фото: caravan.kz

Жүректерді жаулап, көп жанкүйердің өмірлік қызығушылығына айналған спорттың бірі және бірегейі – футбол. 1846 жылы бастау алған соккер – күні бүгін әлемдік деңгейде еңсесі биік спорт. Мақаламызда қазақ жеріндегі футболдың тарихы мен бүгініне көз жүгіртіп, доп тебу ойынының Қазақстандағы жағдайы туралы сөз қозғамақпыз.

Тарих тақтасы

 Ең алғаш Семейде ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» және «Ярыш» атты футбол командалары пайда болды. Зерттеулерде спорттың бұл түрін қазақ жеріне ағылшын саудагерлері әкелді деген деректер бар.

«Ярыш» – Семейде құрылған тұңғыш футбол командасы. Сондайақ халықаралық бәсекеде бақ сынағандардың ең біріншісі де осы команда. Ал 1921 жылы Жамбыл қаласында Қазақстандағы алғашқы футбол алаңы қолданысқа берілді. Десек те жеңістің тәтті дәмін сезіну 1940 жылы бір-ақ бұйырды. Бұл Қазақстанның бүкілодақтық деңгейде жеткен ең бірінші жеңісі еді. Алматылық «Динамо» Таганрогта өткен КСРО-ның Денешынықтыру ұжымдары кубогының финалындағы екінші матчта алаң иелері «Торпедо» құрамасын 3:1 есебімен ұтқан еді. Осылайша қазақ футболының іргетасы қаланды.

Мұхтар Әуезов – футболшы

Есімі әлемге мәшһүр «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің футболмен айналысқанын білесіз бе? Ол «Ярыш» командасының сапында дөп теуіп, әдемі ойын көрсете білген белді ойыншы болған екен. Оның футбол әлеміне еніп, із қалдыруына Николай Купрянов есімді саудагер әсер еткен. Николай Купрянов Семейге келген кезінде онымен жүздескен алғашқы қазақ баласы Мұхтар болған. Жазушының ала доп тебуге деген талпынысын аңғарған Купрянов Мұхтарға футболдың ережесі мен тәртібін үйреткен. Жас Мұхтардың футболға деген ынтаықыласы терең болған. Оның алаңдағы позициясы – жартылай қорғаушы. Команданың жүлделі ойыншысы болған ол кейіннен «Ярыш» газетіне материалдарын жарыққа шығарып, спорт мәселесін, сонымен қатар әзілсықақ, сын-сатираларды жариялап отырған.

 «Әттеген-айы» аз емес

 Қазіргі қазақ футболына ойыссақ. Қазақстандағы футбол қарыштап тұр немесе төмен дәрежеде деу қиын. Оған себеп те, дәлел де көп. Мысалға келтіретін де дүние аз емес. ФИФА-ның мәліметтері бойынша, ең үздік деген нәтиже 2016 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы 83-ші орынға жайғасқан кезде болған еді. Алайда қазір Қазақстан ұлттық құрамасының рейтингі едәуір төмен түсіп тұр. Елдер арасында 100- ші орынға табан тіреп, сәуір айында 103-ші орынға дейін түсіп кеткені мәлім болды. Десек те Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасы ФИФА мәліметтері бойынша әлемде 8-ші орынға жайғасқан. Еуропадағы үздік құрама деп танылған футзалдың ұлттық құрамасы УЕФА рейтингісі бойынша 4-ші орынға тұрақтап тұр.

Магомед Адиевтің тәлімгерлігімен ел намысын қорғаған жігіттердің соңғы матчы 21 наурыз күні өтті. Ұлттар лигасында Люксембург құрамасымен текетірескен ұлттық құрама 1:2 ұпаймен ұтылып, нәтижесінде ЕУРО 2024-ке қатысу мүмкіндігінен айырылып қалды. Бұл матчты тамашалаған көп қазақ жанкүйер наразылық танытып, әлеуметтік желі біраз шулаған еді.

 Ұлттық құраманың экс бас бапкері Магомед Адиевтің кезінде 21 матч өткізіп, 11-і жеңіспен аяқталды. 9 матчта топ жарған ұлттық құрама тек 1 ойында қарсыласымен тең түсті. 21 матчта қарсыласқа 28 гол салып, 29 голды тасада қалдырған.

Мамыр айының соңында бас бапкерлік қызметін босатқан Адиевтің орнына ресейлік Станислав Черчесов келді. Бапкерлік мансабында Ресей чемпионатының күміс жүлдегері, Польша чемпионы, Польша кубогының жеңімпазы, 2018 жылғы әлем чемпоионатының ¼ финалында Ресей құрамасына тәлімгерлік етіп, Мажарстан чемпионы, Мажарстан кубогының иегері атанған. Черчесовтың Қазақстан құрамасындағы бапкерлік дебюті қыркүйек айында өтетін Ұлттар лигасындағы Норвегиямен өтетін матчта болады деп күтілуде. Оған дейін бас бапкердің міндетін Руслан Балтиев атқарады. Осы орайда кеше ғана ұлттық құрама Армения құрамасымен жолдастық кездесуде болғанын айта кетсек. «Жақсы командаға қызықты ойын болады» деп болжам жасалған матчта ұлттық құрама 1:2 есебімен алаң иелеріне есе жіберді. Ал одан кейін Әзірбайжан ұлттық құрамасымен жолдастық матч өткізіп, 3:2 есеппен жеңіліс тапты.

Құрамның құрылымы қандай?

Ұлттық құрамада қазақстандық клубтардың сұрмергендері мен кіл озық ойын үлгісін көрсете білетін мықтылар жиналған. Құрамда 34 футболшы бар. Атап айтсақ, 3 қақпашы, 12 қорғаушы, 9 жартылай қорғаушы және 3 шабуылшы. Ұлттық құраманың капитаны қызылордалық Асхат Тағыберген.

Қазақстанда үміт күтетін футболшы аз емес. Солардың бірі Нұралы Әліп, Бақтияр Зайнутдинов, Абат Айымбетов, Рамазан Оразов, Арман Кеңесов, Максим Самородов және өзге футболшылар. Бұл тек сол тізімнен ерекше көзге көрініп, салмақты ойын көрсете білген аяқдопшылар.

Түйін. Футбол – Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан спорт. Біздің футболшыларға әлі де ала доппен тиянақты ойын көрсету үшін көп жаттығып, дұрыс әдіс-тәсілді қолдану қажет. Бұл бапкер мен спортшының кәсіпқойлығына байланысты. Ұлттық құрам әдемі ойын көрсету үшін үздіксіз оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Мұны олардың әлеуметтік желісінен де байқауға болады. Бірақ нақты техникасыз, дұрыс жүйесіз жеңістің ауылынан алшақтай береміз.

Футболға әрбір ойыншы кәсіби көзқараспен қарап, ұжымдық және командалық тактиканы шабуылда келістіре ойнау қажет. Қарсыластан екі қадам тез ойланып, оның ойнау машығына ерекше мән беруі тиіс. Сондай-ақ алаңдағы атмосфера мен жанкүйердің оған деген сенімін сезінудің де өзіндік ерекше әсері бар. Қазақ футболында өзгерістер аз орын алып жатқан жоқ, қолдау да жеткілікті. Мәселен, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше «Атлетико Мадрид» футбол клубының президенті Энрике Сересо Торресті қабылдап, қазақ футболын ілгерілетуге ықпал жасайтын бастаманы қолға алды. Мемлекет басшысы футболды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Жоба аясында испаниялық клуб қазақ жерінде академия ашып, футболсүйер жас таланттарды баптайтын болады.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!