Жақында әлем назарын аударған Ағылшын прьмер-лигасы өз мәресіне жетті. Алайда маусым бойы көш бастаған Арсенал командасы биылғы кезеңнің бітуіне санаулы ойын қалғанда Хосеп Гвардиола баптайтын Манчестер Сити ұжымына есе жіберіп, чемпиондықтан айырылып қалды. Кезінде атақты қақпашы Чех қорғаған қақпаға «қалалықтар» қайтарымсыз 4 гол соқты. Осындай сәтсіз кезеңде, бұрынғы Арсен Венгердің командасын сағына еске аласың. Айтпақшы, Чех ойнаған «Челси» командасы да биыл турнирлік кестеде тіптен төмен кетіп, 12-орынға әрең табан тіреді. Бүгін біз өткенге оралып, әлемге танымал голкипер, Чехия ұлттық құрамасы және лондондық қос клуб «Челси» мен «Арсеналдың» бұрынғы негізгі қақпашысы, «Ноль» мырза, «Танкист» деген лақап атпен танылған Петр Чех жайлы жайлы ой қозғамақпыз.

Футбол әлемінде футболшыларды көп мазалайтын мәселе – ауыр жарақат. Ауыр жарақаттардың әсерінен футбол жұлдыздары да, жай қарапайым футболшылар да үлкен футболмен қош айтысуға мәжбүр болады. Біздің қаһарман көптеген ауыр жарақаттарды басынан өткізді. Бірақ футбол ойнауға ештеңе бөгет бола алмады.
Бәрін басынан бастайық. Петр 1982 жылы 20 мамырда Чехияның Пльзен қаласында дүниеге келген. Жастайынан спортқа қызыққан. Әсіресе хоккейге. Өйткені Чехияда футболға қарағанда хоккей әлдеқайда жақсы дамыған. Соған байланысты Чехтың болашақта хоккейші болғысы келгеніне таң қалуға болмайды. Оның балалық шағынан қазірге дейінгі кумирі Чехия хоккейінің жұлдызы – Доминик Гашек. Алайда хоккейші болу Петрдің маңдайына жазылмады. Өйткені хоккеймен шұғылданатын қажетті құрал-саймандармен Чехтың әке-шешесі қамтамасыз ете алмай, оны футболға берді. «Ноль» мырза ең басында жергілікті «Виктория» футбол клубында жаттықты. Ол бірден қақпашы бола қойған жоқ. Алғашқыда жартылай қорғаушы, шабуылшы шептерінде ойнады. Бірақ 10 жасында аяғын сындырып алады. «Танкист» ауыр жарақаттан айыққаннан кейін қақпашы болуға шешім қабылдайды. Петр қақпашы болысымен оның қақпашылық таланты өрге домалайды. Ол «Виктория» клубына 16 жасына дейін өнер көрсетеді.
1999 жылы Амстердамда жасөспірімдер арасында өткен турнирде ерекше дарынымен көзге түсіп, Чехияның жоғарғы лигасында ойнайтын «Хмель» клубына шақырту алады. Сөйтіп Чех 17 жасында «Хмель» клубы сапында Чехияның жоғарғы лигасында және кәсіпқой футбол әлеміндегі алғашқы ойынын өткізеді. 2001 жылы прагалық «Спарта» клубының футбол мамандарының назарын өзіне аудартады. Сол жылдың жазында Петр «Спартамен» келісім-шартқа отырады. «Спарта» сапында Танкист бір маусым ғана ойнайды, алайда қабілетін Чемпиондар лигасында сынап және Чехияның жоғарғы чемпионатында 855 минут өз қақпасына доп өткізбей, ұлттық рекорд орнатады. 2002/2003 маусымы басталмастан оны француздық «Ренн» клубы 5 миллион еуроға сатып алады. Францияда өткізген 2 жыл ішінде Чех Еуропадағы ең үздік қақпашылар қатарына ілінеді. Сонымен қатар «Ренн» клубының Франция жоғарғы дивизионындағы орнын сақтап қалуында жас кипердің ролі жоғары болған. Бұл талантты да, дарынды қақпашыға қызықпаған клуб жоқ еді ол кезде. Бірақ «Челси» барлығының алдын орап кетті. 2004 жылдың жазында «Ренн» клубы лондондық «Челси» клубына 10,3 миллион еуроға сатады. Ақсүйектер клубына келісімен Петр бірден негізгі қақпашы бола алған жоқ. Өйткені «Челсидің» негізгі қақпашысы итальяндық Карло Кудичини болатын. Бірақ Карло Кудичини маусымға дейінгі ойындарда қателіктер жіберіп, «Челси» қақпасының негізгі күзетшісі болып Петр Чех тағайындалды. Сөйтіп «Ноль» мырза 2004 жылдан 2015 жылға дейін лондондық «Челсидің» негізгі қақпашысы болды. Ал 2015 жылдан 2019 жылға дейін «Арсеналдың» намысын қорғады.
Петр Чех Ағылшын премьер-лигасының 2004-2005 маусымында 11 ойын және 35 минут өз қақпасына доп жібермей, әлемге әйгілі дат қақпашысы Петр Шмейхельдің рекордын қайталады. Осы рекордты орнатқан үшін ол жанкүйерлерден «Ноль» мырза атағын алады. 2005 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ол Ағылшын премьер лигасының және Чемпиондар лигасының ең үздік қақпашысы деп танылады. Чех 2006 жылы 15-қазан күні Ағылшын чемпионатында «Ридинг» клубының жартылай қорғаушысы Стивен Хантпен соқтығысып, басына ауыр жарақат алады. Жарақаттың ауыр болғандығы соншалық кез-келген футболшы оның орнында болғанда футбол өмірімен қоштасар еді, бірақ ол жарақаттан тез жазылуды, команда сапына тезірек оралуды ойластырды. 2007 жылы қыста Петр жарақатынан айығып, футбол әлеміне оралды. Чех футболда тағы да басынан ауыр жарақат алмас үшін арнайы қорғаныш қалпағымен алаңға шығатын болды. Оның киген қалпағы танкистің бас киіміне ұқсағандықтан оны кейде «танкист» деп те атайды. Сол 2006/2007 жылғы маусымында Чех «Челсиге» екі турнирді жеңіп алуға көмектесті. Біріншісі Ағылшын лигасының кубогы финалында чех қақпашысының командасы болашақ өзі ойнайтын «Арсеналды» 2:1 есебімен жеңген болатын.
Екіншісі 2007 жылдың 19 мамырында Англия кубогы финалында «Челси» «Манчестер Юнайтедпен» кездесіп, сол ойында Петр қақпасына бірде-бір доп жібермей, ойын «Челсидің» еншісіне 1:0 есебімен аяқталды. Алайда «Челси» Ағылшын чемпионатында «Манчестер Юнайтедті» алға жіберіп алып, чемпионатта екінші орынды місе тұтты. 2007 жылдың қорытындысы бойынша «Ноль» мырза Еуропаның ең үздік қақпашысы атанды. Одан басқа сол жылы Чех УЕФА нұсқасы бойынша үздік қақпа күзетшісі деп танылды. Чемпиондар лигасының 2007/2008 жылғы маусымында «Челси» финалға шығып «Манчестер Юнайтедпен» кездесті. Бұл финалдық ойын 2008 жылдың 21 мамырында Мәскеу қаласының «Лужники» стадионында өтті. Жалпы финалдық кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта да екі қарсылас бірін біріне гол соға алмады. Енді екі алпауыт клуб мықтыны 11 метрлік пенальти сериясы бойынша анықтады. Петр Криштиану Роналдудың пеналтиден тепкен добын қайтарған болатын, алайда шайнап берген асты жұта алмаған «Челси» капитаны Джон Терри мен Николя Анелька өз мүмкіндігін пайдалана алмай, мүлт кетіп жатты. Ойын пенальтиден 6:5 есебімен «Манчестердің» пайдасына шешілді.
Кейін Чех «Арсенал» сапында да жоғары деңгейде өнер көрсетті. «Манчестер Сити», Манчестер Юнайтед», «Тоттенхэм» сияқты алпауыт командалардың ұтуына мүмкіндік бермей, командаға жеңіс сыйлаған кезі көп. Алайда Чех ауысып келген бірінші маусымда Арсен Венгер командасы АПЛ-да екінші орынға табан тіреген еді. Бұл маусымда да сәттілік жетіспеген Артета шәкірттері күміс жүлдені місе тұтты. Бірақ Арсеналдың қазіргі қақпашысы Рамсдейл Чехтың ізін басып, ойынын қайталай алмаған секілді. Өкінішітісі де – сол.
Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!