Соңғы уақытта «Қайсар» командасының ойыны ширақ, ұпайы түгел. Ойынға дайындығы да көңіл көншіте бастады. Мұндай оң нәтижені футболдан ел біріншілігінің бесінші турынан да аңғару қиын емес. Жуырда Премьер-лигада бақ сынаған қызылордалық «Қайсар» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Аталған ойынның бағыт-бағдарын саралап көрелік.
Есте болса, биыл екі команданың да аяқалысы сәтсіз басталды. «Қайсар» алғашқы үш турда бір ғана ұпай еншілесе, төртінші турда сырт алаңда Ақтаудың «Каспийін» жеңіп, жанкүйер көңілін бір серпілтіп тастағандай. Қарсылас – қарағандылық клуб да төрт ойында ұпай олжалап, турнир кестесінде төменгі орынға жайғасқан еді.
Содан болар, қос команда бұл ойыннан үмітті болды. «Ә» дегеннен шабуыл үдеп, алғашқы минуттан қарбаласқа ұласты. Қарағандылық клуб бірінші шабуылында «Қайсар» қақпасынан саңылау тапты. Қызылордалық қорғаушылардың қателігін пайдалана білген «Шахтер» шабуылшысы Иван Свиридов командасын алға шығарды.
Алаң иелері де қарап қалмады. Бірден тізгінді қолына алуға тырысып, қос қанаттан шабуылды көбейтті. Қарағандылық клубты тықсыруға көшіп, бірнеше мәрте бұрыштама добы берілді. Осындай сәттердің бірінде «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Горан Милойко ұлттық құрама қақпасын күзетіп жүрген Игорь Шацкийді қапы қалдырып кетті. Бұл – ойынның 19-минуты болатын.
Жерлестеріміз бұдан кейін де тізгінді өз қолына алуға тырысты. Белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде 39-минутта қызылордалық қорғаушы Әділет Кеңесбектің тепкен добы қақпа торында тулап жатты.
Ойынның екінші кезеңінде қарағандылық команда есепті теңестіруге ұмтылды. Тоқсан минут түгесілер тұста олардың басымдығы байқалып тұрды. Десе де таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Нәтижесінде «Қайсар» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Турнир кестесінде сегізінші орынға көтерілді.
Енді жерлестеріміз алдағы ойынын 15 сәуірде Талдықорғанда «Жетісу» командасына қарсы өткізеді.
Айта кетсек, бесінші турда «Қайрат» өз алаңында «Жетісуға» 2:3, «Тобыл» «Астанаға» 0:1 есебімен есе жіберсе, «Ордабасы» мен «Ақтөбе» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ, «Оқжетпес» «Ақсуды» 3:0, «Мақтарал» «Каспийді» 3:1, «Қызылжар» «Атырауды» 1:0, «Қайсар» «Шахтерді» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетейік, бұған дейін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 4-турының алғашқы ойыны өткен болатын. Онда Ақтаудың «Каспий» командасы мен Қызылорданың «Қайсары» кездесті. Ақтаудағы стадионның дайын болмауына байланысты ойын Алматы қаласындағы «Жас Қыран» стадионында өткізілді.
Қазірге дейін командалар турнир кестесінде төменгі орындарда келе жатқан еді. Ақтаулық ұжым үш турда бірде-бір ұпайға қол жеткізе алған жоқ. Ал қызылордалық клубтың еншісінде небәрі бір ғана ұпай болды.
Ойын басынан қос команда бірден шабуылға көбірек шығуға көңіл бөлді. Көп сәтте «Қайсар» ойыншыларының белсенділігі байқалды. Нәтижесінде олардың қатарынан 27, 32-минуттарда Василий Совпель екі мәрте мергендік танытты.
Ойынның 54-минутында қызылордалық клубтан Бақдәулет Зульфикаров есепті үстемелей түсті. Ал 63-минутта «Каспий» сапынан Алексей Залески пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Турнир кестесінде олар сегізінші орынға көтерілсе, ақтаулық клуб соңғы орынға сырғыды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!