Бүкіләлем тағатсыздана күткен төртжылдықтың басты додасының басталуына небәрі санаулы күндер қалды. Тура сегіз күннен кейін 23 шілде күні Жапония астанасы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары басталады. Қазақстан құрамасы бүгінде барлық спорт түрлерінен Олимпиадаға дайындықтың соңғы кезеңін өткізіп жатыр. Оқырмандарға ел құрамасының қызықты он дерегін ұсынамыз.
95 ЖОЛДАМА ЖЕҢІП АЛДЫ
Қазақстан Олимпиадалық құрамасы Токио төрінде 27 спорт түрінен бақ сынайды. Жапония жерінде 95 отандық атлет ел намысын қорғайды. Құрама сапында 63 ер және 32 әйел спортшы бар.

ОЛИМПИАДАНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУЫНДА ҚОС АТЛЕТ ТУ ҰСТАЙДЫ
Қазақстандық атақты спортшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы, жазғы Олимпиаданың жүлделер жиынтығының толық иегері Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан Олимпиада құрамасының Ту ұстаушылары ретінде таңдалды.

“СПОРТ-ШИК”
ФОРМАТЫНДАҒЫ ФОРМА
Спортшылар Олимпиада ойындарына қазақстандық және шетелдік мамандар арнайы дайындаған киіммен аттанады. «Salta» брендімен танымал Салтанат Баймұхамедова олимпиадалық киімнің салтанатты формасының дизайнері болды. Қазақстандық спортшыларға арналған спорттық форманы испандық Joma компаниясы жасады.
Олимпиада формасын дайындауда 35 спортшыдан тұратын комиссия форманы таңдау құқығын алған және олар өздері Токиода оларға киюге не ыңғайлы болатынын анықтады.

ҚҰРАМАНЫҢ КЕНЖЕСІ КІМ?
Қазақстан құрамасы сапындағы ең жас спортшы – 19 жаста. Ол көркем гимнастикадан өнер көрсететін Алина Әділханова.

ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ
ЖЕТІ ЖОЛДАМА ҰТҚАН
Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының мақтанышы Милад Карими бірден Олимпиаданың жеті жолдамасына қол жеткізді. Ол Токио Олимпиадасында көпсайыс, еркін жаттығу, қол тіреп секіру, қоссырық, шығыршық, керме және гимнастикалық ат снаряды бойынша жарысқа қатысады.
АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО ҚҰРАМАҒА КЕРЕМЕТ МҮМКІНДІК СЫЙЛАДЫ
Афинадағы Олимпиада ойындарынан кейін (2004) алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді. Тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақстан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған дисциплина бойынша Олимпиада ойындарына қатыспаған.

САДАҚШЫЛАРДЫҢ
ТАРИХИ ЖАҒДАЙЫ
Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиада ойындарында командалық жарысқа қатысады. 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алғандар қатарында садақ атудан Қазақстан командасы бар. Санжар Мұсаев, Денис Ганькин және Ильфат Абдуллин Хертогенбоста (Нидерланд) өткен әлем чемпионатында алтыншы орын иеленіп, Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған болатын. Сондай-ақ спортшылар жекелей сында өнер көрсетеді.

СЕГІЗ ЖЫЛ ҮЗІЛІСТЕН КЕЙІН
Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама. Олар Олимпиада ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ТОКИОҒА АТТАНАДЫ
Қазақстандық делегацияның басым бөлігі екі апталық карантиннен кейін Қазақстаннан Токиоға аттанады. Команда Жапонияға 16 шілдеде «Air Astana» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған чартерлік рейспен ұшады.

АШЫЛУ САЛТАНАТЫ
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілде күні Токио Олимпиада стадионында өтеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!