Жоау Педро де Оливейра, «Қайсар» футбол клубының ойыншысы:
14 мың шақырымды артқа тастап, тіршілігін түгендеу мақсатында Бразилиядан Қазақстанға қоныс аударған Жоау Педро де Оливейра бүгінде Қызылорданың тұрғыны. Кәсіпқой футболшы жыл басында «Қайсар» футбол клубының қатарына қосылып, аймақ намысын ел біріншілігінде қорғауда. Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай Жоаумен жүздесіп, әңгімелескен едік.
– Жоау, елімізге аяқ басқаныңа екі айдай уақыт болды. Сонау Оңтүстік Америкадан Қазақстанға келуіңнің себебі – футбол. Біздің ел сіз ойлағандай ма? Жалпы қызылордалық «Қайсарға» қалай келдің?
– Футболшы болғандықтан кәсіби мансабыңды кез келген елде жалғастыруың мүмкін. Қазақстан – менің мансабымдағы алғашқы шетел. Сондықтан мәңгі есімде қалады. Бұрын-соңды Бразилияның аумағынан шыққан емеспін. Футболда агент деген қызмет бар. Қарапайым тілмен түсіндірсек, футбол менеджері. Менеджерім қыс мезгілінде жағымды жаңалықты жеткізді. «Қайсардың» бапкерлер қосыны instat-ғы (футболшылардың деңгейін анықтайтын портал) көрсеткішімді байқап, қызығушылық танытқан екен. Жаңалықты естіп, отбасыммен ақылдастым. Ғаламтордың көмегі көп тиді. Бірінші рет үйден ұзайтын болғандықтан қанша дегенмен үрей болды. Іздедім, зерттедім. Ғаламтордан Қазақстан жайлы жағымды пікірлерді оқып, көңілім жылып қалды. Наурыз айында «Қайсардың» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына қосылып, келісім шартқа қол қойдым. Содан бері қызылордалықпын (күліп).
– Команда көңіліңізден шықты ма? Футболшылардың арасында кімдермен тіл табысып жүрсіз?
– Әрине, көңілден шықты. Жақсы ұжым жиналған. Футболшылардың басым бөлігі ағылшын тілін түсінетіні қуантты. Ұйымшыл ұжымға тап болғаныма қуанамын. Әр ұжымда өзіңе жақын тұтатын әріптестерің болады ғой (күліп). Мысалы, Демият Сламбеков пен Мамаду Диалло жақын достарыма айналып кетті. Демият Бразилияда үш жыл Оле Бразил академиясында болып, португал тілін жақсы меңгерген. Демиятпен сөйлесіп, туған жерге деген сағынышым басылады. Ал Мамаду екеуміз бірге тұрамыз. Күнделікті уақытты бірге өткіземіз.
– 99 нөмірлі жейдені таңдапсыз. Санның сыры бар ма?
– Негізі өзіме 4 саны ұнайды. Бірақ бұл нөмір «Қайсардың» тарихына енгендіктен берілмейді екен. Сондықтан амалсыз 99 таңдауға тура келді. Ешқандай сыры жоқ. 99 менің туған жылымды білдіреді.
– Қазақ асханасына үйрендіңіз бе? Қандай ұлттық тағамдардың дәмін таттыңыз? Бразилия асханасынан айырмашылығы көп пе?
– Қазақ асханасымен жақын таныстым. Командадағы әріптесім Нұрымжан Салайдын барлық футболшылардың басын біріктіріп, ауызашар берді. Сол кезде қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тиюге мүмкіндік болды. Бразилия асханасы негізінен еттен, құс етінен, күріш пен ерекше дәмі бар бұршақ тұқымдастардан тұратындықтан бұл жақтағы тағамдармен ұқсастық көп. Бір байқағаным, мұнда етті көп жейді екен.
– Екі елдің ерекшелігіне тоқталайықшы…
– Бразилия – халық саны бойынша алтыншы, территориясының ауқымдылығы бойынша бесінші ел. Туризмі дамыған десек болады. Шетелдіктерді көп кездестіруге болады. Солардың ішінде көшіп келетіндері, тұрақтап қалатындары да бар. Сондай-ақ бізде футбол бірінші спорт түрі. Тіпті сәби дүниеге келген кезде доп ұстататын ырым бар. Халықтың тең жартысынан көбі футболмен шұғылданады. Ал естуімше, Қазақстанда бокс жақсы дамыған. Жер көлемі үлкен болса да халқы аз екен. Бірақ қонақжайлығы кез келген шетелдікті таңғалдырмай қоймайды. Қазақстанды толық аралағаннан кейін алып-қосарым көбейеді деп ойлаймын.
– Бразилияда футболдың дамығанын білеміз. Аладобы аспандаған мемлекеттің өкілі ретінде қазақ футболына қандай баға бересіз?
– «Қайсармен» ресми 4 ойын өткіздім. Оның екеуі – Қазақстан кубогы аясында өтсе, екеуі – Қазақстан чемпионаты. Деңгей жаман емес. Алаңда жылдам футболшыларды көп кезіктірдім. Жақсы толқын өсіп келеді. Қарым-қабілетін арттыру үшін еуропалық клубтарға ауысу керек. «Қайсардың» өзінде де болашағы зор жергілікті футболшылар бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!