Сыр жұртшылығының сүйікті командасы “Қайсар” футбол клубы бүгінде Түркия жерінде жаңа маусымға дайындығын пысықтауда. Команданың алға қойған мақсаты айқын. Жаңа жоспармен ел біріншілігінде бағын сынайды. Сұлтан Әбілдаев бапкерлік қызметке тағайындалған сәттен қасқырлар жаттығу жұмысына кірісіп кетті.

Алдымен жергілікті футболшылардың арасында іріктеу жүргізіп, қажеттісін Анадолыға аттандырды. Сұлтан Тоқатайұлының жұмысының бір ұнаған тұсы, құрамға бірден футболшыларды қабылдаудан аулақ. Көмекшілерімен бірлесіп, іріктеу жүргізіп, талапқа сай болғанын отандық футбол біріншілігіне қатысуға мүмкіндік бермек. Бұл қадам Еуропалық скауттар үшін ерсі болуы мүмкін. Бірақ Сұлтан бапкердің мұндай шешіміне қос қолды көтеріп қолдауға болатындай. Өйткені мұндай іспен туризмді түгендеп, турист болып жүрген аяқдопшыларға жол жоқ. Бүгінде команданың жаттығу жиынында бірнеше футболшы қаралымда жүр. Атап айтсақ, Армения құрамасының футболшысы Гегам Кадимян, Беларусь құрамасының қорғаушысы Сергей Карпович, Литва құрамасының қос аяқдопшысы Линас Климавичус, Коралис Лаукжемяс, черногориялық шабуылшы Стефан Денкович, ресейлік футболшылар Артем Леонов, Егор Потапов,  ел футболының түлектері Арман Кеңесов, Марат Шахметов, Ұлар Жақсыбаевтар бар. Әзірге жаңа футболшылармен келісімге келген жоқ. Өйткені ФИФА тарапынан “Қайсардың” трансферде ойыншы алуға шектеу бар. Алдағы аптада клубтың заңгерлері ФИФА-ның дауларды қарастыру палатасымен жұмыс жүргізіп, футболшы тіркеуге рұқсат алудың амалын қарастыруда.

Жігіттердің Жерорта теңізінің жағасында жаттығып жүргеніне 10 күннен асты. Екі жолдастық кездесу өткізіп, біреуінде жеңіп, біреуінде тең түсті. Тәжірибе жинақтау мақсатында бапкерлік құрам осал қарсыласты таңдаған жоқ.

Жуырда клуб директоры Серік Досманбетовтың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Сонда Серік Құттыбайұлы: “Жаңа маусымда жанкүйерлерді қуанту үшін барымызды саламыз. Алғаш рет Еуропа лигасына қатысып, қолтаңбамызды қалдырдық. Енді сол лигада неге қайта ойнамасқа? Біз Қазақстан кубогының үш дүркін жеңімпазы болуға күш салатын боламыз” деп алға қойған мақсатын айтты. Ендеше жаңа маусым жақсылығымен келсін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!