28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Сыр журналистикасының саңлағы Сағитжан Бермағанбетовты еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті.
Жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл спорттық шара – өңір журналистикасының көрнекті өкіліне деген құрмет қана емес, сонымен қатар қаламгерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік байланыстарды нығайтуды көздейді.
Ашылу салтанатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, журналистер қауымының қоғамдағы орны мен еңбегінің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар Сағитжан Бермағанбетовтің анасы Меруерт Бақбергенова да сөз алып, ұлының есімін ұлықтап жатқан барша азаматқа алғысын айтып, ақ батасын берді.
Турнирдің шымылдығын түрген кездесу «Сыр медиа» және республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері арасында болды. Тартысты ойында тең тарқасқан қос команда топтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Мұнан бөлек, «Qyzylorda» телеарнасы, «Қоғам ТВ», облыс әкімдігі мен «Ағаш pen» командалары топтан шығу үшін тартысты ойындар өткізді.
Үшінші орын үшін таласта облыс әкімдігінің құрамасы меншікті тілшілерге есе жіберсе, ақтық сында «Қоғам ТВ» командасы «Qyzylorda» телеарнасының жігіттерінен пенальти сериясы бойынша басым түсті. Осылайша «Қоғам ТВ» командасы өз тарихында алғаш рет турнир жеңімпазы атанды.
Мұнан бөлек аладоп бәсекесінде көзге түскен Бауыржан Қожамұратов – «Үздік ойыншы», Шыңғыс Нұрбай– «Үздік шабуылшы», Нұрлан Жақыпбеков – «Үздік қорғаушы» және Абзал Жолтерек – «Үздік қақпашы» бағамына ие болды.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар табысталып, арнайы сыйлықтар үйлестірілді.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!