Фото: rast.kz
Қайрат Сәтжанов бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Қазіргі уақытта жаңа жаттықтырушылар құрамы жасақталуда, оның ішінде: шетелдік кеңесші жаттықтырушылар, дене шынықтыру бойынша жаттықтырушы, сондай-ақ ғылыми топ бар», – деп хабарлады бокс федерациясы.
Қайрат Сәтжанов 54 жаста. Ол бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 2021-2022 жылдары ол ұлттық құраманы жаттықтырса, 2024 жылдан бастап жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болды.
«Жеке бапкер ретінде Қайрат Сәтжанов бокстан жеті әлем және 43 Азия чемпионын дайындады», – деп атап өтті федерация.
Бұл ретте бас жаттықтырушының жеке шәкірттерінің болуына тыйым салынады деген талап енгізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Олимпиададағы сәтсіздіктен кейін бокстан Қазақстан құрамасының басшылығында өзгерістер болған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!