Фото: ашық дереккөзден алынды

Биылғы жылдың басты спорттық додасы – жазғы Олимпиада ойындары. Париждегі бәсекеге 4 айдай уақыт қалды. Дүбірлі додаға ел спортшыларының дайындығы қалай? Спортшыларымыз қай спорт түрлерінен сынға түседі?

Париж-2024 Олимпиада және Паралимпиада ойындарының эмблемасы 2019 жылдың 21 қазанында ұсынылды. Онда бір мезетте алтын медаль ішіндегі Олимпиада алауын және Француз Республикасының символы Марианнаның ернін бейнелейді, ол Париждегі 1900 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан әйелдерге құрмет болып есептеледі.
Олимпиадалық іс-шаралардың көпшілігі Париж қаласында және оның астаналық аймағында, соның ішінде көршілес Сент-Денис, Ле Бурже, Нантерр, Версаль және Вир-сюрМарн қалаларында өтеді. Гандбол турнирлер қабылдаушы қаладан 225 шақырым қашықтықта орналасқан Лилльде ұйымдастырылады. Желкенді қайықтан турнирлері және кейбір футбол ойындары Жерорта теңізінің Марсель қаласында ұйымдастырылады, ол қабылдаушы қаладан 777 шақырым қашықтықта орналасқан; сонымен қатар серфинг жарыстары француз Полинезиясының Тэхупо ауылында өтеді деп күтілуде. Футбол Бордо, Декен-Шарпи, Нант, Ницца және Сент-Этьен сияқты тағы бес қалада өтеді.
Қазақстан Республикасының Спорт комитеті мәлім еткендей, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығына жоспарланған. Төртжылдықтың басты додасына әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Париждегі додада 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазір Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 19 лицензиясы (спорттың 8 түрінен) бар (садақ ату – 4, велошоссе – 3, нысана көздеу – 5, қазіргі бессайыс – 2, бокс – 2, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастика – 1). Олимпиада ойындарына дейін 69 лицензиялық жарыс қалды. Оның ішінде 5 әлем чемпионаты, 7 Азия чемпионаты және 57 рейтингтік турнир бар. Құрама көшбасшылары әр спорт түрінің ерекшелігі, спортшының қажеттілігі, медициналық-биологиялық тұрғыда қамтамасыз етілгені, оның ішінде физиотерапия, оңалту мен жарақаттардың алдын алу, психологиялық қолдау және жарысқа дайындық кезінде күйзелісті жеңу сияқты жағдайлары ескерілген жеке жоспар бойынша дайындалады. Айта кетейік, 2024 жылғы 17 сәуірде бүкіл ел бойынша «Олимпиадаға 100 күн» іс шарасы өтеді. Айтулы күнге орай флешмобтар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен Париж Олимпиадасының алғашқы іріктеутурнирінде тағы 5 жолдама бұйырды. Бокстан бұған дейін Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимовада ғана лицензия болған еді. 8 күнге созылған Италия жеріндегі жарыста дүниежүзінің 144 елінен 700-ден аса былғары қолғап шебері бақ сынады.
Мырзағали Айтжановтан тәлім алатын ерлер құрамасы алты салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, соның бесеуінде жолдамаға ие болды. Алдымен 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Айбек Оралбай америкалық қарсыласын ұтып, командалас әріптестеріне жеңісті жолды бастап берсе, артынша 51 келі салмақта Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов тартысты жекпе-жекте ұлыбританиялықты ұтты. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Махмұд Сабырхан өз шеберлігін паш ете біліп, тәжікстандық қарсыласынан мықты екендігін байқатып, жолдаманы жеңіп алды. 71 келіде өте шиеленісті жағдайда өткен кездесуде әзербайжандықты қапы қалдырып кеткен Асланбек Шымбергенов те Олимпиадаға баратын болды. Ал соңғы болып шаршы алаңға шыққан 80 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай тартысты кездесуде ирландиялықты ұтып, бесінші жолдаманы қоржынға салды.
Ал, өкінішке қарай, жолдама үшін шаршы алаңға шыққан бұрымды боксшыларымыздың бір де біреуі лицензияға иелік ете алмады. Енді жолдамаға иелік ете алмаған бір жігіт және бес қызымыз мамырдың соңында Тайландта өтетін ақырғы лицензиялық турнирге дайындалады.
Париждегі дүбірлі додаға жолдама беретін іріктеу сайыстарының дені биылға жоспарланғанымен, 2022 жылдың өзінде жержаһанның спортшылары спорттың 11 түрінен 2024 жылғы Олимпиада ойындарына 120 жолдама жеңіп алған. Олардың ішінде ең көп жолдама нысана көздеу спортына тиесілі. Ал биыл спортшылар тағы 13 спорт түрінен жолдамаға таласады.
Жазғы Олимпиада ойындарын өз тарихында осымен үшінші мәрте өткізгелі отырған Франция – жарысты ұйымдастырушы мемлекет болғандықтан, «үш жолақты» елдің спортшылары төртжылдықтың басты бәсекесінің бағдарламасына енген барлық спорт түрінен іріктеусіз-ақ жолдамаларға қол жеткізіп отырғанын айта кеткен жөн.

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!