Фото: ҚТФ
19 жастағы Асылжан Арыстанбекова Президент кубогы үшін ITF сериясы бойынша Астанада өтіп жатқан W15 турнирінің ширек финалына жолдама алды, хабарлайды KAZINFORM .
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемдік рейтингіде 1038-орында тұрған үндістандық Анжали Ратхимен ойнады.
Бірінші партияда Асылжан 5:1 есебімен алға шыққанымен, қарсыласының таразы басын теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен тай-брейкте дегеніне жетті — 7:6 (10:8).
Екінші сетте Арыстанбекова айқын басымдылық көрсетіп, соны сақтай білді — 6:1.
Асылжан Арыстанбекова жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 882-сатыдағы ресейлік, 18 жастағы Виктория Миловановамен таласады. Ол әлемнің 514-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, отандасы Екатерина Яшинаны ұтып кетті — 6:3, 6:4.
Тағы бір қазақстандық Аружан Сағындықова 34 жастағы ресейлік Валерия Савиныхпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Аружан дес бермеді — 6:2. Алайда екінші сетте есеп 5:3 болған мезетте матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады — 6:7 (6:8). Үшінші, шешуші партияда Савиных сәтті ойнады — 6:3. Мұның алдында ол өткен аптада елордада дәл осындай додада жеңімпаз атанған отандасы Екатерина Маклакованы жолдан тайдырды — 6:7 (2:7), 6:0, 6:4.
Қазақстандық Екатерина Дмитриченко да ширек финалдан шет қалды. Ол ресейлік Кристина Кроиторға жол берді — 3:6, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Мексикадағы турнирде екінші қарсыласынан айласын асырғанын жазған едік.
Сондай-ақ Президент кубогында Асылжан Арыстанбекова ресейлік теннисшіні жеңіп, сенсация жасады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!