Спорт – салауатты өмір салтын қалыптастырып, денсаулықты нығайтатын ел мерейін асырып, абыройын тасытатын ең үлкен сала. Спортты жанына серік етіп, аудан намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғап үлкен жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз да аз емес. Ел намысын қорғап, әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген саңлақтарымыздың шығуына аудандық мәдениет және спорт бөлімінің, оның ішінде «Наркескен» спорт клубының үлесі зор. 

Индияның Нью Дели қаласынан тағы бір жағымды жаңалық жетті. Онда өтіп жатқан гір спортынан әлем біріншілігінде жерлесіміз, аймақ мақтанышы Қайсар Төлеген жеңіс тұғырынан көрініп, тұтас мемлекеттің мерейін үстем етті. Байрақты бәсекеге әлемнің 30 мемлекетінен 800-ге жуық спортшы қатысса, оның жүзге жуығы – қазақстандық спортшылар. Білектілер сайысында саңлақтар 63-тен 95 келіден жоғары салмақ арасында өзара мықтыны анықтады. Жерлесіміз Қайсар Төлегенұлы бұл додада 73 келі салмақта сынға түскен.
Қайсардың бапкері – қазір спортсүйер қауымның ауызында жүрген Абдул­хасан Сей­тенов. Иә, бұлай дейтін­дей жөніміз бар, бүгінде гір спорты хақында қоғамда әңгіме өрбісе, жас та болса, осы білікті бапкердің есімі елдің ауы­зында қатар аталады. Сөзінен ісі алда жүретін азамат­тың өзі де бүгінге дейін талай байрақты бәсеке­лерде ел мерейін үстем етіп, көк туымыз­ды биіктен желбірет­кен болатын. Азияны екі мәрте бағындырған спорт­шының бапкерлік қабілетіне ешкімнің сын таға алмасы хақ.
Дүбірлі додада Қайсар Төлеген гір тасын ұзын циклды серпе көтеру бойынша сынға түскен болатын. Бұл сайыста қатысу- шыларға 10 минут уақыт берілген. Осынша уақытта 32 келілік 2 гір тасын 45 рет бағындырған мақтанышымыз үздік үштікті түйіндеді. Ал бірінші және екінші орындарға ресейлік спортшылар жайғасыпты. Жерлесіміз бұл жетістігін бапкермен жасаған ұзақ жылдық жаттығумен байланыстырады.
– Жалпы гір спортымен 7 сыныптан бері айналысып келемін. Мені сол уақыттан бері бапкерім Абдулхасан Жанатұлы жаттықтырады. Сол білікті бапкерімнің берген тәлімінің арқасында бойдағы күшті қабілетпен байланыстырып, бұған дейін де талай додаларда жеңіс тұғырынан көріндім. Салада жеткен барлық жетістігім сол жаттығу залында өткен күндердің жемісі деп білемін. Бұл жеңісімді барша отандастарыма арнаймын. Алдағы уақытта мұнан да биік белесті бағындыруға тырысамын. Алда әлі жарыстар бар, енді соған дайындықты бастауымыз қажет. Биылғы қорытынды, яғни гір спортынан Қазақстан кубогына арналған дода күтіп тұр. Бұл жарыста да жерлестерімді жерге қаратпаймын, – дейді жеңімпаз.
Қайсар Төлеген – Жалағаш ауданы Дәуімбай елді мекенінде орналасқан З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің түлегі. Ол бүгінде облыс орталы­ғындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­сите­тінің «Дене шынық­тыру» факультетін­де облыс әкімінің білім грантымен оқуда. Бұған дейін салада жеткен жетістігін тарқатып айтсақ, Қайсардың атына заты сай азамат екеніне көз жеткізесіз.
Жалағаштық спортшы осыған дейін Қазалы қаласында өткен «Алтын күз» ауыл спартакиадасында да 73 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Мұнан бөлек, «Ақбидай» сайысында, ҚР біріншілігінде де жеңіс тұғырынан көрініп, аймақтың мерейін үстем еткен болатын. Сондай-ақ Бурабайда өткен гір спортынан Азия біріншілігінде де Қайсарға қарсылас шақ келмеді. Осылайша, ол ел намысын қорғап, көк туымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды шырқатты.
Айта кетерлігі, спортшы – «Наркескен» спорт клубының түлегі. Соңғы уақытта аталған спорт клубынан шыққан саңлақтар дүбірлі додалар мен байрақты бәсекелердегі жеңіс тұғырынан жиі төбе көрсетуді дәстүрге айналдырған. Ғалымжан Ержанов басшылық ететін ұжымның жұмысы жүйелі, мақсаты айқын. Айтпақшы, Қайсар Төлегеннің Индияға баратын жолақысы мен басқа да шығындарға Ғалымжан Ержанов өз қаржылай қолдау көрсетіпті. Шын спорт жанашыры осылай болса керек. Бастысы нәтиже бар. Оң нәтижеге жетуде бар қабілетін, қолдауын аямайтын азаматтар тізгінді алған кез келген салада серпін болары айтпаса да белгілі. Бұл сөзімізге бір ғана спорт клубының бүгінгі жүйелі жұмысы тұздық болып отыр. Жас спортшылар кәсіби деңгей мен шеберліктерін арттыру мақсатында респубикалық, әлем біріншіліктерде бақ сынап келеді. Қандай спорт түрі болмасын қайсарлық пен жігерлігімен көзге түсіп, сан сайыста жеңіс тұғырынан көрінуіне тілекшіміз.

К.ҚАЙРАТБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!