Фото: instagram.com/turizm_sport_ministrligі

Стенд атудан Ұлттық құрама спортшысы Әсем Орынбай Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Cпортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап хабарлайды.

Скит бағдарламасында бақ сынайтын қазақстандық спортшы жаңартылған әлем рейтингінде 1-орнын сақтап қалды. Осылайша, қалған жалғыз жолдамаға қол жеткізді.

Әсем Орынбай – былтырғы әлем кубогы финалының жеңімпазы (Доха), әлем чемпионатының қола жүлдегері (аралас жұптық сын, 2022 жыл, Хорватия), әлем кубогы кезеңінің 3 дүркін қола жүлдегері (2021, 2022, 2023 жыл), әлем кубогының 2 дүркін жеңімпазы (2023 жыл, Рабат пен Алматы), XIX жазғы Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы (скиттен командалық және аралас жұптық сын, 2022 жыл, Ханчжоу), XIX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері (скиттен жекелей сын).

Бұл – стенд атудан Қазақстан құрамасының еншісіндегі 3-жолдама. Осыған дейін Эдуард Ещенко (скит) мен Мария Дмитриенко (трап) Олимпиада лицензия иеленген еді.

Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 54 жолдамасы бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!