фото: freepik
Спортшылар жазғы олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінде жалпы 138 медаль иеленді. Оның ішінде 51 алтын, 39 күміс және 48 қола бар. 2026 жылдың алғашқы үш айы отандық спорт үшін нәтижелі кезең болды. Қазақстан спортшылары халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына 200 медаль салды, деп хабарлайды BAQ.KZтілшісі.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, І тоқсан қорытындысы бойынша спортшылар жазғы олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінде жалпы 138 медаль иеленді. Оның ішінде 51 алтын, 39 күміс және 48 қола бар.
Ұлттық және пара спорттағы жетістіктер
Ұлттық спорт түрлері бойынша да көрсеткіш көңіл қуантады. Бұл бағытта қазақстандықтар 22 медаль жеңіп алды. Оның 9-ы – алтын, 6 күміс, 7 қола медаль.
Пара спортшылар да жоғары нәтижелер көрсетті. Олар үш ай ішінде 34 медаль иеленді. Нақтырақ,15 алтын,10 күміс және 9 қола.
Соның ішінде паралимпиадалық спорт түрлерінен 24 медаль (7 алтын, 8 күміс, 9 қола), ал паралимпиадалық емес бағыттарда 10 медаль (8 алтын, 2 күміс) еншіленді.
Қысқы спорттағы серпін
Қысқы спорт түрлерінде де оң динамика байқалады. Қазақстандық спортшылар 4 алтын,2 күміс медаль жеңіп алды.
Спортшылардың жеке жеңістері де көп
Министрлік алғашқы тоқсанда бірқатар жарқын жеңістер тіркелгенін айтадыү
Мысалы Филиппиннің Тагайтай қаласында өткен Азия чемпионатында велотректен жасөспірім қыздар құрамасы командалық із кесу жарысында тарихи алтын медаль жеңіп алса, Швейцарияның Айроло қаласында өткен фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Асан Асылхан финалда 103,35 ұпай жинап, чемпион атанды. Ал Дінмұхаммед Райымқұлов 92,82 ұпаймен күміс жүлде иеленген.
Ал Әзербайжанның Баку қаласында өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогі кезеңінде Милад Карими екі күміс медаль жеңіп алса, конькиші Кристина Шумекова жасөспірімдер арасында әлемнің абсолютті чемпионы атанып, бірден бес алтын медаль жеңіп алды. Бұл – отандық спорт тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі, – дейді министрлік.
Министрлік мәліметінше, жоғары жетістіктер спортын дамыту және ұлттық құрамаларды алдағы халықаралық жарыстарға дайындау бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасын табады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!