30 қыркүйек. Бұл күнді футбол сүйер күллі қазақ жұрты тағатсыздана күтті. Себебі Алматыға Испанияның әлемге әйгілі корольдік клубы «Реал Мадридтің» табаны тиеді. Расында, бұл қазақ футболы үшін тарихта таспаланатын кезең болды.
Көптен күткен уақыт келді. Орталық стадион лық толды. Төрешінің пәрмені беріліп, доп ойынға қосылды. Алғашқы 7-ші секундта жанкүйерлер жүрегі селт етіп сала берді. Сәтті ұйымдастырылған шабуылда доп Сәтпаевтың басынан табылып, соққысы Куртуа қақпашының қолына дөп түсті. Әттеген-ай. Қапы қалмады. «Үйі жақын мысықтың құйрығы тік жүреді» демекші, 25-ші минутқа дейін қарсыласты тыпырлатпай жатқанбыз, бірақ Шерхан Қалмырзаның өз қақпасына алып келген 11 метрлік айып добы қонақтардың есеп ашуына жол берді. Ойынның алғашқы кезеңінде 1 гол соғылғанымен, екінші кезеңде таблода 0-5 есебі тіркелді. Осылайша Орталық стадионда өткен тарихи кездесу мәресіне жетіп, қарсыластар жеңіске жетті.
Бұл жеңіліс үшін көпшілік қазақ футболына серпіліс алып келген «Қайрат» командасына ренжімейді. Керісінше, Чемпиондар лигасын 15 мәрте иеленген Еуропаның алпауыт командасын елімізге алып келгеніне рақмет айтады. Иә, іштей «доп домалақ» деп жеңістің дәмін татқымыз келгені рас. Бірақ, Еуропаның басты доп додасында енді ғана тұсауы кесілген команда үшін бұл бірден бола қоймасы анық. Жә, ойын туралы айта береміз ғой. Ең алдымен турнир жайында сөз қозғайық.
№1 доп додасы
Иә, UEFA Чемпиондар лигасы – Еуропадағы ең беделді турнир. Ойын аумағы Еуропа құрлығын қамтығанымен, жанкүйерлердің белгіленген шекарасы жоқ. Әсіресе, финалды әлем бойынша жүздеген миллион көрермен тамашалайды. Өткенге шегінсек, турнирдің тарихы сонау ХХ ғасырдың ортасынан басталады. Алғаш 1955 жылы «Еуропа чемпиондары кубогы» деген атаумен басталған турнир кейіннен 1992 жылы UEFA Чемпиондар лигасы болып өзгерді. Бұл кезеңде жарыстың форматы да жаңарып, топтық кезең енді. Ал 2000 жылдардан бастап турнир әлемдегі ең танымал спорттық шаралардың біріне айналды.
Ең қызығы, Чемпиондар лигасы тарихындағы алғашқы жеңімпаз және жеңіс тұғырынан ең жиі көрінген команда – «Реал Мадрид». Аталған клуб 1956-1960-жылдары қатарынан бес рет жеңіске жетті. Бүгінде мадридтік команда Чемпиондар лигасының 15 дүркін чемпионы атанып, ешбір клуб қол жеткізбеген рекорд орнатып отыр. Құрамында жаһандық деңгейдегі футбол әлемінің жұлдыздары ойнайтын команданың қаржылық әлеуеті де орасан екенін атап өткен жөн. Сарапшылардың бағамдауынша, «Реалдың» жылдық бюджеті, тіпті кейбір ұлттық федерациялардың мүмкіндігінен әлдеқайда асып түседі. Осыдан-ақ қарсыластың қандай деңгейде екенін бағамдай берсек болады.
Қонақ қабылдауға қандаймыз?
Осы тұста «Қазақстан Еуропа клубтарын қабылдауға дайын ба?» деген сауал туындайтыны заңдылық. Кеше бір ойынды тамашалап көрдік қой. Ал қалғаны қалай болады? UEFA Чемпиондар лигасы аясында өтетін алдағы матчтар «Қайраттың» Еуропа алдындағы имиджіне, қазақ футболының халықаралық аренадағы беделіне қалай әсер етуі мүмкін?
Орталық стадионда ұлттық құрама мен «Қайраттың» талай тарихи ойындары өткенін білеміз. Алайда Алматыдағы алаңда осыған дейін халықаралық кездесулер болса да, Чемпиондар лигасы деңгейіндегі матчтарды өткізу үшін стадион қатаң талаптарға сай келуге тиіс. Орталық стадион шамамен 23 мың көрерменге есептелген. Бұл қалыпты көрсеткіш болып көрінгенімен, Еуропадағы танымал клубтар ойнайтын ареналардың сыйымдылығы 70-80 мыңнан асады.
Көршілес мемлекеттерге көз салып қарасақ, мәселен Әзербайжан астанасы Бакуде 2015 жылы ашылған «Baku Olympic Stadium» 70 мың адамға арналған. Ауқымды арена әубаста UEFA, FIFA, IAAF стандарттарына сай жобаланған. Ал өзбек халқының ең үлкен ареналарының бірі – Ұлттық стадион 34 мың орыннан тұрады. Одан бөлек, қазір Қырғызстанда 50 мыңнан астам көрерменге арналған стадион салынып жатыр.
Кейінгі жылдары Орталық стадион бірнеше рет жөндеуден өтсе де, барлық талапқа бірдей жауап бере алады деп айту қиын. Бұл тек мегаполисте емес, республика бойынша спорт инфрақұрылымына қатысты түйіні тарқамаған түйткілдердің барын көрсетеді. Сонымен бірге Чемпиондар лигасының матчын қабылдау алдында стадионның ауқымы мен толыққанды жабдықталуы ғана емес, әуежайдан бастап қонақүйге дейінгі логистика, жанкүйерлерді орналастыру, қаладағы қауіпсіздік мәселесі де айтарлықтай маңызды орынға ие. Осы тұрғыдан қарасақ, Алматы үлкен сынақ алдында тұр.
Алматыдағы стадион мәселесіне қатысты берген жауабында Туризм және спорт вице- министрі Серік Жарасбаев матч алдында барлық ескерту ескерілгенін мәлімдеді. Ескертулер негізінен алаңның жағдайына, трибуналарды жабдықтауға және ойынды қадағалайтын UEFA өкілдеріне арналған арнайы орындардың әзірленуіне бағытталған. Оның сөзінше, Алматыда бір емес, төрт матч өтетіндіктен, «Қайрат» футбол клубы стадионды өз қаражаты есебінен ретке келтірген. Алматы қаласы спорт құрылыстары дирекциясы орындықтарды ауыстыру мен қалпына келтіру, аумақты абаттандыру жұмысы жүргізілгенін, бұрын санитарлық-гигиеналық тораптарда жеңіл-желпі жөндеу жүргізілсе, қазір олар күрделі жөндеу жұмысынан өткенін жеткізді. Сонымен дирекция өкілдері Чемпиондар лигасының матчтарын өткізуге Орталық стадионның сақадай сай екенін айтты.
Қайраттың қауқары қандай?
Биыл ғана турнирде алғаш бақ сынаған «Қайраттың» бәсекеге қатысуы оңай болған жоқ. Плей-офф ойындарында Словенияның «Олимпия Любляна» командасын, Финляндияның «Купс» аяқдопшыларын, Словакияның «Слован Братиславасын», Шотландия чемпиондары «Селтик» жігіттерін тізе бүктіріп, қазақ жанкүйерлерінің төбесін көкке жеткізді. Осылайша тарих беттеріне есімін таңбалап, басты бәйгеге бас қойды.
Турнирдің ережесі бойынша «Қайрат» 8 командамен кездесіп, ұпайға таласады. Оның төртеуімен үйде кездессе, қалғанына қонаққа барады. 2 апта бұрын «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы кездесуін Португалияның Лиссабон қаласында өткізді. «Спортинг» командасына қарсы матчта 4:1 есебімен есе жіберді. Десек те, алғашқы ойынның өзінде команданың 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмұрза Еуропаның назарына ілініп, турнир тарихында пенальти қайтарған ең жас екінші ойыншы атанды. Ал кешегі «Реал Мадридпен» өткен кездесуде ұпай жоғалтқанымыз тағы бар. Енді алда үш бірдей ойынды өз алаңында өткізеді. Нақтырақ айтсақ, «Пафос», «Брюгге», «Олимпиакос» командалары елге келеді. Сондай- ақ, ағылшындардың зеңбірекшілері «Арсеналға», Италияның үздіктері «Интерге», Данияның «Копенгагеніне» қонаққа барады. Қалай ойлайсыз, «Қайрат» қанша ұпай қанжығалайды? Плей-офф ойындарына жете аламыз ба?
Турнирде топ жарамыз ба?
Белгілі журналист, спорт комментаторы Есей Жеңісұлы жалпы кезең бойынша өтетін матчтарға байланысты негізгі мәселе – «Қайраттың» қай алаңда ойнаса да, бастысы гол соғып, Қазақстанның қоржынына ұпай салуға, үздік 24 команданың қатарына енуге тырысуы керек екенін алға тартты. Одан бөлек, журналист алматылық командаға қатысты ойландыратын мәселе бар екенін де жеткізді.
– «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуға әбден лайық. Сондықтан біз жарыстың негізгі кезеңіне шығып алып, «Қайрат» қарсыластарына түгел ұпай таратып береді және матчқа қатысқаны үшін риза болады десек, өз рухымызды түсіргеніміз болып саналады. «Қайраттың» қазіргі құрамы мен тактикалық мүмкіндіктері кез келген командаға төтеп бере алады. Сондықтан қарсыластар испан, португал немесе кипрлік команда болса да, жанкүйер ретінде ешқайсысынан қорықпаймын. Ең бастысы «Қайрат» ішкі қиындықтарды еңсере отырып, мұндай ойындарға жігермен шықса екен деймін.
Әрбір ойын бапкердің шешіміне және қандай тактика қолданатынына байланысты. Бұл тұрғыда Рафаэль Уразбахтинге сенемін. Алайда «Қайратта» бір ғана алаңдататын мәселе бар. Ол – ізбасарлардың аздығы. Мәселен, қазір клубтағы екі бірдей қақпашымыз жарақат алды. Енді олардың орнына алдағы маңызды кездесулерде 18 жастағы Шерхан Қалмұрза ойнауға тиіс. Сондықтан бұл мәселеге келгенде клубқа жастар командасындағы балаларды тартуға тура келеді. Бірақ «Қайраттың» барынша кадрлық мәселелерге тап болмай-ақ қоюын тілейміз, – деді Е.Жеңісұлы.
Расында «Қайраттың» турнирдегі жолы оңай болмайтыны анық. Оның үстіне ішкі біріншілікте чемпиондыққа таласып келе жатқан олар үшін әр ойын маңызды. Сол секілді әлемнің басты доп додасында да қоржынға ұпай салу бір сәт естен шыққан емес. Мұндайда тек жанкүйерлердің қолдауы қажет.
Билет бағасы көңіл көншіте ме?
UEFA бекіткен ойындар кестесі шықты. Жанкүйерлер ойындарды асыға күтіп, «Реал Мадридпен» кездесу күні белгілі болғанда барлығы билеттің шығуын тосты. Уақыты келіп, қуанамыз ба дегенде билет бағасы уайымдатып қойды. 30 мыңнан басталған баға 250 мыңға жетті. Осы екі арада алыпсатарлардың саудасы қызды. Бірақ сондада жанкүйерлер Орталық стадионды толтырды. Спорт журналисі Аслан Қаженовтың айтуынша, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өтетін алдағы матчтар шағын бизнес иелерінің кәсібін дөңгелетуге қолайлы жағдай туғызады.
– Билет құны салыстырмалы түрде қолжетімді болды. Себебі осыған дейін билет бағасы 500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін деген болжамдар айтылды. Бұл Чемпиондар лигасының ойыны болғандықтан, 30 000-250 000 теңге аралығы лайықты баға деп ойлаймын. Билет сатылымынан келетін қаржы «Қайраттың» қазынасына түседі. Қаражат клубтың «жыртығын жамауға» көмектеседі, – деді ол.
Рас, билет бағасы біраз дау туғызды. Десек те, жанкүйерлер бұл ойынды көру үшін ештеңеге қарамады. Осы тұста ойынды тамашалауға барған бірсыпыра көрерменнің өзіміздің «Қайратқа» емес, қонақтарға болысқаны көңілге қаяу ұялатты. Әрбір голға қуанып, біздің жігіттер шабуылға лап қойғанда үнсіз отырғаны ұялтты. Одан бөлек футболға деген мәдениетіміздің төмен екенін де жасыра алмаймыз.
Түйін. Мейлі «Қайрат» жеңсін, не жеңілсін – тарих жасады. Алғашқы 2 ойынмен жеңілдік деуге болмас. Алда әлі 6 маңызды ойын күтіп тұр. Егер солардың төртеуінде ұпайдан шашау шығаратын болсақ, үздік 24 команданың қатарына ілінуге болады. Ал одан кейін сәттілік серік болсын деп, тосын ғажайыптарға сенеміз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!