Токио Олимпиадасының қол жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев әлі талай елдің абыройын асқақтатып, жеңісті күндер көп болатынына сенімді екенін жеткізді.

«Барша қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын! Егеменді елде туылып, Тәуелсіздіктің төл құрдасы болғаныма қуанамын. Ең алғаш боксқа келуіме себепші болған жанның бірі – туған ағам еді. Содан бері спорт саласында жүргеніме 16 жыл толды. Осы уақыт аралығында кәсіби бокста шыңдалып, түрлі жекпе-жектерге қатыстым. Жақында «WBA Gold» чемпиондық атақ үшін ауыр салмақта жекпе-жек өткен болатын. Бұл кездесу 12 раундқа жоспарланған еді. Алайда жетінші раунда қарсыласымның жарақатына байланысты жекпе-жек тоқтатылып, жеңіс бізге бұйырды. Осылайша кәсіби бокста 4-ші жеңісіме қол жеткіздім. Қарсыласым туралы айтатын болсам, Стивен Уорд Ұлыбританиялық кәсіби боксшы. Ол кәсіби бокста 14 рет жекпе-жек өткізіп, біреуінде ғана жеңіліске ұшыраған. Алға қойған жоспарларымның бірі келесі жылы наурыз айында тағы кездесу өткізу ойда бар. Әлі талай елімнің абыройын асқақтатып, жеңісті күндер көп болатынына сенімдімін», – дейді боксшы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!