Фото: KIRILL KUDRYAVTSEV/AFP via Getty Images

2024 жылғы Олимпиададағы медальдар үшін барлық елдің ақшалай сыйақылары белгілі болды. Ең жомарт елдер қатарында әлі де Азия мемлекеттері. KAZ.NUR.KZ түрлі дереккөзден әлем елдері спортшыларына жүлде алғаны үшін қанша сыйақы беретінін анықтап көрді.

Мысалы USA Today басылымы үлкен зерттеу жүргізген. Зерттеу 23 елдің статистикасын қамтиды. Ал «Спорт Экспрес» бұл кестеге тағы 27 мемлекет қосыпты.

Көп жылдар бойы жүлде мөлшері бойынша көшбасшы болған Сингапур өз чемпиондарына жеке спорт түрлерінде 1 миллион сингапур доллары (700 мың АҚШ долларынан астам), эстафеталарда алтын медаль үшін 1,5 миллион және командалық жарыстарда 2 миллион ұсынады. Алайда бұл джекпотты бүкіл тарихта тек бір спортшы – жүзуші Джозеф Скулинг, 2016 жылғы ойындарда 100 метр баттерфляй әдісімен жүзу жарысында жеңіп алған.

Тайваньның алтын медалистері 20 миллион тайвань доллары (600 мың АҚШ долларынан астам) және өмір бойына ай сайын 125 мың тайвань доллары (4000 АҚШ долларына жуық) стипендия алады. 2020 жылғы ойындарда мұндай бақытты адамдар тек үшеу болды – ауыр атлетикадан Го Синчжунь және бадминтон дуэті Ли Ян/Ван Чилинь.

АҚШ-тың Ұлттық Олимпиадалық комитеті (АҚШ-та бонус төлемдерін үкімет емес, қоғамдық ұйым жасайды) Токио-2020-дағы командалық есепте бірінші орын алғаны үшін спортшыларына төлеген жалпы сома 9 миллион долларға жетіпті. Америкалықтардың бірінші орын үшін алған бонустары басқа жетекші спорт державаларымен салыстырғанда аса көп емес – 37,5 мың доллар. Мысалы Сербия мен Италияның 214 мың және 193 мың доллар сыйақыларымен салыстырғанда бұл ақша еселеп аз.

Демек, ең дұрыс көрсеткіш – бұл ойындардың нәтижесі бойынша жалпы төлемдер. Бірақ оны да әрқашан дұрыс салыстыра алмаймыз, себебі валюталардың өзгермелі бағамдары, тек жүлдегерлерге емес, жаттықтырушыларға (кей жерде – ұлттық федерацияларға да) төлемдер бар. Сонымен қатар жеке және командалық спорт түрлерінің айырмашылығы бар.

Париж Олимпиадасы: әлем елдері жүлдегерлерге қанша сыйақы береді

Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақылар. Фото: USA Today кестесі

Жүлдегерлерге берілетін сыйақы жарысына дәстүрлі түрде Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Норвегия және Швеция қатыспайды – бұл елдер өз жүлдегерлеріне бір тиын да төлемейді. Онда спортшылар тек демеушілердің көмегімен табыс табады. Үкіметтің, ҰОК-тың және жергілікті федерациялардың рөлі тек дайындық, жаттықтырушылар мен персонал шығындарын төлеуге көмек көрсетумен шектеледі. Сонымен қатар кейбір елдер өздерінің жүлде мөлшерін жарияламайды.

Мысалы Қытай 2008 жылы чемпиондарға шамамен 50 мың доллар төлегені белгілі. Содан бері бұл туралы жаңа ақпарат жоқ. Дегенмен 2012 жылғы Олимпиадада нысана көздеуден алтын медаль жеңіп алған И Силин Гуандун провинциясы билігінен 7,65 миллион юань (1 миллион АҚШ долларынан астам) және құны 30 мың АҚШ доллары болатын автомобиль алған. Қытай азаматтарының арасында Гонконгта тұратындар, Олимпиадаға жеке команда ретінде қатысатындар (жергілікті Олимпиадалық комитет – ХОК-тың жеке мүшесі) және жеке бонустарға үміткер бола алады.

Мұнда алтын медалистерге 6 миллион гонконг доллары (750 мың АҚШ долларынан астам) беріледі – 2020 жылғы ойындармен салыстырғанда жүлде 20 пайызға өсіп, бұл ел әлемде бірінші орынға шықты. Гонконг командалары алтын үшін 12 миллион жергілікті доллар (1,5 миллион АҚШ долларынан астам) алады. Токио-2020-да бұл команданың тек бір алтыны болған – семсерші Эдгар Чен.

Қазақстанда қанша төлейді?

Туризм және спорт министрлігі Париждегі 2024 жылғы Олимпиаданың чемпиондары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы мөлшерін жариялаған. Алтын медаль иегерлеріне 250 мың доллар, күміс жүлдегерлерге – 150 мың доллар, қола жүлдегерлерге – 75 мың доллар төленеді. 30, 10 және 5 мың доллар көлеміндегі сыйлықақылар тиісінше 4, 5 және 6 орындарға да қарастырылған.

Ал боксшылар өз бейінді федерациясынан қосымша қомақты жүлделер алады. Бокстан төрт жылдық басты ойындардың чемпионы 470 мың доллар ала алады. Теңгеге шаққанда 210 миллионға жуық.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!