SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кипрлік «Пафос» клубының қорғаушысы Костас Пилеас Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші турда «Қайратқа» қарсы өткен ойын туралы әсерімен бөлісті.

«Иә, Давид марапатқа әбден лайық болды — ол тамаша ойнады, сәттер жасап, қорғаныста сенімді әрекет етті. Ол — үлкен тәжірибесі бар ойыншы әрі командадағы маңызды тұлға», – деді Пилеас үздік ойыншының таңдалуына қатысты.

Ол сондай-ақ матчтың төртінші минутында әріптесі Жоау Коррейяның алаңнан қуылуына пікір білдірді:

«Иә, бұл қызыл қағазға лайық болды, мойындаймын. Бұл біз үшін үлкен мәселе болды, дәл “Олимпиакоспен” өткен кездегідей. Бірақ біз шыдап бердік, қарсы тұрдық және қажет нәтижеге қол жеткіздік. Соңында қорғану қиын болды. “Қайрат” қатты қысым көрсетті, бірақ біз төтеп бердік. Бұл біз үшін жақсы белгі. Қысымға қарамастан күресе алатынымызды көрсеттік».

Ойын 0:0 есебімен аяқталды. Алматылықтар дерлік бүкіл матчты артық құрамда өткізсе де, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. 72-минутта кипрліктер соққан гол VAR шешімімен офсайд деп танылып, есеп өзгеріссіз қалды.

Үш турдан кейін «Қайраттың» активінде небәрі бір ұпай бар және команда әлі жеңіске жете қойған жоқ. Ал «Пафос» плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!