Жуырда Сербия елінің Ниш қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатын ел жақсы біледі. Бәсі биік додада қазақ қыздары ерлік жасап, ел мерейін үстем етті. Көк туды көкте қалықтатып, 3 рет әнұранымызды шырқатты. Жер-жаһанға мықты екендерін дәлелдеп, төбемізді көкке жеткізді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылардың арасында оза шауып, «Азиядағы ең үздік құрама» атанды. Бұған дейін де дәлелдеп келдік қой, бірақ бұл жолғы жеңістің жөні тым бөлек.

Жарысқа құрамамыздан 12 боксшы қатысып, оның 6-ы жүлделі орындардан көрінді. Қаракөз қыздардың тарихи жетістіктерін назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені араға 10 жылдай уақыт салып, Әлем чемпионатының биік тұғырына көтерілдік. Команда капитаны Назым Қызайбай бастаған құрама керемет өнер көрсетті. Әсіресе, осы Назымның сенімді жеңісін ерекше атап айтсақ болады. Жазда Париж Олимпиадасында бағы жанып, қоланы қанжылаған батыр қызымыз биыл жүлдесін еселеді.

Ол турнирде 48 келіге дейінгі салмақта сәтті өнер көрсетті. Ақтық сында ресейлік Юлия Чумгалаковамен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, Назым Қызайбай үшінші рет әлем чемпионатының финалында жеңіске жетті. Бұған дейін ол 2014 және 2016 жылы жеңіс тұғырына көтерілген еді. Айта кету қажет, елімізде бұған дейін үш дүркін әлем чемпионы болмаған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қайсар қызды жеңісімен құттықтап, тілектестігін білдірді.

«Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!

Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін», – деп жазды Ел Президенті «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ел қоржынына екінші алтынды Алуа Балқыбекова салды. Олимпиаданың кавалері ретінде Елдос Сметовті айтатын болсақ, бокстың кавалері деп Алуаны айтуға әбден лайықты. Себебі бұған дейін әлем чемпионатында күміс және қола медальды иеленген еді. Енді, міне алтын жүлдеге де қол жеткізді. Яғни, қаншама жылғы еңбек өз нәтижесін берді.

Боксшы қызымыз финалда 50 келі салмақта қытайлық Ху Мэиймен жұдырықтасты. Жақсы қорғана білген Алуа шабуылда да дәлдігімен көзге түсті. Нәтижесінде қытай спортшысын 5:0 есебімен жеңіп, мүмкіндік бермеді. Ал оған дейін Наталья Богданова 70 келіде қола медаль иеленген еді.

Алтын медальдар қатарын 63 келіде Аида Әбікеева толықтырды. Алғаш қатысып жатқан әлем чемпионатында осындай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Былтыр ғана Азия құрлығында ешкімге дес бермей, суырылып шыққан алтын қызымыз енді әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Отандасымыз ақтық сында таиландтық Тананья Сомнуекпен қолғап түйістірген еді. Аида Әбікеева үш раунд бойы жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, соңында 5:0 есебімен жеңді.

Алтынға бергісіз күміс жүлдені 60 келі салмақта Виктория Графеева жеңіп алды. Викторияның әлем чемпионатына алғаш қатысуы. Сондықтан осындай ірі жарыстарда күміс алу жақсы нәтиже. Былтырғы жылғы Азия чемпионатында топ жарған Викторияға артылатын үміт зор. Ол финалда ресейлік Нунэ Асатрянмен өзара мықтыны анықтаған еді. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен Нунэ Асатрян басым түсті.

Тағы бір күмісті 81 келіден жоғары салмақта Елдана Тәліпова иеленді. Елдананың да әлем чемпионатына алғаш рет қатысқанын айта кеткен жөн. Отандасымыз финалда Қытай спортшысы Чжан Иляньмен жұдырықтасты. Төрешілердің шешімі бойынша жеңісЧжан Иляньға бұйырды.

– Әлем чемпионаты біз үшін сәтті аяқталды. Әрине, көңіл күй керемет. Қыздарымызға алғашқы күннен бастап тақымын қысып жанкүйер болған қазақ еліне алғысымды айтамын. Үш рет Әнұранымыз шырқалып, Туымыз көкке көтерілді. Бұл – ортақ жеңіс. Барлық бапкерлерге, спортшы қыздарымызға және алаң сыртындағы білікті мамандарға көп рақмет! – деді құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин.

Осылайша Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінде үш алтын, екі күміс және бір қола медальға ие болды. Жалпы командалық есепте Ресей құрамасы көш бастаса, қазақстандық құрама екінші орынға жайғасты, ал үздік үштікті Түркия қорытындылады. Оның үстіне Қазақстан Азия құрлығындағы ең үздік ұлттық федерация ретінде танылғаны тағы бар.

Аруларымыз IBA-дан 465 мың доллар сыйақы алды. Алтын медаль үшін – 100 мың доллар, күміске – 50 мың, қолаға 25 мың тағайындалған. Одан бөлек ширек финалға жеткендерге 10 мың доллардан сыйақы берілді.

А.БАҚЫТҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!