Ел бірін­шілігінің 25-туры қызылорда­лық “Қайсар” үшін маңызды болды. Бұл ойында команда капитаны Мақсат Байжанов кәсіби мансабын аяқтау туралы шешім қабылдаса, турдың орталық матчында алаң иелеріне ұпайдан шашау шығармау керек болды. Өйткені “дала қасқырларына” тең нәтиженің өзі премьер-лига жолдамасын жеңіп алуға жеткілікті. Кездесуге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы келіп, “дала қасқырларына” қолдау көрсетті.
Турдың орталық матчына баланған кездесуде есеп ашылмады. Тоқсан минуттық тартыста бір ұпай еншілеген “Қайсар” 55 ұпаймен мерзімінен бұрын премьер-лигаға жолдама алды.
Ойын нәтиже­сінен кейін аймақ бас­шысы Сыр жан­кү­йер­лерін “Қай­сар­дың” премьер-лига жолдамасын жеңіп алуымен құттықтады. Сонымен қатар команда капитаны Мақсат Байжановқа құрмет көрсетті.
– Сыр спортының саңлағы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың үлкен спортпен қоштасу рәсіміне жиналып тұрмыз. Мақсаттың спорттық межесі мерейімен айшық­талады. Ол жеңісті де, жеңілісті де бастан кешірген, бірақ жеңісі үстем, көргені көп, түй­гені мол тар­лан­боз жігіт. Байжа­новтың бабы ел біріншілігінде 500-ге жуық ойын өткізіп, 80-ге жуық гол соққан мергендігімен де көрінді. Сондай қысылтаяң шақта команда жауапкершілігін арқалаудың аманаты ауыр болады. Міне, Мақсаттың мықтылығы осынысымен озық тұр. Сол себепті жанкүйерлер оны құрметтейді, қаншама жас буын оған қарап бой түзеуге тырысады. Сыр спорты жасай берсін, – деді облыс әкімі.
Ша­ра бары­сында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мақсатқа Сыр халқының атынан теміртұлпар кілтін табыстады.
Сонымен қатар аймақ басшысы келер жылы Қызылордада жаңа стадион салу бастамасы қолға алынатынын айтты.
– Ресейдің Краснодар қаласында былтыр 10 мың орындық 12 миллион долларға жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де сондай жаңа стадион құрылысын бастауға ниеттіміз. Бұл ұсынысты жерлестерім, ірі компаниялар және кәсіпкерлер қолдайды деп сенемін, – деді Н.Нәлібаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!