Қазақстандық футбол клубтарына жыл сайын жергілікті биліктен 1 млрд 200 миллион теңге бөлінеді. Әрбір клуб жыл көлеміндегі барлық қажеттіні сол қаржыға қарай есептеп, шығынсыз шығуы тиіс. Алайда ол әлде қайда қиынырақ. Себебі басқасын айтпағанда ойыншыларға берілетін жалақының өзі сол берілетін қаражаттың жартысын құрайды. Одан қалды жат елден келетін келімсектерге құйылатын ақшаның өзі алаңдатпай қоймайды.
Легионерлер деп қалдық қой. Елдегі соңғы спорт жаңалықтарына сүйенсек, жергілікті «Қайсар» футбол клубы жаңа маусымда легионерлерсіз ойнайды. Яғни, қасқырлар ендігі жерде келімсектерді керек етпейді. Бұл туралы басқарма басшылығын тізгіндегініне көп бола қоймаған Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаевтың өзі айтып отыр.
– Қаншама жыл легионерлерді асырап келгеніміз жетер, өзіміздің қазақтың қара домалақ балаларын ойнатайық. Қазақ балалармен ойнап премьер-лигадан да шықпай жап-жақсы өнер көрсетуге болады деп ойлаймын. Әлбетте өзге клубтармен бәсекеге түсу алғашқыда қиын болатын шығар, алайда көш жүре келе түзелетінін ұмытпаған жөн, – дейді ол.
Расында клуб командаға легионер алуды доғаратын болса, бұл жергілікті жастарға берілген үлкен мүмкіндік болары анық. Сондай-ақ осы арқылы өзге өңірде келімсектер тасасында қалған таланттарды тартуға үлкен көмегін тигізері анық.
Ендігі жерде легионерсіз өнер көрсететін қасқырларға қаражатты тиімді жұмсай алады деуге болады. Оның арғы жағында өткен жылдардан қалған шығындарын өтеу мүмкіндігі бар.
Ендігі жұмыс клубтағы спорт директор Мақсат Байжанов пен қызметінде қалатын бас бапкер Виктор Кумыковқа жүктеледі. Егер клуб кубокта біршама кезеңге өтіп, премьер-лигадағы орынды сақтап қала алса, бұл өзге облыстарға үлгі болары анық. Содан соң барлығы осы жүйені іске асыратын болса, елдегі барлық жасыл алаңдарда тек қазақ балалары ғана доп жүрген болар еді. Нағыз қазақы команда болып саналатын «Қайсар» клубы биыл «дала қасқыры» атанып, күтпеген нәтиже тіркейді деген үміттеміз.
Айтпақшы, біз айтып отырған «Қайсар» Қызылорда облыстық футбол клубы ЖШС өткен аптада басшысын да ауыстырып үлгерді. Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының бұйрығына сәйкес, бұл қызметке Талғат Әбдіғаппарұлы тағайындалды. Жаңа басшы жергілікті команданы жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенейік.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!