Бүгін астаналықтар үстел теннисінен Азия чемпионатының жүлдегері Алан Құрманғалиевті елорда әуежайынан қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жанкүйерлер мен жалпы спорт сүйер жұртшылық жас теннисшіні әуежайдан шашу шашып, домбырамен ән айтып, ерекше көңіл-күймен қарсы алды.
«Мені осылай салтанатпен күтіп алып, керемет құрмет көрсетіліп жатқанына өте қуаныштымын. Осынша халық болады деп күтпеген едім. Бәрі керемет! Таяудағы жоспарға келсек, Алматыда үстел теннисінен халықаралық турнир өтеді, сонда бақ сынаймын. Азия чемпионатына дейін бірнеше рет республикалық және халықаралық турнирлерге қатысып, жеңіске жеткенмін. Дегенмен бұл жарыстың жөні бөлек», – деді Алан Құрманғалиев тілшілерге сұхбат бере тұрып.
Сөзіне қарағанда, 15 жастағы қарағандылық жасөспірім үстел теннисімен 8 жасынан бері айналысып келеді.
Сондай-ақ жас теннисші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке құттықтауы күтпеген сый болғанын айтты.
«Басқа-басқа Президенттің өзі хабарласып құттықтайды деп күтпедім. Жеңісіммен құттықтап, дайындықты одан әрі жалғастырып, осы бетімнен қайтпай, ірі жеңістерге жете беруіме тілек білдірді. Бұл маған алдағы мақсаттарыма жетуге үлкен жігер, жарқын жетістіктерді бағындыруға көп күш береді», – дейді ол.
Еске салсақ, Лаоста өткен жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы үстел теннисінен Азия чемпионатының қола жүлдегері Алан Құрманғалиевті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы құттықтаған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!