Мәдениет және спорт министрлігі қазақ күресі спортын дамытуда бірқатар жұмыс жүргізуде. «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға енген соңғы өзгерістерге сәйкес, Білім және ғылым министрлігімен тығыз жұмыстар жүргізілуде.

Ұлттық спорт түрінің компоненттері білім саласының барлық деңгейінде дене шынықтыру пәнінде енгізіліп жатыр.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өкен брифингте ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Ұлттық спорт түрлері және спорттағы мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов мәлімдеді.
«Ұлттық спорт түрлерінің тізімі бекітілді. Алдағы уақытта «қазақ күресі», «асық ату» және «тоғызқұмалақ» спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 4-17 жастағы балаларға спорт секцияларына тегін қатысуға мүмкіндік беріліп отыр. Ережелерге сәйкес, тізімге 70-тен астам спорт түрі енді», – деді спикер.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астана қаласының 28 мектебінде қазақ күресі вариативті пән ретінде оқытылады. Бұл туралы Qazaq Kuresi Ассоциациясының атқарушы директоры Дамир Бекбосынов хабарлады.
Оның айтуынша, бұл бағытта кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Оны пән ретінде оқыту ең алғаш 2021 жылы Астана қаласындағы мектептерде апробациядан өткен еді. Оған қоса Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге 2020-2021 оқу жылына арналған қазақ күресін дамыту жөніндегі іс-шаралардың бірлескен жоспары әзірленіп, іске асырылған. Пилоттық жобаның тиімділігі айқындалып, жақсы нәтиже көрсеткендіктен бүгінде Астананың 28 мектебінде қазақ күресі оқытылады.
«Елімізде қазақ күресімен жүйелі түрде айналысатындардың саны 159 мыңға жетті, 4 427 қазақ күресі үйірмесі жұмыс істейді. Ұлттық спорт түрін дамыту бағытындағы кешенді жұмыстың нәтижесінде Мәдениет және спорт министрлігі бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға ниетті», – деді Qazaq Kuresi Ассоциациясының атқарушы директоры.
Сондай-ақ ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қазақ күресі әсіресе аудандарда, ауылдарда қарқынды дамып жатыр, өйткені бұл шығыны аз, көпшілік үшін қолжетімді спорт түрі болып саналады. Қала жастарын да ұлттық спорт түріне баулу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қазақ күресі тек спорттың бір түрі ғана емес, жастардың жігіттік болмысын қалыптастыратын тәрбие құралы екенін ескерсек, ұлттық спорт түрін мектеп бағдарламасына енгізудің маңызы жоғары.
МСМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ұлттық спорт түрін пән ретінде оқыту ең алғаш 2021 жылы Астана қаласындағы мектептерде апробациядан өткен.
Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге 2020-2021 оқу жылына арналған қазақ күресін дамыту жөніндегі іс-шаралардың бірлескен жоспары әзірленіп, жүзеге асырылды.
Пилоттық жоба тиімділігін көрсетіп, жақсы нәтиже берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!