Жуырда Сыр халқы жергілікті «Қайсар» футбол клубының жаңа құрамымен танысты. «Достық» үйінде өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов арнайы қатысып, «Қайсар» футбол клубының жаңа маусым ойындарына сәттілік тіледі. Өткен жылы «Қайсар» футбол командасының құрамында 11 легионер өнер көрсеткен. Осы ретте аймақ басшысының бастамасымен елімізде алғашқылардың бірі болып команда легионерлерсіз жасыл алаңған шығады.
Қазіргі таңда «Қайсар» командасының құрамындағы 25 футболшының 6-ы команда сапына жаңадан қосылған ойыншылар. Олардың арасында Қазақстан құрамасының ойыншысы Айбол Әбікен, ел чемионатының 8 дүркін жеңімпазы, тәжірибелі қақпашы Александр Мокин, Қазақстан жастар құрамасының футболшылары Роман Божко, Никита Губарев, Нұрдәулет Ағзамбаев, Жалғас Жақсылықов бар.
– Аймақ басшысының бастамасымен «Қайсар» футбол клубы легионерлерсіз, яғни жергілікті футболшылармен жаңа маусымды бастайды. Осы бастама арқылы футболшыларымыздың жасыл алаңдағы деңгейін арттыруға және олардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жол ашылады деп сенеміз. Осы жылы өтетін чемпионаттарда «Қайсар» бар мүмкіндігін пайдаланып, жанкүйерлерді қуантады деп сенеміз. Бұл ретте, футбол клубының білікті бапкері Виктор Кумыковқа үлкен жауапкершілік жүктелді. Сондықтан футболшыларымыз жерлестерін жеңістермен қуантады деп ойлаймын. Облыстың спорт саласын қарқынды дамыту аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, облыс әкімінің қолдауымен аймағымызда заманауи үлгідегі спорт кешендері салынып, ел игілігіне табысталуда. Соның бірі – Қызылорда қаласының сол жағалауында құны 20,9 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ, өткен жылы Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Осындай игі жұмыстардың нәтижесінде спортшыларымыз биік белестерді бағындырады деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы.
Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары футболшыларға жаңа жейде табыстап, ойыншылармен естелік суретке түсті. Шара мерекелік концертпен жалғасты.
Еске салайық, кезекті ел біріншілігіне Қызылорданың «Қайсары» тыңғылықты дайындалды. Түркияда екі оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Еуропаның 10 командасымен шеберлік шыңдады. «Қасқырлар» Қазақстан чемпионатындағы алғашқы кездесуін 2 наурызда астаналық «Жеңіске» қарсы бастайды. Кездесу Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда өтеді.
Шындығында құрамында бірде-бір легионері жоқ елдегі жалғыз команданың осы жылы қандай нәтижеге қол жеткізіп, қай орынға тұрақтайтыны беймәлім. Сондықтан бапкер мен ойыншыларға артылатын жүк жеңіл емес. Бастысы жанкүйер артқан сенімді ақтай білсе деген тілегіміз бар.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!