Әлемдік футбол тарихында аңызға айналған спортшылардың басым дені шабуылдаушы ойыншылар. Кейде ойыншылардың тасасында қақпашының кәсіби шеберлігі байқалмай, лайықты бағасын иеленбейтін сәт те кездесетіні жасырын емес. Қазақстан спорт кеңістігінде де аталған кемшілік бары анық. Алайда соңғы жылдары бұл бағытта сәтті жұмыстар жалғасын тауып, сәтті ойын өрнегін көрсеткен қақпашыға лайықты мәртебе беру ісі өріс алуда. Соның бір айғағы – жерлесіміз, Қызылорда футбол мектебінің түлегі Әбілқайыр Алиакбардың халықаралық жарыстан олжалы оралуы.

– Әбілқайыр Айдосұлы, жуырда халықаралық «Даму» кубогында үздік қақпашы атандыңыз. Жеңіс құтты болсын! Әңгімемізді аталған турнирден бастасақ.
– Спортшыны әрбір жарыс шыңдайды. Аталған турнир де тың тәжірибе жинауға мүмкіндік берді десем, артық емес. Жарыстың ұйымдастыру деңгейі де жоғары болды. Топтық ойында алқашқы кездесуді Russia U16 құрамасына қарсы өткіздік. Додада сәтті нәтиже көрсету арқылы басым түсіп, екінші ойында Өзбекстан U17 құрамасымен кездесуге мүмкіндік алдық. Бұл жолы да дайындықтың текке кетпегенін дәлелдеп, жеіске жеттік. Беларусь U17 құрамасымен болған ойында да жеңісті жолды қайталау қолдан келді. Тіпті, Беларусь U17 құрамасымен болған ойыннан кейін «матч үздігі» атағымен марапатталдым. Жалпы үш ойын нәтижесінде Қазақстан қақпасын құрғақ ұстадым. Өкінішке қарай ақтық бәсекеде Ресей құрамасына есе жібердік. Осылайша, құрама күміс олжалады. Ал, мен «Даму кубогы 2023» турнирінде «үздік қақпашы» атандым.
Спортқа қадам басу жолыңызды тарқатсаңыз.
– Спортқа қызығушылық отбасы өнегесінен туса керек. Бала кезімде әкемнің футбол ойнағанын көріп, жаттығу мен ойындарын тамашалау барысында мен де спортшы боламын деген мақсат қойған болатынмын. Уақыт өте келе әкем шешімімді қолдап, барынша жол сілтеп, қолдау көрсетті. Қақпашының жауапкершілігі жоғары екенін сезінуге де көмегі тиді. Жақындарымның демеуі мен бапкерлердің ақыл-кеңесі осындай нәтижеге жетуге жол ашты.
Жалпы нәтиже жаман емес секілді. Мысалы, құраманың Словения, Фарер аралдары құрамаларымен кездесуінде сәтті өнер көрсетуге мүмкіндік туды. Үш жыл ел чемпионатында күміс еншілесек, Тимур Сегізбаев атындағы турнирде жеңімпаз атандық.
– Қызылорда футбол мектебінің түлегі екеніңізді білеміз. Аталған мектеп қандай дағды мен шеберлікке қол жеткізуге көмектесті?
– Әрине, әрбір кәсіби орта спортшыны жетілдіре түсетіні анық. Қызылорда футбол мектебі де құнды тәжірибе жинауға көмектесті. Әсіресе, дағды, тактика, жалпы футболдың қыр-сырын осы мектеп қабырғасында жүріп үйрендім. Кәсіби жаттықтырушылар өз ісінің маманы екенін дәлелдеп, барынша жүйелі дайындық арқылы шыңдауға тырысты. Оларға алғысым шексіз. Соның ішінде ерекше бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткен Тимур Айтбаев ұстазымның еңбегін атап өткім келеді. Жаттықтырушы ретінде бар білген-түйгенін үйретуден жалықпай, спортшы болып қалыптасуыма үлкен септігін тигізді.
Сыр жастарының спортқа, әсіресе футболға деген көзқарасы қандай?
– Жалпы, Сыр жастарының даму қарқыны жоғары. Бүгінде арнайы футбол мектептерінен бөлек, жеке үйірмелердің саны көп. Жастарымыз сабақтан тыс уақытта футбол үйірмелеріне барып саламатты өмір салтын ұстанып, алғашқы тәжірибе жинауда. Алайда, ескеретін жайт бар. Спортты тек табыс көзі деп қарасақ, онда жеңіске жетпейміз. Спортпен бар ынта-жігермен айналысқанда ғана көңіл толатын нәтиже мен табысқа кенелуге болады.
Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!