Василий Уткин мен Георгий Черданцев – қалың қазаққа таныс есімдер. Нобель сыйлығын алған ғалымдар секілді әлемді таңқалдыратындай еңбегі болмаса да, көрермен қос азаматтың комментаторлық еңбегін жоғары бағалайды. Ресейдің азаматтары футбол трансляциясы арқылы әлемге танымал бола бастады. Футбол матчтарын жүргізудің керемет көрінісін қалыптастырған  Уткин мен Черданцевтың шеберлігін  Fifa ұйымы да жоғары бағалап, playstation ойындарына қосты. Бұл – көршілес Ресейдегі көрініс. Біздің елде бұл қызметтің сапасы қандай? Не себепті ел комментаторларына көрерменнің көңілі толмайды? Мемлекеттік арналар мамандардың еңбегін қалай бағалайды? Комментаторлықтың айналысындағы сан сауалдың астарын ақтарып көрсек…

Дерек пен дәйек

Батыста (Еуропа) үздік комментаторлар айына 5-10 мың АҚШ долларын алады.Танымал емес яғни тізгінді жаңа алғандарға айына 300-500 долларға дейін төленеді. Орта есеппен Ресейде комментаторлар 1000-1500 доллар табыс табады. Салыстырмалы түрде НВО арнасының комментаторлары әлемде ең көп табыс табатын мамандар болып саналады. Джим Лэмпли есімді комментатор жылына миллион доллардан аса табысқа ие. Макс Келлермандыкі миллионға жуықтайды. Шақырылатын боксшылар мен бапкерлер сараптама жасап беруі үшін – 5 мыңнан 15 мың долларға дейін табыс табады.

Ербол Каиров:

Қаламақы мәселесін шешу керек

– Елімізде комментарлардың еңбегі көбіне бағаланбайды. Бұл сала Ресей немесе өзгеде батыс елдердігідей дамысын десе жағдайды жақсартуға тиіс. Мысалы, бір матчты мемлекеттік телеарнада жүргізсең қаламақы мөлшері 12 500 теңге, ал бокс, вело жарыс секілді 4-5 сағат уақытыңды жұмсайтын спорт түрлеріне қызмет көрсетсең 16 мың теңге төленеді. Бір қызықты айтайын, мемлекеттік телеарнаға қарағанда әуесқой футбол лигаларын қызметті жақсы бағалайды. Youtube желісі арқылы жүргізген матчқа әуесқой лига 20 мың теңгеге дейін төлем жасалынады. Сондықтан мемлекеттік телеарналардағы сапаны жақсарту үшін қаламақыны 25-30 мың теңгеге дейін ұлғайту керек. Адамның материалдық жағдайы жақсы болса, қызметіне де адал әрі жауапкершілікпен қарайтыны анық. Сонымен қатар  Qazsport телеарнасы комментаторлық қызметке арнайы штат ашуы керек секілді. Өйткені арнадағы комментаторлардың барлығы дерлік өзге қызметте жүріп, қаламақыға қызмет көрсетеді. Егер штат ашылса, белгілі мамандар қызметке орналасып, тек сол жұмыспен шұғылданады және ізденіс жұмыстарына уақыттары жеткілікті болады. Сондай-ақ аталған қызметке журналистика мамандығының маманы яғни спорттан мол хабары бар адамдар тізгінді ұстауы керек. Мысалы, өзім көгілдір экранға шықпай тұрып, мерзімді басылымдарда, футбол федерациясында қызмет істедім. Спорт саласында істеген қызметтік тәжірибем көбіне пайдасын тигізіп жатады.

Әділбек Жақанов:

Комментаторлыққа баулитын орталық қажет

– Жалпы комментатор болу оңай шаруа емес. Өте жауапты қызмет. Өз басымнан өткен соң, оны жақсы білемін. Бірақ біздің елде бағаланбайтын мамандық. Өйткені комментаторға төленетін ақша мардымсыз. Ал Qazsport-тан басқа мемлекеттік телеарналарда комментатор деген штаттық бірлік мүлдем жоқ. Себебі спорттық сайыстардан тікелей эфир көрсетілмейді. Бір жылдары облыстық телеарнадан жергілікті «Қайсар» футбол клубының ойындарын тікелей эфирде көрсетіп, Әлібек Байшүленов ағамызбен бірге футбол матчын жүргізгенбіз. Бұл біз үшін жаңашылдық, бір жағы үлкен тәжірибе болды. Көп ұзамай бұл жобаға қаржы қаралмай, тоқтап қалды. Әлі күнге дейін футбол сүйер көрермен неге көрсетпей кетті деп сұрайды? Яғни, қызығушылық әлі де бар деген сөз. Енді негізгі тақырыпқа тоқталсам. Қазір ерінбеген адамның бәрі спорт комментаторларын сынайды. Қазақ комментаторларын жерден алып, жерге салып жатады. Бірақ барлығына бірдей күйе жағуға болмайды. Жақсылары да бар. Бір нәрсені түсіну керек! Qazsport телеарнасы ашылған кезден бастап қана елімізде комментатор деген мамандық қалыптаса бастады. Бұрын 4 жылда бір өтетін Олимпиада кезінде немесе футболдан Әлем чемпионатында ғана комментатор іздейтін телеарналар. Рас, қой! Сондықтан бұл мамандық біздің елде енді өз орнын тауып, бірте-бірте алға ілгерілеп келе жатыр. Сосын сөзге шебердің бәрі мықты комментатор бола алмайды. Комментатор деген алаңдағы ойынды, стадионның атмосферасын көгілдір экранның арғы жағындағы көрерменге әсірелеп жеткізуші. Ол футболдың қыр-сырын, алаңдағы ойыншылардың әлеуетін жақсы білуі тиіс. Бірақ кейде әсірелеймін деп футболдан ауытқып, жаңылтпаш айтып кететіндер бар. Үйренетініміз көп әлі. Мәселенің тоқетері, комментаторлық мамандықты арнайы оқытатын немесе үйрететін бір орталық қажет. Сонда ғана олардың деңгейін көтеруге болады.

Қайырбай Төреғожа:

Керемет пен тамашадан арылуымыз керек

– Қазіргі көрермен бұрынғыдан да сауатты. Өйткені интернет ғасыры. Көзі экранда, құлағы сөзіңде. Әрбір ә дегеніңді зердесімен елеп-екшеп отырады. Сондықтан тікелей эфирден осыны асыға тосқан мыңдаған көрерменге бұл ойынды сен сөйлетіп береді екенсің, мұны басыңа қонған үлкен бақ деп біліп, қайткенде де осы сенімнен шығуды ойлауың, шаршамай-шалдықпай ізденуің керек. Ол үшін өзің жүргізген репортажды қайталап көр, кемшілігін түзе, он шақты «кереметі» және жөн-жосықсыз «тамашаларыңды» санап шық… 

Неге осы біздің комментаторлардың сөйлеген сөзі мен футболшылардың алаңдағы іс-қимылы кейде өзара қабыспай, бөлек жатады. Өйткені бірді айтып, бірге кетеді, бір көлденең әңгімені бастайды да, созып тұрып алады, сөйтіп, ойынға ілеспей жатады. Осындайда біздің бала қиялымызды тербеген орыстың Николай Озеров, Владимир Маслаченко сияқты атақты комментаторлары неге түсе кетеді? Себебі, олар алаңдағы ойынның бар суретін өздеріне жарасымды темперамент, шынайылықпен әдемі үйлестіріп, жетік бере білетін. Әрине біз осыны меңзегенде біздің жігіттерден аты аңызға айналған Николай Озеровтің шеберлігін талап етіп отырған жоқпыз. Ол әзір мүмкін де емес. Бірақ УЕФА-ға мүшелікке өткен 2002 жылдан бері футболымыз қанша түзелмей қойса да, тым болмаса, комментаторларымыздың сөз саптасы түзелуі керек. Неге десеңіз, футбол репортаждарындағы таусылмайтын «тамашалар» біздің қазіргі ойынымызға сай емесін үлкен түгілі бала да біледі ғой.

Ермек Төрениязов:

Қазақстанда кəсіби комментатор жоқ

– Біріншіден, комментаторлық біздің кəсіби мамандығымыз емес. Qazsport- тың штаттағы спорт журналистері де комментаторлықпен кəсіби түрде айналыспайды. Qazsport журналистерінің негізгі жұмысы – жаңалықтар дайындау, репортаж жасау. Комментаторлық əркімнің қалауына қарай. Уақыты бар, ынтасы бар спорт журналистері істеп жатады. Бірақ мұның негізгі жұмысқа еш қатысы жоқ. Комментаторлық – қаламақыға жасалатын жұмыс. Сол себепті де дəл қазір Қазақстанда кəсіби комментатор бар деп айта алмаймын. Кəсіби комментатор деп кімді айта аламыз? Тəжірибелі ағаларымызды айтар болсақ, Есей Жеңісұлы да кəсіби комментатор емес. Оған түбегейлі бет бұрған емес. Хоббиі ғана. Қосымша, үшінші немесе төртінші жұмысы. Əрине бұл комментаторлар өз ісіне немқұрайды қарайды деген сөз емес. Бірақ басты табыс көзінің, негізгі қызметінің басқа болуы тереңнен зерттеуге мүмкіндік бермей жатады. Комментаторға əрбір ойыншыны толық зерттеп, ізденуге уақыт жетпейді. Оның үстіне, таңертең волейболды жүргізсең, кешке биатлонды жүргізуге тура келеді. 1 жылдың айналасында 300-ге жуық спорт түріне комментаторлық жасауың мүмкін. Ал 300 спорт түрінің 30000-ға жуық танымал спортшысы бар. 30000 спортшының бəрінің өмірін, спортқа қалай келгені, жетістікке қалай жеткені, қандай өзіне ғана тиесілі əдіс-тəсілдері бар екені сияқты маңызды детальдардың бəрін зерттеп білу мүмкін емес. Ал комментатор ойын барысында мұның барлығын біліп, қажетті тұсында дөп айта білуі керек.

Əр комментатордың өз артықшылығы, өз фишкасы бар. Есей ағамыз суреткер-комментатор. Ол кісі əдемі суреттеуімен көрерменнің көңілінен шығып жүр. Ермұхаммед Мəулен тапқырлығымен, суырып салмалығымен алып шығады. Кей комментаторлар статистиканы ойнатады. Статистиканы айтудың да өз орны бар. Бас салып статистиканы айтып, ойынды ұмытып кетуге болмайды. Комментатор ең алдымен картинкамен жұмыс істеуі керек. Алдын ала міндетті түрде дайындалып, жазып алуы керек. Əрине комментаторлықтың жақсы шығуына стадионның, дəлірек айтқанда стадиондағы жанкүйерлердің əсері мол. Кейде стадионның аурасы жақсы əсер етсе, кейде «қорыққан мен қуанған бірдей» деп, комментаторлар айтатын сөзін ұмытып қалып та жатады. Жанкүйерлердің у-шуынан ақпараттың қайда кеткенін білмей қаламыз. Сол үшін ең қызықты ақпараттарды жазып жүру керек. Мысалы, Криштиану Роналду гол соқты делік. Дəл сол секундта «бұл оның карьерасындағы 700-голы» деп қызықты деректі айтып жіберсеңіз, қандай тамаша! Гол соққаннан 20 минут кейін айтсаңыз, оның маңызы жоқ. Темірді қызған кезде соғу керек. Қай стадионда өтеді, сол қаланың танымал тұрғындары, команданың танымал жанкүйерлері туралы ақпарат біліп алу керек. Көрермендердің арасында небір жұлдыздар, актерлар, бұрынғы футболшылар келіп отыруы мүмкін. Оларды жылт еткізіп көрсетіп қалғанда, кім екенін, еліне қандай еңбегі сіңгенін айтып қалсаңыз, телекөрерменге де қызық. Тағы бір кемшілік – кейде бұрмаланған ақпараттар тарап кетіп жатады. Орыс сайттарында нақтыланбаған ақпараттарды жариялайтын кездері де болады. Осының салдарынан біз де бұрмаланған ақпаратты таратып жатамыз. Осы жағын ескергенде, ағылшын тілін үйрену керек. Ағылшын тілін білу əр команданың ресми сайтынан тексерілген ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Жалпы таным кең болуы керек. Ал өз кемшілігіме келер болсам, маған эмоция жетіспейді. Гол соққан кезде, гол соғылардың алдында эмоциямен жүргізген жақсы. Бірақ шынайы шыққан эмоция ғана сəтті. Озеровтардай эмоциямен жүргізгенге не жетсін? Ресейлік Журавель де эмоцияға жоқ. Бір матчта Торс «сұрапыл» гол соқты. Еш эмоциясыз «Гол» деп қана айтты. Сонда серіктес-комментаторы Черданцев: «Мынадай голды күнде көріп жүргендей айттыңыз ғой» дегені бар. Футболға эмоция өте керек. Ал басқа спорт түрлерінде көбіне анализ басты рөл атқарады. Көрермен ретінде де жіліктеп беретін комментаторларды жақсы көремін. Жандос Айтбайдың жүргізгені ұнайды. Жілігін шағып тұрып айтып береді.

Абай Отар:

Қазақ комментаторлары алаңда болып жатқан оқиғаны ашуға емес, әдемі сөз тіркесін іздеумен уақытын өткізеді

– Қазақ тілді комментаторлар мәселесі бүгін ғана туып отырған жоқ. КСРО кезінде де комментаторлар сынға ұшыраған. Дегенмен бүгінгі қиындықтың тууына кадр жетіспеушілігі әсер ететін секілді. Біздегі комментаторлар кез келген спорт түрін жүргізе береді. Ал журналист өзі сөз етіп отырған спорттан хабарсыз болса, қандай сапалы өнім шықсын?!  Ал түрен түспеген тақырыпты терең қаузайтын маманның жоқтығынан, спорттан сәл хабары бар адам комментатор болып кетеді. «Қазақ комментаторлары алаңда болып жатқан оқиғаны ашуға емес, әдемі сөз тіркесін іздеумен уақытын өткізеді» деген пікірдің қалыптасуына осының әсері бар. Меніңше, біздегі комментаторлардың ең үлкен кемшілігі – ойынға лайықты дайындалмау және эмоцияның жоқтығы. Бір ғана мысал келтірейін, Лондон Олимпиадасында Зульфия Чиншанлоның алтын алғанын хабарлаған комментатордың дауысынан қуаныш байқалмады. Екінші алтын! Ал комментатордың дауысы тым солғын. Көбіміз футбол көргенді ұнатамыз ғой. Әр елдің комментаторларының өз ерекшелігі бар. Испандықтар соғылған допты хабарлағанда «го-о-ол» деп созып айтады, арабтарда бір сөзді бірнеше рет қайталайды. Екі тілді түсінбесем де, комментатордың даусынан-ақ қаншалықты беріле жүргізіп отырғаны анық байқалады. Ағылшындардың арасынан Мартин Тейлордың жүргізгені ұнайды. Бір байқағаным, шетелде сол спорттың майын ішкен маман немесе бұрын сонымен айналысқан спортшы комментаторлықпен айналысады. Мұндай үрдіс көрші Ресейде де бар. «НТВ+футбол» арнасының журналисі Константин Генич бұрын футболшы болған. «BBC» арнасының комментаторы Гари Линекер де жасыл алаңда доп тепкен. Ал оның ФИФА түзген ең үздік 100 ойыншының арасына кіретінін біреу білсе, біреу білмейді. Меніңше, комментаторларға үлкен дайындық керек. Тіпті, дайын сөз тіркестерін алдын-ала әзірлеп қойғаны жөн. Мәселен, «Роналдудың тепкен добы зеңбіректен атылғандай зулады», «Тьяго Сильва қақпаға бағытталған әрбір допқа басын тосады», «Доп пен қақпашы жекпе-жегінде Петр Чех жеңіске жетті» деген тәрізді нұсқаларды ойын басталмастан бұрын жоспарлап қоюы керек. Өйткені Роналду әрбір ойында қақпаға оқша боратып соққы бағыттайтыны, Тьяго Сильваның допты тоқтату үшін жанкештілік танытатыны белгілі. Комментатордың деңгейін көрсететін тағы бір жағдай – оның ойынды қаншалықты түсінетіндігі. Тек алаңда, татамиде болып жатқан оқиғаны ғана емес, енді не болуы керек екенін болжап отырғаны абзал.

Руслан Меделбек:

Спортшылар комментаторлыққа келуі керек

– Уткиндей сауатты болу қажет. Оның футбол матчынан кейінгі әрбір сөзі мемге айналып кетеді. Ол өзінің саласын біледі, ол спорт саласының менеджері. Біздегі қазақ журналистері мен ресейлік журналистердің айырмашылығы жер мен көктей. Ресейдегі спорттық мансабын аяқтаған спортшылар журналистикаға келіп, комментатор болып жатады. Бұл әлем бойынша қалыптасқан тәжірибе. Бізде де іске асыруға тырысып жатырмыз, бірақ жолға қойылған жоқ. Мысалы, Анна Алябьева келді, бірақ тележүргізушіліктен аспады. Әлия Юсупова да талпынды, тек сарапшы болып қалды. Бізге олардың комментаторлыққа келгені керек. Қазақ спорт журналистикасы әлемдік стандарттарға ауысқан жоқ.

Ермұхамед Мәулен:

Көрермен 3-4 комментарды ғана жақсы қабылдайды

– Қазақ өзі шешен халық, айтқыш халық емес пе? Суырып-салма, ақын болса да құптарлық. Спорттан хабары мықты болуы тиіс. Керек кезінде әзілдеп, астарлап, жағдайға байланысты айтары бар және бүкіл футболды сөзбен ойната алатын адамдардың нағыз комментатор болатынына сенемін. Кәсіби комментатор негізінде айына ары кетсе он ойынды жүргізгені дұрыс. Ол соған 400-500 мың теңге алуы тиіс. Ол демалып, ізденіп, шет елге шығып ойындарды тамашалап, шабыттануы керек. Ал бізде қалай, өзі бір мекемеде айлыққа жұмыс істеп, кешкі уақытта не түнде қаламақыға комментатор болып қызмет етеді. Бұл дұрыс емес. Комментатор көбірек демалуы керек, ізденіп, әлеуметтік желіде кім не айтып жатқанына шолу жасауға міндетті. Футбол – әлемдегі бірінші спорт. Басқа спорт түрлерін сол футбол мен бокс секілді сараптама жасап жүргізе алатын комментаторлар жоқтың қасы. Бұл салалық комментаторлықтың дамымағандығының көрінісі. Елімізде бір ғана спорт арнасы болғандықтан, комментаторлардың саны да аз. Мысалы, үш айда бір көрсетілетін тенниске арнайы комментатор ұстап отырудың өзі біраз шығын келтіреді және футбол комментаторларын сынап жатқанда, теннис шолушысына қандай пікір келетінін айтудың өзі қиын. Бұл сала елімізде де шет елдерде де комментаторлық үйрететін арнайы курстар немесе оқу орындары жоқ. 2011 жылы Азиада өткен уақытта елдің барлығы спорт туралы жаза бастады, сол кезде шыққан мақалалардың көбісі сын көтере алмайды. Бүгінде жағдай жақсарып, спорт журналисінің саны мен сапасы да артқанын байқауға болады. Қазір ел танитын он шақты комментатор бар, оның ішінде 3-4-інің ғана жүргізгенін ел жақсы қабылдайды.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!