фото: ФК «Қайрат»/ Данияр Ахметов

Биыл алматылық «Қайрат» клубының Чемпиондар лигасында жолы болып тұр. Жеребе жолдас болды. Үш кезең қатарынан сәтті түсті десек те болады. Одан кейін кездесулердің барлығын бірінші сырт алаңда, сосын екінші ойынын өз үйінде өткізіп келді. Екі қарсыластан тамаша өтіп алған соң, міне, үшіншісі түсті.

Алматыдағы ойында төреші Гезабүйік тамаша көмектесті. Бір ойыншыны алаңнан қуды, 90-минутта 11 метрлік айып добын белгіледі. Ал сырттағы ойында француз төреші Бенуа Бастьен қызмет қылды. Ойын басталған сәттен-ақ алаң иелері шабуылға лап қойды. Бірақ қонақтар Жоржиньоның айып алаңынан жасаған соққысымен жауап беріп, доп қақпа маңдайшасынан қайтты. Әйтсе де словакиялықтар қарқындарын арттырып, Роберт Мактың күшімен есеп ашты.

Екінші таймда алматылықтар бірнеше гол соғатын сәттер жасай алды. Өздері де қарсы шабуылдан қақпаға доп өткізіп ала жаздады. Мактың соққысы қақпа жақтаушысына тиді. Осылайша Словакия жерінде өткен ойында таблода 1:0 есебі тіркеліп, ойын қосымша уақытқа жалғасты. Екі қақпаның саңылауын таба алмаған ойыншылар плей-офф жолдамасын пенальти сериясында шешті. Мүмкіндікті мүлт жібермеген «Қайрат» аяқдопшылары келесі кезеңге өтіп, іріктеу кезеңінің үшінші айналымында фаворит саналған «Слован» клубын артқа тастады.

«Қайрат» – қазақ футболының мақтанышы. Осы сөз бұрын Кеңес кезінде айтылған еді. Бүгін де айтсақ болады. Ерлік көрсетіп, «Слованды» жеңді. Сенсация жасады. Өткен жылы топтық кезеңде ойнаған команда ғой. Германиялық «Бавария», испаниялық алып «Атлетико», италиялық мықты «Милан» секілді топ командаларға қарсы ойнап, гол салып, абыройлы өнер көрсеткен еді. Сол команданы жеңіп, келесі айналымға өту – қандай күшті! Енді Шотландия елінің «Селтик» клубымен тағы да сынға түсеміз. «Астана» мен «Шахтердің» шамасы жетпеген бұл командаға алматылық команданың шамасы жетер деген ойдамыз. «Ескі жау атыспаққа жақсы» деген сөз бар ғой. Бәлкім, осы жолы «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының негізгі тобына жолдама алып кететін шығар. Сосын әлемнің алпауыт құрамаларына қарсы тұрып, ел назарын аяғына телмірткен атақты аяқдопшыларды Қазақстанға алып келеді деген сенім бар. Айта кетейік, алғашқы кездесу 20 тамызынан 21-іне қараған түні сырт алаңда, ал қарымтай ойын 27 тамызда Алматыда өтеді.

Кешегі ойында жеңіске жеткен команда ерекше жетістіктерді де тіркеп үлгерді. Отандық клубымыз алғаш рет еурокубок тарихында Словакия командасынан өте алды. Бұған дейін қазақстандық клубтар еурокубокта Словакия командаларымен төрт рет кездесіп, барлығында жеңілген еді:

• 2002/03 маусымында «Атырау» УЕФА Кубогының алғашқы айналымында «Матадорға» екі матч қорытындысы бойынша (0:2) жол берді;
• 2005/06 маусымында «Қайрат» Чемпиондар Лигасының алғашқы айналымында «Артмедиядан» (3:4) ұтылды;
• 2011/12 маусымында «Тобыл» Чемпиондар Лигасы іріктеуінің екінші кезеңінде «Слованнан» (1:3) жеңілді;
• 2021/22 маусымында Конференциялар Лигасының үшінші кезеңінде «Жилинадан» (0:6) ойсырай ұтылды.

Еске сала кетейік, осы маусымдағы Чемпиондар лигасында «Қайрат» бұған дейін Словенияның «Олимпиясын» және Финляндияның «КуПС» клубын жеңген болатын. Егер «Қайрат» клубы «Селтиктен» өте алмай қалса, бірден Еуропа Лигасының негізгі кезеңіне қатысуға кепілдік алады.

Сонымен қатар Қазақстанның еурокубоктарда тағы бір өкілі бар. «Астана» Конференциялар Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетуде. 14 тамыз күні елордалық клуб Швейцарияның «Лозанна» клубына қарсы қарымта матч өткізеді.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!