Қазақ елінің спорттағы беделі жоғары. Оның ішінде бокстың дәрежесін айтпасақ та белгілі. Бірақ соңғы уақытта елдің боксшылары көп сынның астында қалғаны мәлім. Париж төріндегі Жазғы Олимпиададаның өзінде әрісі күміс медальмен ғана шектелуге тура келді. Осыдан соң оларға деген реніш одан әрі үдей түспесе, кеміген емес.
Бірақ жуырда Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жас спортшыларымыз қазақ боксының өлмегенін дәлелдеді.
Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жалпы есепте бірінші орынға көтеріліп, «қазақ боксының болашағы бұлыңғыр» дегендердің аузына қақпақ болғандай…
Хош. Енді біріншіліктің қорытындысын нақтылайық. Ел намысын қорғауға 25 жас боксшы да ерекше нәтижелер тіркеп, 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Бұл – ел тарихындағы үздік көрсеткіш.
Жалпы бұған дейін жоғарғы көрсеткішіміз тек 2 алтынмен шектелген еді. 2018 жылы Венгрияда және 2021 жылы Германияда өткен байрақты бәсекелерден Қазақстан 2 алтынмен оралды. Жалпы есепте топ жарып, Қазақстан құрамасы Өзбекстан, Ресей, Қытай, Ирландия секілді бокстағы қарымы күшті мемлекеттерді артта қалдырды. Кестеге көз тастасақ, екінші орындағы Өзбекстан мемлекеті 5 алтын, 5 күміс және 3 қоланы қоржындарына салды. Ал үздік үштікке кірген ресейлік спортшылар 5 алтын, 2 күміс пен 1 қола иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер спортшыларға халықаралық бокс қауымдастығы ақшалай сыйлық табыстады.
Айта кетейік, аталған біріншілікте сыр спортшысы Аслан Елдібайұлы 92+келі салмақ дәрежесінде сынған түсіп, қола жүлдегер атанған болатын.
Ел назарын аударған байрақты бәсекеде ұлттық құраманың капитаны Төрехан Сабырхан алғашқы алтынды қоржынға салды. Финалда кубалық боксшыны қапы қалдырған ол өзінен кейінгі боксшыларға жеңістің жолын ашып берді.
Төрехан үшін бұл кездесу осы жарыстағы ең қиын жекпе-жек болды деуге болады. Өйткені кубалық Дэвид Эспиноса бірінші раунд басталғаннан-ақ шабуыл мен қарымта шабуылын үдетіп, қазақ боксшысын біраз тығырыққа тіреді. Десе де Төрехан ерекше стилінің арқасында қорғаныста да, шабуылда да сауатты әрекет етіп, үш раунд бойы басымдықты уыстан шығарған жоқ. Нәтижесінде, 4-1 есебімен кубалық боксшыдан басым түсті. Осылайша, асқан шеберлігінің арқасында әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанды.
Турнир барысында ол осы әлем чемпионатының финалына дейін Черногория, Ауғанстан, Өзбекстан және Қытай боксшыларын оңай жеңген болатын.
Айта кететін жайт, Төрехан Сабырхан бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы тарихтағы тұңғыш төрт дүркін Азия чемпионы. Одан бөлек украиналық боксшы Василий Ломаченкоға ұқсас жекпе-жек стилі үшін «қазақтың Ломаченкосы» атанып кеткен Махмуд Сабырханның інісі.
– Бұл жігіттерді қыркүйек айында қабылдап алдым. Екі айдың көлемінде толық дайындықтан өтті. Боксшыларымыз бар күш-жігерін салды. Мен үшін ең жауапты сәт спортшыларымыздың нәтижесі болды. Сонымен қатар әлем чемпионаты бір жағынан сынақ болса, екінші жағынан болашақ чемпиондардың дайындығын білуде ерекше маңызды. Жарыс ойымыздан шығып, Алланың қалауымен жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Осы уақытқа дейін жаттықтырған Қайрат Сатжанов ағаның дайындығын да атап өткім келеді. Қазір жігіттердің физикалық жағдайының жақсы болуында бас бапкерлердің үлесі бар, – деді аға бапкер Мақсат Бақтыбазаров.
Осыдан 10 жыл бұрын қазақ еліндегі боксшы қыздар десек, санаулысының ғана аты есімізге түсетін. Бірақ кейінгі уақытта бірінен бірі өткен былғары қолғап шеберлері қаптай бастады. Кешегі өткен Париж Олимпиадасында жүлдегерлер қатарында қыздардың болуы да үлкен мақтаныш.
Осы біріншілікте Елянұр Тұрғанова мен Аружан Зейноллаева өз салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медальға ие болған арулар. Бұл жеңіс олардың Қазақстанда ғана емес, әлемдік аренада да мықты спортшылар қатарында екенін дәлелдеді. Елянур мен Аружан күрделі жекпе-жектерде қарсыластарының шабуылдарына табанды төтеп беріп, шебер тактикалық ойыны мен күшті физикалық дайындығы арқасында жеңіс тұғырынан көрінді.
– Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көріну – мен үшін мәртебе және үлкен жауапкершілік. Жалпы жарыс өте тартысты әрі қызықты өтті. Бұл жеңіс тек менің емес, мені қолдаған жаттықтырушыларымның, отбасымның және барша Қазақстанның жеңісі деп білемін. Әр жекпе-жек оңай болмады, бірақ мен өз елімнің намысын қорғап, жеңіске жету үшін бар күш-жігерімді салдым, – дейді Аружан Зейноллаева.
Оның айтуынша, бұл жеңіс – алға қойған мақсатқа жету жолындағы мотивация. Аружанның алдағы асулары Азия чемпионаты мен 2028 жылғы Олимпиада ойындарында топ жару болып отыр. Чемпион қызымыздың биік шыңдарды бағындыруына және Қазақстанның абыройын асқақтататынына сеніміміз мол.
– Біздің қыздардың әлем чемпионатында көрсеткен нәтижесі – үлкен еңбектің, төзімділік пен мықты командалық жұмыстың жемісі. 73 мемлекеттің арасынан топ жарып, қоржынымыз медальға толғанына қатты қуанып жатырмыз. Жарысқа әртүрлі салмақ дәрежесінде 12 боксшы қызымыз қатысып, оның 9-ы жүлделі орындарға ие болды. 2 алтын, 1 күміс, 6 қоламен осы әлем чемпионатын керемет деңгейде өткіздік деп ойлаймын, – дейді қыздар құрамасының аға бапкері Жангелді Ахметов.
Жалпы бокстан Қазақстан құрамасын тұрақты ақпараттандырып отыратын спорт журналистері бар. Соның ішінде Аслан Қаженовты баса айтқанымыз жөн. Әлем біріншілігін көзбен көріп, елге хабар беріп отырған журналист чемпионатқа қатысты өзінің пікірін білдірді.
– Осы тарихи жетістікке негіз болған бірнеше фактор бар. Біз көбіне спортшылардың дайындығын айтамыз. Мамандардың біліктілігін айтамыз. Оның сыртында жасалып жатқан жағдайлар тағы бар. Ал ең негізгі фактор деп ауызбіршілікті алға тартар едім. Өйткені әлем чемпионатына дайындық кезінен бастап куәгермін. Жарыстың басы-қасында да болдым. Қазақ боксының тарихижетістігіне негіз болған ең басты фактор – ауызбіршілік, – дейді ол.
Журналистің пікірінше, бұл жетістікте барлық қатысушының еңбегі бар. Президенттің Париж Олимпиадасынан кейін реформалар туралы тапсырмасынан бастап, спортқа жауапты министрлік, Қазақстан бокс федерациясының басшылары, бапкерлер, дәрігерлер, массажистер, диетологтар, психологтар, спортшылар мен ата-аналар – барлығы жұмыла әрекет етудің арқасында осындай тарихи нәтиже тіркелді.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!