Фото: ҚР туризм және спорт министрлігі
Париж төріндегі XVII Жазғы Паралимпиада ойындары мәресіне жетті. Ел намысын қорғаған Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары дүбірлі додада рекорд орнатып, 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль иеленді. Осылайша төртжылдықты түйіндейтін бәсекеде еліміз 182 мемлекеттің арасында 39 орынға тұрақтады.
Пара ойындарға қазақ елінен қатысатын спортшылар саны 4 жыл сайын көбеюде. Мәселен, алғаш рет Атлантада өткен Паралимпиада ойындарына 12 спортшы аттанды. Сиднейде – екі, Афинада – сегіз, Пекинде – үш, Лондонда – жеті, Рио-де-Жанейрода – 11, Токиода – 26 және Парижде – 44 паратлетке сенім арттық.
Әу баста саңлақтар жазғы бәйгеде қатарынан бес мәрте жүлдесіз оралды. 2016 жылы Бразилияда өткен ойындарда асығымыз алшысынан түсіп, тұңғыш алтын жүлде қоржынға түсті. Тарихи жүлдені сыйлаған 100 метрге еркін жүзуден Зульфия Габидуллина болатын. Одан соң парапауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаеваға күміс жүлде бұйырды. Нәтижесінде жарысты 39 орынмен аяқтадық.
Риодағы бұл жетістіктер пара спортқа көптің мойнын бұрғызды. Қоғам спортқа деген шектеу жоқтығын, жетістікке жетуге болатынын түсінді. Міне, осылай жылдан жылға Паралимпиадаға қатысатын спортшылар саны күрт көбейді. Сөйтіп, Токиодағы бәсекеде 5 жүлде қоржынға салдық. Оның біреуі – алтын, 3 күміс және 1 қола. 54 келі салмақта парапауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын жүлде алды. Үш күміс жүлдені парадзюдошылар иеленді. Ал қола медаль 100 метрге брасс әдісімен жүзуден бұйырды.
Олар Токиода кеткен спортшылардың есесін қайтарды. Тастүйін дайындықпен келіп, жақсы нәтиже көрсетуге болатынына сендірді. Әрбір жеңістік артында толассыз күш пен ерік жігердің жатқанын дәлелдеді.
ДАВИДТІҢ ДЕҢГЕЙІ ТЫМ БИІКТЕ
Спорттағы мансабын 2015 жылы бастаған паратлет 9 жыл ішінде 2 мәрте олимп шығын бағындырып отыр. Давид Дегтярев – спортқа денсаулығын жақсартып, дене тұрқына өзгеріс жасау үшін келген. Оны залға Дмитрий Харанжук есімді досы әкелген. Ауыр атлеттерді дайындайтын білікті бапкер Ксенья Полукарова спортшының икемін байқап, оған нұсқау беріп, қатесін түзетіп жүреді. Кейіннен оны белгілі бапкер Юрий Колесниковпен таныстырады. Жаттықтырушы Давидті көрген соң оған кәсіби мансабын бастап, жарысқа қатысуға ұсыныс жасаған.
– Алғаш рет Көкшетау қаласында өткен облыстық турнирге қатысқаным есімнен кетпейді. Өйткені сондағы жүрек дүрсілі, толқыныс, өзіңді дүниенің бір бөлігі ретінде сезіну – бөлек құбылыс болатын. Содан бері еңбектің арқасында бірнеше жарыстарда жүлделі болып жүрдім. 2016 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарып, 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында күміс медаль алдым. Сол кезден бастап Токиода алтыннан алқа тағуды мақсат еттім, – дейді ол.
Бапкерімен бірге биікке жетуге ұмтылған Давид Токиода топ жарып, Жапония жұрты пара спортшының шеберлігіне қайран қалды. Осыдан-ақ Дегтярев атынан ат үркетін паратлет атанып шыға келеді. Сөйтіп, ел атынан екі мәрте олимп шыңын бағындырған тұңғыш пара спортшы атанды. Оның сабырлы болмысы әлі талай жүлде әкелетінін айқындап тұр. Бастысы, атаққа мастанбайды, қалай күресу керегін біледі. Тіпті, «Токиодан алған ақшалай қаржыны қалай жұмсарымды білмеймін» дегені бар.
АРМАНЫНАН АЙНЫМАҒАН АРУ
Әңгіме – парадзюдодан Париж олимпиадасын бағындырған Ақмарал Науатбек туралы. Татамиде кездескен қарсыластың барлығын таза жеңген спортшының есімі қазақ жұртына жақсы таныс. Ол параспортқа ауыспас бұрын, осы салмақта олимп шыңын бағындыруды көздеген. Алайда жарақатына байланысты көзінің көруі нашарлап, біршама уақыт дзюдодан алыстап кетті.
– Дәрігерлер спортты қоймасам көзімнен айырылатынымды айтты. Бірақ менің арманым – Олимпиада чемпионы болу. Жарты жолдан мақсатымның көкке ұшқанын қаламадым. Бапкерлеріммен ақылдаса отырып, парадзюдоға ауысып, J2 санатын алдым. Шүкір, 2021 жылдан бері қатысқан жарыстардан құр келген емеспін. 2022 жылы Бакуде парадзюдодан Әлем чемпионы атандым. Өткен жылы Ханчжоудағы Азия пара ойындарында жеңімпаз болдым. Енді міне Париж төрінде алтын медаль тағу бақыты бұйырыпты, – дейді ол.
Ақмарал Париждегі Паралимпиада ойындары финалында 2016 жылғы Паралимпиада чемпионы француз қызы Сандрин Мартинені тізе бүктірді. Шешуші белдесуден соң Мартине қазақ қызын құшақтап, қолын көтеріп, қошеметін көрсетті. Осылайша ол парадзюдодан алтын алған тұңғыш қазақ қызы болды.
– Дзюдо үйірмесіне үйдегілерге айтпай тығылып қатысатынмын. Алғашқы жарыстарда «Анашым, маған мүмкіндік беріңіз, егер осы жолы жеңілсем дзюдоны қоямын» деп жүретінмін. Жеңіліп үйге келгенде өкініштен жылай беремін. Сол түрімді көрген анам толық рұқсатын берді. Парадзюдоға ауысқанымда әр додаға келген сайын жанымнан табылады, – деді спортшы ару.
Шынында, адамды жарақат емес, ішкі үрей мен әрекет жасамау жарға жығады. Мұны жігері жанып, үлкен үміттің ізінен ерген Ақмарал дәлелдеді.
ЕРІК-ЖІГЕРІ ЖАСЫМАҒАН ЖАН
Ел қоржынына кезекті жүлдені салған – Еркін Ғаббасов. Нысана көздеуден күміс медаль еншілеген ауыл баласының спортқа келу жолы оңай болмаған.
Шаңырақ көтеріп, қалаға келіп, құрылыста қара жұмыс істеп жүргенде 12 қабаттан құлаған оның бел омыртқасы сынады. Қиын сәтте ота жасалғанымен, көмегі болмаған. Арбаға таңылса да алға жылжуға тырысқан ол тир атуға ебі барын біліп, осы спорт түріне бет бұрады. 2017 жылы дайындықсыз-ақ жарысқа барып, үшінші орын иеленді. 2021 жылдан бастап пара нысана көздеумен кәсіби түрде айналысып, жаттығуға кіріседі. Сөйтіп, Париж төрінде R1 санаты бойынша винтовкамен 10 метрге нысананы көздеуден сынға түсіп, 247.7 ұпаймен күміс жүлдені қанжығасына байлады. «Күні-түні тілеуімді тілеп, менің аяқ-қолым, жүрегім болып жанымнан табылған анам мен жарыма рақмет!» дейді ол. Міне, осыдан-ақ Еркіннің ерік-жігері жеңіске жетелегенін аңғару қиын емес.
ЖЕҢІС ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢАРҒАН РЕКОРДТАР
Ал Нұрдәулет Жұмағали ше? Мойнына 100 метрге брасс әдісімен жүзуден (SB13 санаты) бойынша күміс медаль таққан спортшы Азия рекордын орнатты. Ол бұған дейін Токио пара ойындарында қола жүлдені жеңіп алған.
Ақтық сында еркін өнер көрсеткен оның ел қоржынына медаль салары анық болды. Алға қойған мақсатына жетіп келе жатқан оның бар ойы олимп шыңын бағындыру.
«Спортшы болған соң қай додаға аттансаң жеңіске жетуді ойлап тұрасың. Шүкір алтын бұйырмағанымен, күмісті қанағат қылдық. Мұнымен тоқтап қалу ойда жоқ. Сәтін салса АҚШ-тағы паралимпиадада алтын бұйырады деп сенемін» дейді спортшы.
Тағы бір параспортшымыз – Дастан Мұқашбеков. Ол ядро лақтырудан F36 санатында қола медаль жеңіп алды. Ол өз мүмкіндігінде 16 метр қашықтыққа ядро лақтырды. Бұл да Азия құрлығында тіркелген жаңа рекорд. Бұл қарағандылық спортшының төртжылдық бәсекедегі алғашқы жүлдесі. Үздіктер қатарынан көрінген Дастан тарихи сәттен соң шапан мен бөрік киіп, көк туымызды жамылып, жарыс алаңын жүгіріп өтті. Шынайы қуаныштан кеудесін мақтаныш кернеп, ел мерейін тасытты. Намыс туын жықпаған спортшылардың бұл жеңісі көпке үлгі боларлықтай-ақ.
ДЗЮДОШЫЛАР ЖАРАДЫ
Париждегі паралимпиада ойындарында дзюдошыларға үлкен үміт артылды. Олар сенімді ақтады. Ел қоржынына түскен 9 медальдің 5-ін дзюдо спортшылары алып берді.
Пара дзюдодан J1 санаты бойынша 73 келі салмақта сынға түскен Ерғали Шәмей ширек финалда жергілікті спортшы Арминдо Родригесті сенімді жеңіп, жартылай финалда германиялықты тізе бүктірді. Бірақ, ақтық белдесуде румыниялық Флорин-Александру Бологаға жол беріп, жазғы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Ал J2 санаты бойынша 90 келіде күрескен Жұрқамырза Шүкірбеков қола жүлдеге таласта франциялық Насер Зорганиді иппон ұпаймен жеңді. Спортшымыз оған дейін жартылай финалда Грузия өкілі Реваз Чикоидзеден ұтылып, ширек финалда бразилиялық Серхио Фернандес Жуниордан басым түсті.
Дүбірлі додада дзюдошы қыздарға шынайы қошемет жаудыру қажет. Өйткені соңына дейін белдесіп, жүлдеге қол жеткізген арулардың еңбегі зор.
23 жастағы Даяна Федосова J2 санаты бойынша 57 келіде күресті. 2021 жылы Токио Паралимпиадасына қатысқан Даяна жүлдеге сәл жетпей қалған еді. Бірақ, осы жолы қола жүлде үшін күресте Түркия спортшысы Дёндю Ешилюртты айқын жеңді.
Сол секілді әйелдер арасында бақ сынаған Зарина Раифова 72 келі салмақта өнер көрсетіп, жарысты үздік үштікпен қорытындылады. Ол маңызды кездесуде Италья елінің қызы Каролина Костадан басым түсті.
Міне, Париж төріндегі XVII Жазғы Паралимпиада ойындарының нәтижесі осындай. Ерік-жігері, табандылығы, қайсарлығымен ел мерейін тасытқан спортшылар қандай құрметке болса да лайық.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!