Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтті.

Турнир Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Он жыл бойы үздіксіз өтіп, миллиондаған көрерменнің сүйікті жобасына айналған «Қазақстан Барысы» турнирі ұлттық құндылықтардың тоғысқан арнасына айналды.

Оныншы рет өткен бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысты, оның ішінде күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпаздары да бар. Қатысушы балуандардың 11-і жобада тұғыш рет бақ сынады. Балуандар Qazaq kuresi Ассоциациясы бекіткен ережеге сай күресті.

Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Е.Қажыбаев 155 келі болса, ең жеңіл салмақта Ерсұлтан Мұзаппаров 90 келі болды. Ақтық белдесуде Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының балуаны кездесіп, бабы мен бағы тең түскен Дәурен Нұралинов (ШҚО) – «Қазақстан Барысы» атанды. Ал күміс белбеуді Ғалымжан Қырықбай иеленсе, қола белбеуді маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов жеңіп алды.

Оныншы Барысқа 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқты» Qazaq kuresi ассоциациясының бірінші вице-президенті Самат Әбіш табыстады. Екінші орын иегері Жамбыл облысының балуанына 5 500 000 теңге және күміс белбеу берілді.  Үшінші орын алған Маңғыстау облысының балуаны Жарылғапов Нұрдәулет 1 800 000 теңге, сәйкесінше қола белбеумен марапатталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!