KAZINFORM — Қазақстан бокс құрамасы Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Boxam Elite-2026 турнирі мәресіне жетті.
Бұл турнирдің финалында ел құрамасынан 11 боксшы алтын медальды сарапқа салды.
Халықаралық турнирде Санжар Ташкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Умида Садықова (80 келіден жоғары) чемпион атанса, Нұрзат Оңғаров (50 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Назерке Серік (65 келі) пен Панар Сейітханқызы (80 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанды.
Еліміздің ерлер құрамасы үшін халықаралық турнир — Нұржан Насановтың жетекшілігімен өтіп жатқан алғашқы жарыс. Ол жыл басында Қайрат Сәтжановты алмастырған еді.
Бас бапкер бұдан бұрын Boxam Elite халықаралық турнирінің маңызы жөнінде айтып берген болатын.
— Жылдың басы болғандықтан, боксшылар біраз уақыт шаршы алаңға шықпай қалды. Сондықтан бізге қазір жарыс тәжірибесі аса қажет, — деді Нұржан Насанов.
Алдағы уақытта ұлттық құрама тағы екі құраммен Болгариядағы Странджа турнирінде бақ сынайды.
Сондай-ақ қазақстандық былғары қолғап шеберлерін 28 наурыз-1 сәуір аралығында Моңғолияда World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы құрлықтық біріншілігі күтіп тұр.
Ал 19 қыркүйек-4 қазан аралығында олар Жапонияда өтетін Азиадаға қатысуды жоспарлап отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
