Фото: Olympic.kz
KAZINFORM – Қазақстандық дзюдошылар Астана қаласында өтіп жатқан Grand Slam турнирінде бүгін жүлдесіз қалды. Отандастарымыздың ешқайсысы финалдық кезеңге шыға алған жоқ.
Бүгін, 12 мамырда бес салмақта (үшеуі – ерлер, екеуі -әйелдер) дзюдошылар жүлделі орындарды сарапқа салып жатыр. Дегенмен олардың қатарында бірде-бір қазақстандық балуан жоқ.
Ел құрамасы сапындағы спортшылардың барлығы жарысты ерте аяқтады. Елордада өткен турнирде қазақстандық балуандар төрт медаль олжалады. Жарыс барысында Ғалия Тынбаева алтын алса, Елдос Сметов (60 келі), Бақытжан Абдурахманов (73 келі) және Абылайхан Жұбаназар (81 келі) қола жүлдегер атанды.
Жалпыкомандалық есепте екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үшінші орынға жайғасты.
Биыл Астана татамиінде Соне Акира, Рафаэль Сильва, Аарон Вольф, Идалис Ортис, Цэнд-Очир Цсогтбаатар, Ан Баул сынды Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері қатысып жатыр. Сондай-ақ олардың қатарында әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, Grand Slam және Grand Prix жарыстарының жеңімпаздары бар.
Елорда төріндегі жарыста әлемнің 84 елінен 500-ге жуық дзюдошы бақ сынады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!