SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматылық «Қайрат» командасы Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбековтың қатарға оралғанын ресми түрде хабарлады. Ол біраз уақыт бойы жарақаттан сауығып жүрген еді.

Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, Анарбеков қазір негізгі құраммен бірге жаттығуға кірісіп кетті. Әлеуметтік желілерде спортшының жаттығу сәттерінен видео да жарияланды.

Еске салайық, футболшы 14 қыркүйекте өткен Премьер-лиганың 23-туры аясындағы «Ақтөбемен» кездесуде жарақат алған болатын. Сол ойында айып добы кезінде қарсылас қорғаушы Уче Агбомен қақтығысып, матчты жалғастыра алмаған еді. Дәрігерлер оның жақ сүйегінің сынғанын анықтап, ойыншы біраз уақытқа алаңнан тыс қалды.

Осы кезеңде оны 18 жастағы Шерхан Қалмұрза алмастырған. Жас қақпашы Чемпиондар лигасында «Спортингке» (1:4) және «Реалға» (0:5) қарсы кездесулерде қорғаған болатын. Қалмұрза бұған дейін «Селтикке» қарсы тарихи матчта үш пенальтиді қайтара отырып, «Қайратты» алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығарғаннан кейін елге кеңінен танылған еді.

«Қайраттың» келесі матчы 21 қазанда өтеді — команда өз алаңында кипрлік «Пафоспен» кездеседі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!