрамасы 2014, 2018 жылдары тек пара жүзу спортында ғана алтын алған болатын.

Ел намысын қорғап, үмітті ақтап, жүлделі оралған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай ынталандыру сыйлықақы беріледі. Параазияда чемпионы атанған спортшыға мемлекет тарапынан 10 мың, күміс медаль иегеріне 5 мың, қола медаль иегеріне 3 мың доллар беріледі. Сонымен қатар алтын медаль иегерін жарысқа дайындағаны үшін оның жаттықтырушысына 5 мың, күміс жүлдегердің бапкеріне 3 мың және қола жүлдегердің жаттықтырушысына 2 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы тағайындалды. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын әуелетіп, халқымыздың мақтанышына айналған параспортшылардың ерік-жігеріне бас иіп, құрмет көрсету – заңдылық. Осы орайда пара велоспортта ел қоржынына олжа салған Парламент Мәжілісінің депутаты Сейтжан Кенжеғұлмен хабарласып, жеңісімен құттықтаған едік.
– Рақмет! Әрине, қуаныштымын. Халықаралық деңгейдегі жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Бұл – менің ғана жеңісім емес, менің пилотым мен жаттықтырушымның да жеңісі. Халықаралық деңгейдегі мұндай жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Жаттықтырушым Николай Виталиевич болмаса, жақсы нәтиже көрсете алмас едім, Антон Лаврентьев болмаса, бұл жарысқа мүлдем қатыса алмайтын едім. Осы кісілерге алғысым шексіз. Өткен жылдың қараша айынан бастап велокоманданың бас жаттықтырушысы Николай Зайцев мені ойынға дайындады. Николай Виталиевичтің еңбегінің арқасында өте жақсы нәтижеге жеттім деп есептеймін. Жаттықтырушымды жаттықтырушылар күнімен құттықтаймын. Қазақтың Туын желбіреттім, ендігі кезекте қазақтың Туы мен Әнұранын алғашқы орында асқақтатсам деген арманым бар, – деді Сейтжан Кенжеғұл.
Жалпы алғанда, Қазақстан ұлттық құрамасына жүлделер келесі спорт түрлерінен бұйырды:
Пара каноэде Бибарыс Спатай KL2 және VL3 санатында қос күмісті қанжығасына байласа, Жалғас Тайкенов KL3 санатында күміс жүлдегер атанды. Ал Жаңыл Балтабаева KL3 санаты, Максим Богатырев KL1 санаттары бойынша қола жүлдеге ие болды.
Пара пауэрлифтингте Давид Дегтярев Азия пара ойындарында алғашқы алтын медальді жеңіп алды. 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол 186 келіні бағындырып, Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Ал 41 келіде Тұрсынай Қабыл мен 73 келіде Раушан Қойшыбаева күміс медаль жеңіп алды. 45 келіде Гүлім Құрманбаева мен 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рахметжан Хамаев қола жүлдені қанжығасына байлады.
Пара дзюдо күресінде жерлестеріміз Ақмарал Науатбек (45 келі/ J2), Ерғали Шамей (73 келі/ J1) және Олжас Оразалыұлы (73 келі/ J2) алтын медальді жеңіп алды. Күміс жүлдеге Аслан Нұрдаулетов (73 келі/ J1), Жанбота Аманжол (-90 келі/ J2), Зарина Раифова (70 келі/ J2) және Ерлан Өтепов (+90 келі/ J2) ие болды. Ал Бауыржан Арстанбек (-90 келі/ J1), Даяна Федосова (52 келі/ J2), Динара Куджулова (70 келі/ J1), Ғалымжан Смағұлұлы (-90 келі/ J2), Ерлан Конкиев (+90 келі/ J2), Талғат Ажгалиев (+90 келі/ J2) және Ануар Сариев (60 келі/ J2) қола жүлдені еншіледі. Ұлттық құрама дзюдо күресінен командалық есепте екінші орынға жайғасты.
Пара жеңіл атлетикада қазақстандық Дастан Мұқашбеков ядро итеруден алтын медаль иегері атанды. Ол 15,74 м нәтижесімен Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Сондай-ақ осы санатта қазақтандық Иван Зелезняк 12,39 метр нәтижесімен қола медаль жеңіп алды, ал екінші орын БАӘ спортшысына бұйырды.
Пара жүзуден Нұрдәулет Жұмағали екі алтын жеңіп алды (100 м брасс және 200 метр комплекстік стиль). Оған қоса, 200 м комплекстік жүзуде Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Диас Кенжебек 100 м қашықтықты 1:05:42-де жүзіп өтіп, Азия және Азия пара ойындарының рекордын орнатып, ел қоржынына 7-інші алтын медальді қосты. Ал Нұрәлі Советқанов 100 метр брасста, Роман Потапов 100 метр шалқалап жүзуде және 4х50 метр аралас комплекстік эстафетада өнер көрсеткен Зульфия Габидуллина, Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева және Айсұлтан Кулкаев қола медаль жеңіп алды.
Пара таэквондода Нышан Өмірәлі (80 келі) мен Камиля Досмаилова (57 келі) күміс жүлдегер атанса, Мариям Сәлімгереева (65 келі), Нұрлан Донбаев (80 келі) пен Алишер Гариполлаев (+80 келі) қола жүлдегер атанды.
Шахматтан ерлер командасы қола медаль жеңіп алды. Жұптық команда сапында Әлімжан Аяпов пен Серік Солтанов өнер көрсетті.
Пара велоспортта Сейтжан Кенжеғұл мен оның пилоты Антон Лаврентьев қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ жекелей уақыт есебіндегі бәсекеде Сейтжан ел қоржынына тағы қола медаль салды.
Волейболды отырып ойнауда ұлттық құрама спортшылары күміс жүлдеге ие болды. Спортшылар жартылай финалда алаң қожайындары Қытай елінің командасын 3:2 есебімен жеңіп, финалдық кездесуде әлемнің және Азияның бірнеше дүркін чемпионы Иран мемлекетіне 3:0 есебімен есе жіберді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!